13 наурыз, сенбі күні спортшы ауруханаға жеткізілген. Тыныс алуы қиындап, кеуде тұсы ауырған. Төрт сағаттан соң көз жұмды.
ERNUR.KZ. Аты аңызға айналған кәсіпқой боксшы Марвин Хаглер 66 жасында көз жұмды. Қайғылы хабарды спортшының жары жеткізді, деп жазады sputnik.kz.
"Бүгін сүйікті жарым Марвелус Марвин күтпеген жерден Нью-Гэмпширдегі үйде қайтыс болды. Отбасымыз қиын жағдайда біздің жеке өмірімізге құрметпен қарауды сұрайды", - деді ол.
Хаглердің ұлдарының бірі ТMZ басылымына, әкесі 13 наурыз, сенбі күні Нью-Гэмпширдегі ауруханаға жеткізілгенін айтты. Тыныс алуы қиындап, кеуде тұсы ауырған.
Шамамен төрт сағаттан кейін қайтыс болды, себебі айтылған жоқ.
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин көңіл айтты.
"Орта салмақтағы ұлы чемпион, Аңызға айналған адам жатқан жерің жайлы болсын", - деп жазды Головкин Twitter-де.
Хаглер бокс тарихында орта салмақтағы үздік боксшылардың бірі. Ол орта салмақтағы WBC әлем чемпионы (1980-1987), орта салмақтағы WBA әлем чемпионы (1980-1987), орта салмақтағы IBF әлем чемпионы(1983-1987). 1983 және 1985 жылдары The Ring журналы нұсқасы бойынша "Жыл спортшысы" атанды.
Карлос Монсон және Геннадий Головкинмен бірге жоғары эшелондағы жеңіліссіз әлемдік рейтинг рекордсмені. Кәсіби рингте 67 жекпе-жек өткізген. 62 рет жеңіске жетті (52 нокаут), үш рет жеңілді, екі рет есеп тең болды.