13 жасар Айару Алтынбек шахматтан оқушылар арасында әлем чемпионы атанды

0
660

Ең жоғары рейтингілік ұпайы (1868) бар шахматшы соңғы турды да сәтті аяқтап, 9 партиядан 8,5 ұпай жинады.


13 жасар Айару Алтынбек шахматтан оқушылар арасында әлем чемпионы атанды

ERNUR.KZ. Перу астанасы Лима қаласында классикалық шахматтан оқушылар арасында әлем чемпионатында астаналық Айару Алтынбек алтын медальді жеңіп алды, деп жазады inform.kz.

Елордадағы № 9 «Зерде» мамандандырылған мектебінің оқушысы А.Алтынбек 13 жасқа дейінгілер арасында жарыстың аяқталуына бір тур қалғанда, мерзімінен бұрын жеңімпаз атанды.

Ең жоғары рейтингілік ұпайы (1868) бар шахматшы соңғы турды да сәтті аяқтап, 9 партиядан 8,5 ұпай жинады.

Сөйтіп күміс жүлдегерден 1,5 ұпайға ұзап кетті.

Айару қазіргі кезде гроссмейстер Антон Филипповпен бірге жаттығады.

Қостанай қаласы № 3 мектеп-гимназиясының оқушысы Иман Нәбиев (1636, рейтинг бойынша № 8) 9 жасқа дейінгілер арасында қола жүлдеге ие болды.

Дәулет Жақановтың шәкірті ақпан айынан бері белоруссиялық гроссмейстер Сергей Азаровтың қоластында жаттығады.

Күміс жүлдегермен бірдей 7,5 ұпай жинаған Иман оған қосымша көрсеткіштер бойынша ғана жол берді.

Қалған екі қазақстандық шахматшы медаль үшін бәсекеге түсе алған жоқ.

Алматылық Аделя Оспанова (1745) 17 жасқа дейінгілер арасында 5,5 ұпаймен 13-орынды қанағат тұтты.

Ал екі жыл бұрын Панамада 7 жасқа дейінгілер арасында қола медаль алған астаналық, 9 жасар Тайлан Хати (1420) бұл жолы 17-сатыда қалып қойды.

Ол жарысты жақсы бастады: 2-турда қара тастармен ойнаған Тайлан рейтинг көшбасшысы (1855) канадалық Эллиот Маккаллумды ұтты.

Әлемдік жарысқа Перу, Қазақстан, Эквадор, Боливия, Мексика, Колумбия және Моңғолияны қосқанда, 26 елден 1174 жас шахматшыдан өтініш түскен.