Мерекелік көңіл күй сипат алған жиында тұрғын үйлердегі жеделсатыларды жаңғырту және күтіп ұстау, сондай-ақ электр энергетикасы мәселелері көтерілді.
ERNUR.KZ. Шымкентте өткен аппараттық мәжіліске қатысушылар 18 наурыз – Ұлттық киім кию күніне орай, ұлттық нақышта киініп келді.
Кезекті мәжілісте қалалық Орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының м.у.а. Мәлік Әбдінұров лифт мәселелері бойынша баяндама оқыды.
– Бүгінде қалада 794 лифт бар. Оның 645-і тұрғын үйде, 55-і денсаулық сақтау мекемелерінде, 37-сі білім басқармасы ұйымдарында, ал 57-сі қоғамдық орындарда орналасқан. Биыл модернизация бағдарламасымен 23 жеделсатыны ауыстыру көзделген. Одан бөлек, 4 лифт ауыстыруды қажет етеді, – деді М. Әбдінұров.
Мәлік Құттымбетұлының айтуынша, лифт үйдің ортақ мүлкіне жатады. Сондықтан тұрғындар ортақ мүлікті күтіп ұстау, күрделі жөндеу және қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
Қазіргі таңда қалада 81 елдімекен толық сапалы электр қуатымен қамтылған. Ендігі кезекте 12 шағынаудан мен тұрғын алаптың жаңақұрылыс аумақтарын сапалы жарықпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Шымкент қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловтың сөзінше, 2024 жылы 14 электр нысанының құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін 8-ін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жиын барысында қала әкімі баяндама оқыған басқарма басшыларына жоспарланған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына қала тазалығын жаяу жүріп қадағалауды міндеттеді.