Аталған шараның мақсаты - ұмыт бола бастаған көне дәстүрлерді жаңғырту, жүннен жасалатын бұйым түрлерін, киіз басу өнерін кеңінен насихаттау.
Шымкент қаласының Әдет-ғұрып және салт дәстүр орталығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ұлттық құндылығымызды ұлықтап, көне қолөнерді жаңғыртуда «Сырмақ шерткен сыр» атты шеберлік сағатын өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған шараның мақсаты - ұмыт бола бастаған көне дәстүрлерді жаңғырту, жүннен жасалатын бұйым түрлерін, киіз басу өнерін кеңінен насихаттау.
Шеберлік сағаттың бірінші күнінде әжелеріміз жүн сабау, жүн бояу, шүйкелеудің әдіс-тәсілдерін көрсетті. Екінші күнінде әжелер киізге түр салу, оюлар үндестігі, түстің үйлесімділігі, пісіру, шиге орап, білектеу процестерін жасады. Арнайы басылған киізге ою-өрнекті сырып тігу, қайып сыру, тепшіп сыру, қабып сыру әдістері көрсетіледі. Орталық директорының міндетін атқарушы Райхан Сапарқызы игі шараның маңыздылығына тоқталып, үлес қосқан өнерпаздар, мәдениет мекемелері, әжелерге алғысын білдірді.
Қазіргі заман ағымына қарай тұрмыс тіршіліктің өзгеруіне байланысты киіз басу өнері ұмытылып барады. Ұлт құндылыққа басымдық беріп, оның әлемдік аренада беделін көтеріп, зор сұранысқа ие қылып, елімізді өз қолөнерімізбен өзгелерге мақтана алатындай дәрежеге жеткізуіміз қажет. Ата-бабамыздан қалған киіз үй жабдықтарының ішінде ұлттық кодтан хабар беретін, дүниетанымын танытатын киіз басу, оның қазақ тұрмысында алатын орны туралы шараға келген қыз-келіншектер мен жастар терең мағлұмат алды. Қазақ тұрмысынан хабар беретін осындай игі іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жүзеге асып отырады.