Теннис: Юлия Путинцева әлемнің 25-ракеткасын жеңді

0
709

Қазақстаннан әйелдер арасында жекелей сында үш теннисшіміз де үшінші айналымға өтті.


Теннис: Юлия Путинцева әлемнің 25-ракеткасын жеңді

ERNUR.KZ. Қазақстандық Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты, деп жазады ҚазАқпарат.

Дүниежүзілік рейтингте 38-орында тұрған Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 25-інші, осы «Үлкен дулыға» турнирінің 26-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинзбен кездесті.

Биыл америкалық спортшы Ю.Путинцеваны Аустралиядағы Брисбен жарысында 6:1, 6:0 есебімен ойсырата ұтып, қапы қалдырған еді. Сондықтан Юлияның есе қайтаруға тырысатыны анық-ты.

Бірінші партияда есеп 1:0 болғанда, қазақстандық теннисші үш бірдей брейк-пойнтты пайдалана алмады. Сол-ақ екен, брейк жасаған Д.Коллинз 3:1 есебімен алға кетті. Дегенмен Ю.Путинцева да қалыспай, есепті 5:3-ке жеткізді. Ақыры сетті өз есебіне жаза білді – 6:4.

Екінші сетте есеп 3:2 болған мезетте Д.Коллинз брейк жасап, өз геймін де жібермеді – 5:2. Сосын тағы бір брейкпен бітірді – 6:2.

Үшінші, шешуші партияны Юлия брейкпен бастады – 1:0. Әйтсе де есеп 5:4 болып, матчқа доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмай, қарсыласы таразы басын теңестіріп кетті. Дегенмен Путинцева қайыра брейк жасап, қайта алға шықты – 6:5. Бұл жолы ол жеңіспен түйіндей алды – 7:5.

Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 36 минутқа созылды.

Ю.Путинцева үшінші айналымда әлемнің 3-ракеткасы, румыниялық Симона Халеппен кортқа шығады. Ол екінші кездесуінде ұлыбританиялық Хэрриет Дартты 6:2, 6:4 есебімен қиналмай ұтты.

Осылайша Қазақстаннан әйелдер арасында жекелей сында үш теннисшіміз де үшінші айналымға өтті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемнің бірінші ракеткасымен кездесетінін, Зарина Диястың Аустралия чемпионатының үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

З.Дияс үшінші айналымда әлемнің оныншы, осы жарыстың 9-ракеткасы, нидерландылық Кики Бертенспен шеберлік байқасатын болды.