Бұл туралы Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының мамандары БАҚ өкілдеріне өткізген баспасөз туры барысында мәлімдеді.
Шымкентте цифрландыру қызметтері бойынша пресс-тур өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ақпараттық топ алдымен «І-көмек 109» орталығында болды. Орталық жетекшісі Азат Әміртайдың баяндауынша, «І-көмек 109» қызметі қала әкімі Мұрат Әйтеновтың бастамасымен 2020 жылдың 26 маусымында ашылған. Бір жылдан астам уақыт ішінде қала тұрғындарынан 230 мыңнан аса арыз-шағым түскен. Соның ішінде 228 мың арыз оң шешіліп, көрсеткіш 98 пайызды құрап отыр. Орталық өкілдерінің айтуынша, қала тұрғындарын мазалайтын сұрақтардың ішінде қоғамдық көлік, жарық пен су, қоқыс тазалау секілді коммуналды мәселелер бар.
Бұдан кейін «I-Shymkent» жобасының жұмысы таныстырылды. Шымкент қалалық цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Туғанбайдың айтуынша, бұл орталық екі форматта жұмыс істейді.
– Өздеріңізге мәлім, қазіргі таңда бүкіл қызметтер электронды форматқа көшуде. Осыған байланысты қала әкімінің тапсырмасына сәйкес «I-Shymkent» жобасы жүзеге асырылып отыр. Мұнда бір терезе арқылы бірнеше қызметті атқаруға мүмкіндік бар. «I-Shymkent» орталығы келесі жылдан бастап екі форматта жұмыс істейді. Бірінші формат – онлайн, яғни, портал арқылы. Азаматтар I-shymkent.kz сайты арқылы коммуналды қызметтерге және интернетке өтініш қалдыра алады. Екінші формат – оффлайн. Ерімбетов көшесі, 52/3 ғимаратта ашылған фронт-офиске келіп, өтінішті қалдыруға болады, – дейді Мақсат Туғанбай.
Бұдан кейін БАҚ өкілдеріне қалалық ішкі істер департаментінің шұғыл басқару орталығы мен Сәуле шағынауданы тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Бұл жұмыстар цифрландыру басқармасының тікелей бақылауымен жүзеге асырылуда.