Шымкенттің жаңа әкімі жұмысын шалғайдағы елдімекендерден бастады

0
1 272

Жаңа әкімнің басты мақсаты – шалғайда орналасқан елдімекендердің тұрғындарына қолайлы жағдай жасау.


Шымкенттің жаңа әкімі жұмысын шалғайдағы елдімекендерден бастады

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов алғашқы жұмыс сапарын қаланың шет жағында орналасқан шағынаудандардың тұрғындарымен кездесуден бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала әкімі алдымен Қаратау ауданының Исфиджаб тұрғын алабына келіп, ауызсу және электр қуатымен қамту мәселесін тұрғындармен бірге талқылады және мәселелерді жүйелі түрде шешу бойынша тиісті сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді.

Одан кейін, Сайрам тұрғын алабындағы инфрақұрылым жүйесімен танысып, жергілікті халықпен бірге екі сағаттан астам уақыт бойы өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтсақ, ол жердегі тұрғындарды толғандырып отырған басты мәселе ауыз су мен сапалы электр энергиясы болып отыр екен. Кездесу барысында қала әкімі негізгі жұмыс халықтың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталатынын айтып:

«Өздеріңізге мәлім, Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айрықша назар аударып отыр. Халықтың тұрмысын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді. Менің басты мақсатым - шалғайда орналасқан елдімекендердің тұрғындарына қолайлы жағдай жасау», – деді.

Сондай-ақ, Шымкентті мегаполис мәртебесіне лайықты ету үшін шалғайдағы шағын аудандардың инфрақұрылымын дамытуды бірінші орынға қойып отырған қала әкімі күрмеуі шешілмеген әр мәселе күн тәртібінен түспейтінін айтып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, Ерлан Айтаханов алдағы уақытта халықпен кездесу үшін барлық елдімекендерге жиі барып тұратынын жеткізді.