Самбодан Қазақстанның 10 дүркін чемпионы үйсіз жүр

0
2 432

Спорттың самбо күресінен Ұлттық құрама мүшесі Айжан Жылқыбаевның баспанасы жоқ. Сондықтан отбасымен бірге пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Өз үйінің болмауы жеке өмірінде қиындықтар туғызып жүргені сөзсіз. Соған қарамастан күні бүгінге дейін спортта жеткен жетістігі толағай. Ол тіпті Токиода өтетін олимпиада ойындарына қатысуды жоспарлап отыр.


Самбодан Қазақстанның 10 дүркін чемпионы үйсіз жүр

Самбодан 48 келіде ел намысын қорғап жүрген Айжан Жылқыбаева баспанасыз жүр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Саналы ғұмырының 15 жылын спортқа арнаған Айжанның самбо күресінде жеткен жетістіктері көп. Күні бүгінге дейін Қазақстанның 10 дүркін чемпионы атанса, Азияны 5 рет мойындатып үлгерген. Қазірде әлемдік рейтингте 48 келі салмақ бойынша үздік үштіктің қатарында. Әлемнің 3 рет күміс жүлдегері атануы да спортшының табандылығы мен төккен терінің нәтижесі. Самбошы қыз 2017 жылы Түркіменстанның астанасы Ашхабад қаласында жабық кешенде өткен V жазғы Азия ойындарында алтыннан алқа тақса, 2018 жылы Индонезияның астанасы Джакарта қаласында өткізілген XVIII жазғы Азия ойындары кезінде ел қоржынын қола медальмен толықтырды. Осының бәрі жеке бапкері, Халықаралық дәрежедегі жатықтырушы Әбдісадық Халилаевтың арқасы деп біледі.

Айжан Аманжолқызы отбасында ерке қарындас, сүйікті әпке. Ол тұрмысқа шығуға да асықпайтын көрінеді. Себебі, алдымен тұрмыстық тіршілігін түзетіп, ата-анасына жәрдем бергісі келеді.

«1995 жылдың 24 қаңтарында дүние есігін ашқанмын. Жанұяда бес жанбыз. Әкем Аманжол, анам Жанар, үлкен ағам Ерлан және кіші сіңілім Жасмин. Жалдамалы пәтерде тұрғанымызбен, жеке жер телімімізде жаңа үйдің құрылысын жүргізудеміз. Бұйыртса, бірнеше жылда баспанамызда қоныс тойын тойлап қалармыз» дейді ол.

Рухани астанамыздағы №1 жалпы орта мектепті бітірген спортшы қыз, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің спорт факультетіде жоғарғы білім алды. Қазір «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде» самбо күресіне балаларды баулып жүр. Өйткені ол күнінде ұлағатты ұстаз боламын деген армандаған.

Бүгінде Айжанның шәкірттері облыстық турнирлер топ жарып жүр. Мәселен, 29 келі салмақ дәрежесінде Арман Асылханов 3-орын, Дархан Орынбай 23 келі салмақта 3-орынды иеленсе, ал Нұрбақ Тастанбек осы салмақта чемпион атанды. Әпкесі Мөлдір Бейсембаеваның ықпалымен спорт әлемінің әліпбесімен танысқан самбошы қыз бүгінгі таңда сіңлісі Жасминді де спортқа баулуда.

Айтпақшы, Халықаралық олимпиада комитеті биылғы жылдан бастап спорттың самбо сайысын Олимпиада ойындарына қосады деген болжам бар. Мұны естіген жерлесіміз 2020 жылы Жапонияның астанасы Токиода өтетін Олимпиадаға қазірден қызу дайындығын бастап кетті.