ERNUR.KZ. Шымкентте санитарлық шаралар Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы аясында "Тазару" күніне орай ұйымдастырылды.
Қала тазалығына жауапты коммуналдық мекемелер аудандарда күшейтілген тәртіпте жұмыс жүргізуде. Жалпы, осы бағыттағы жұмыстарға 3 мыңға жуық қызметкер қатысып, 100-ге жуық техника тартылды.
Тазалық жұмыстары Қаратау ауданында тіпті, түн мезгілінде басталды. Мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылған аумақтар қоқыстан тазартылып, жұмыстар Бәйдібек би, Тауке хан даңғылдарында, Түркістан, Арғынбеков, Сайрам көшелерінде жалғасты.
Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында, аялдамаларда, ирригациялық жүйелерде тазалық шаралары атқарылып, қураған жасыл желектер ретке келтірілді.