"Ордабасы" ФК жаңа маусымды жеңіспен бастады

0
1 280

ERNUR.KZ. 11 наурыз күні футболдан Қазақстан премьер лигасының жаңа 2018 жылғы маусымы басталды. Шымкенттің "Ордабасы" командасы өз алаңында Қарағандының "Шахтер" ұжымын қабылдады.


ERNUR.KZ. 11 наурыз күні футболдан Қазақстан премьер лигасының жаңа 2018 жылғы маусымы басталды. Шымкенттің "Ордабасы" командасы өз алаңында Қарағандының "Шахтер" ұжымын қабылдады.

Матч алаң қожайындарының шабуылымен басталды. 22 - минутта оң қапталдан басталған шабуылды Еркебұлан Тұңғышбаев сәтті аяқтап есепті ашты. Еркебұланның басымен бағыттаған соққысын қарағандылық қақпашы Игорь Шацкий қайтара алмады.

Стадионға жиналған жанкүйерлер аргентиналық Факундо Бертольоның ойынын көруге асыққан болатын. Себебі, Факундо карерьасын Киевтің "Динамо" және Францияның "Эвиан"сияқты командаларында жалғастырған.

Факундо Бертольо ата аңызға айналған Диего Армандо Марадонаның көзіне түсіп, Аргентина құрама командасына шақырту алған болатын. Бірақ, Қазақстан премьер лигасының алғашқы турында аргентиналық футболшы алаңға шықпады.


Екінші таймды қонақтар қарқынды бастап,51 - минутта таразы басын теңестірді. Дамир Кояшевич айып добын тамаша орындап, "Ордабасы" қақпашысын қапы қалдырды - 1:1.


Бірақ, шымкенттіктер де жанкүйерлерінің алдында аянып қалмады. Әр бір шабуылын сәтті пайдалану әрекетінде болды. 59 - минутта бас бапкер Георги Дерменжиев алаңға өзбекстандық Иван Нагаевты шығарды.


Бұл араға 5 минут салып жемісін берді. Өзбекстандық шабуылшы мүмкіндікті мүлт жібермей, "Шахтер" қақпасын анық нысанаға алды - 2:1.


Өкінішке орай гол соққан кезде Иван жарақат алып, көп уақыт өтпей орнын әріптесіне босатып берді. Қалған уақытта қақпаларға басқа гол соғылмай "Ордабасы" - 2:1 есебімен жеңіске жетті.


Матчтан соң өткен баспасөз маслихатында қос команданың бас бапкерлері жанкүйерлерді жаңа футбол маусымымен құтықтап, ойынның қиын болғанын білдірді. "Ордабасы" 2 - турда 17 наурыз күні "Қажымұқан" стадионында "Қызыл - Жар" командасына қарсы алаңға шығады.

1 - турдың өзге нәтижелерімен таныстырамыз:

"Қайрат" - "Қызыл Жар" - 2:1,

"Қайсар" - "Ақтөбе" - 0:1,

"Жетісу" - "Тобыл" - 0:1,

"Астана" - "Ақжайық" - 3:0,

"Ертіс" - "Атырау" - 2:1.