Футболдан жолдастық кездесуде Қазақстан құрамасы Өзбекстаннан жеңіліп қалды

0
449

Екі құрама бұған дейін алты мәрте кездескен.


Футболдан жолдастық кездесуде Қазақстан құрамасы Өзбекстаннан жеңіліп қалды

ERNUR.KZ. Футболдан Қазақстан мен Өзбекстан құрамаларының жолдастық кездесуі аяқталды, деп жазады ҚазАқпарат.

Қос мемлекеттің құрамалары арасындағы ойын бұрыннан тартысты өтіп келеді. Десе де қазір бірі Еуропа, бірі Азия құрлығында доп тебеді. Сондықтан екі құраманың кездесуі ұзақ жылдан бері өткізілмей келді.

Айта кетсек, екі құрама бұған дейін алты мәрте кездесті. Оның біреуінде қазақстандық футболшылар жеңсе, екеуінде өзбекстандық құрама басым түсті. Үш ойын тең нәтижемен аяқталды.

Сондықтан бүгінгі кездесу тартысты өтетіні анық еді.

Көрші елдің астанасы - Ташкент қаласындағы «Пахтакор» стадионында өткізілген ойын барысында қос құраманың белсенділігі байқалды. Алаң иелері де ұрымтал сәттерді ұйымдастыруға күш салды.

Бірінші кезеңнің 12-минутында өзбекстандық Хокимат Эркинов есеп ашса, 45-минутта Эльдор Шомуродов басымдықты арттырды.

Екінші кезеңде қазақстандық құрамадан Аслан Дарабаевты Бактиёр Зайнутдинов алмастырды. Бұдан кейін қос құраманың да гол соғатын мүмкіндігі болды. Ойынның 61-минутында қазақстандық Эльхан Астанов тепкен допты өзбек қақпашысы Өткір Эсупов қайтарып үлгерді.

Ойынның 68-минутында Бауыржан Исламхан екі жылдық үзілістен кейін жасыл алаңға қайта оралды. Ол 2020 жылдың қыркүйек айында допинг қолданды деген желеумен футболдан екі жылға шеттетілген еді. Жақында ол жаза мерзімін толық аяқтады.

Содан кейін ұлттық құрамаға шақырту алды.

Екінші кезеңде құрамалар алға қарай ұмтылды. Дегенмен таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Осылайша Қазақстан қарсыласына 0:2 есебімен жол берді.

Енді Қазақстан құрамасы 19 қарашада сырт алаңда Біріккен Араб әмірлігі құрамасымен кездеседі.