Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы шәкірті допинг қолданғаны үшін 3 бапкерді қызметінен шеттетті

0
992

Бұл ең алдымен республикалық, сондай-ақ халықаралық деңгейде спорттық нәтижелердің әділдігін қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылады.


Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы шәкірті допинг қолданғаны үшін 3 бапкерді қызметінен шеттетті

ERNUR.KZ. ҚР Ауыр атлетитка федерациясының атқарушы директоры Алдияр Нұралинов тәртіптік комиссияның бапкерлер Айбол Көлбаевты, Талғат Әбенді және Славик Нюді қызметінен шеттетуіне қатысты пікір білдірді. Аталған бапкерлер дайындаған атлеттер допинг дауына іліккен болатын, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұған дейін Ауыр атлетика федерациясы Алматы облысының Талғар қаласындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығының базасында республикаішілік деңгейде допингке қарсы ережені бұзу бойынша тәртіптік комииссияның отырысын өткізген болатын.

Комиссия шешімімен Алматы қаласындағы Республикалық спорт және олимпиадалық резерв дайындау орталығы колледжінің ауыр атлетикадан бапкері Айбол Көлбаевты, №17 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерві мектебінің және Алматы қаласындағы мамандандырылған жоғары спорттық шеберлік мектебінің бапкері Талғат Әбенді 4 жылға қызметінен шеттету туралы шешім қабылдады. Бұл бапкерлер Қазақ ұлттық антидопинг орталығының шешімімен 2 жылға спорттан шеттетілген атлеттер Аружан Көлбайды (Алматы қ.), Гүлдана Жүністі (Алматы), Асылжан Бектайды (Қызылорда облысы), Әлішер Сейітқазыны (Алматы) және Ерасыл Кеңесбаевты (Алматы) дайындаған.

Шымкент қаласындағы №20 спорт мектебінің бапкері Славик Ню атлет Макси Нюды спортқа баулығаны үшін қызметінен шеттеліп отыр. Себебі шәкірті допинг қолданғандықтан 4 жылға спорттан шеттетілген еді. Жоғарыда аты аталғандар тәртіптік жаза қолданылатын мерзім ішінде бапкерлікпен айналыса алмайды.

«Тәртіптік комиссияның міндеті – атлетті дайындауды жүзеге асыратын бапкерлер мен қолдау көрсету қызметкерлерінің әрекетіне әрбір жеке жағдай бойынша баға беру. Федерация допингке нөлдік төзімділік ұстанымын басшылыққа ала отырып, антидопингтік ережені бұзудың барлық оқиғалары бойынша мән-жайды анықтайтын болады. Бұл ең алдымен республикалық, сондай-ақ халықаралық деңгейде спорттық нәтижелердің әділдігін қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылады», - деді Алдияр Нұралинов.