Футболдан UEFA Ұлттар лигасында Қазақстан Словакияны жеңді

0
356

Енді Қазақстан құрамасы келесі ойынын 10 маусымда сырт алаңда Беларусьқа қарсы өткізсе, одан кейін 13 маусымда өз алаңында Словакияны қабылдайды.


Футболдан UEFA Ұлттар лигасында Қазақстан Словакияны жеңді

ERNUR.KZ. Футболдан UEFA Ұлттар лигасының екінші турында Қазақстан кезекті ойынын сырт алаңда Словакияға қарсы өткізді, деп жазады ҚазАқпарат.

Кездесу алдында жанкүйерлер словакиялық футболшылар ойын тізгінін өз қолына ұстайды деп болжаған еді. Десе де, алғашқы минуттан қазақстандықтар қарсыласына лайықты төтеп бере білді. Бірінші кезеңде олардың гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болған еді. Осындай сәттердің бірінде 26-минутта Аслан Дарабаев Қазақстан құрамасын алға шығарды. Осылайша қазақстандықтар бірінші кезеңде қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.

Екінші кезеңде словакиялық футболшылар алға қарай ұмтылды. Алайда көздеген нысанадан мүлт кетіп жатты. Екі құраманың да есепті өзгертетін мүмкіндіктері болған еді. Соған қарамастан таблодағы есеп өзгерген жоқ.

Нәтижесінде Қазақстан құрамасы қарсыласын 1:0 есебімен жеңді.

Қазақстан Словакиямен келесі құрамда ойнады: Игорь Шацкий, Тимур Досмағамбетов, Нұралы Әліп, Сергей Малый, Александр Марочкин, Михаил Габышев, Исламбек Қуат, Аслан Дарабаев, Эльхан Астанов, Рамазан Оразов, Абат Айымбетов.

Айта кетейік, аталған топтағы Беларусь және Әзербайжан құрамалары 0:0 есебіне қанағат білдірді.

С лигасы үшінші тобында қазақстандық футболшылар 6 ұпаймен көш басында тұр. Одан кейінгі орындағы Словакияның 3 ұпайы болса, Беларусь пен Әзербайжанның бір-бірден ұпайы бар.

Енді Қазақстан құрамасы келесі ойынын 10 маусымда сырт алаңда Беларусьқа қарсы өткізсе, одан кейін 13 маусымда өз алаңында Словакияны қабылдайды.

Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық футболшылар Әзербайжаннан басым түсті.