Жазира Қошанова: "Мен «Қоңыр» тобына қайта бармаймын".
Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.
Ол қоңыр дауысымен халықтың жүрегінен орын алды. Оның тыңдармандары әлі күнге дейін оның болмысын "Қоңырмен" байланыстырады.
Менің бүгінгі кейіпкерім - "Қоңыр" тобының экс солисті, модель Жазира Қошанова.
Қарашаш Есенбай: Жазира ханым, қалыңыз қалай, қандай жаңалықтарыңыз бар?
Жазира Қошанова: Айтарлықтай жаңалығым жоқ. Халық жақсы ән, жаңа бейнебаяндар күтеді ғой, өзім жаңа әндер жаздырып қойғанмын. Қазіргі таңда жеке шығармашылықпен айналысып жатқаныма екі жылдың көлемі болды, репертуарымда 7-8 әнім бар. Алдағы уақытта көңілімнен шығатын ән табылса, бейнебаян түсіруге ниеттеніп отырмын.
Қарашаш Есенбай: Карантинді қалай өткізіп жатырсыз?
Жазира Қошанова: Шынымды айтайын, карантинде тек үйде болдым. Өйткені бір жерге шығуға қорқасың, өйткені үйде әпкемнің кішкентай балалары бар.
Қарашаш Есенбай: Карантин кезінде тойға тыйым салды, одан бөлек бес жылға дейін мораторий жасау ұсынылды. Осыған қатысты бір қатар шоу-бизнес өкілдері «Әншілердің табыс көзі – той» деп өз қарсылықтарын білдіріп жатыр, сіздің көзқарасыңыз қандай?
Жазира Қошанова: Мен де тойға шығамын, оны жасырмаймын. Тойға, қуанышқа қарсы шығып жатқан адамдарды түсінбеймін. Әншілерді шақырмай-ақ қойсын, мәселе онда емес. Мен «Әншілер табыс көзімізден айырылып қаламыз» деген дүниені айтып отырғаным жоқ, жалпы той – өзіңе, халыққа қуаныш сыйлау және қонақтардың ақ батасын алу. «Жақсы сөз - жарым ырыс» дегендей, жақсы тілектің бірі болмаса, бірін Алла қабыл етеді. Тойды сол үшін жасайтын сияқты.
Әйтпесе, "Әншілер той болмаса табыссыз қалады" дегенмен келіспеймін! Тіршілікте несібең тойдан болмаса, басқадан беріледі.
Қарашаш Есенбай: Өзіңіз той болмаса, қай саламен айналысасыз?
Жазира Қошанова: Бір жылдай Малайзия елінде тұрып келгенімді білесіздер, ол жақта мен сәнгерлікпен айналыстым. Қазір де сол кәсібімді жалғастырып жатырмын. Сөздің шыны керек, Қазақстанда бұл бизнес дамымаған. Содан да болар, қазір бәрі менен «Жоғалып кеттіңіз, көрінбейсіз, қалай жұмыс істеп жатсыз» деп сұрайды. Аллаға шүкір, көптеген ұсыныстар болып жатыр. Киім сататын дүкеннің және қазақстандық косметикалық өнімнің бет-бейнесімін, сонымен бірге кішігірім фотосессияларға барамын. Бұл сала жақсы дамымағандықтан, халық оны көрмейді, сосын жоғалтып алған сияқты болады. Қазіргі табыс көзім – сәнгерлікте. Әрі 50-60 жасқа дейін ән айтып жүре бермеймін ғой, сондықтан артымыздан өсіп келе жатқан бауырларымызға вокалдан сабақ берудемін. «Шәкірт тәрбиелеп жатырмын» деп айтпай-ақ қояйын, бірақ музыкалық мектептерде сабақ беремін.
Қарашаш Есенбай: Жазира, сіздің Малайзиядан келген кездегі бір сұқбатыңыздан «Корея елімен келісімшарт жасадым, сонда кетуге дайындалып жатырмын» дегенді оқып едім. Ол жоспар әлі де күшінде ме?
Жазира Қошанова: Иә, Алла бұйыртса барамыз, дегенмен ол келісімшарт толық жасалған жоқ, тек келіссөздер жүргізіліп жатты. Бірақ өткен жылы ол кісілермен кішкене түсініспеушіліктер болды, сондықтан нақты шешілген жоқ. Корея, Түркия сынды елдермен келіссөздер жүргізілуде, бірақ бүгін-ертең кетіп «сол жақта модель боламын» деп айта алмаймын.
Қарашаш Есенбай: Корей елінің ұсыныс білдірушілерімен қандай түсініспеушілік болғаны жөнінде толығырақ айта аласыз ба? Қандай талаптарымен келіспедіңіз? Бұған дейін Қытайдың ұсынысынан бас тартқаныңызды білеміз. Оған сол елдің атынан шығуыңыз керек болғандығы кедергі келтіргенін өзіңіз айтып едіңіз.
Жазира Қошанова: Кореямен болған жағдайды қазір нақты айтудың қажеті жоқ шығар?! Өзімнің қысқа, ашық-шашық кимесем дегендей талаптарым бар, ол кісілер кейде сол тұсына келіспей жатады. Сол үшін де түсініспеушілік болды. Менің тізеден жоғары кигім келмейді, керісінше етек-жеңі ұзын киім киюге ниеттеніп жүрмін. Шетелдіктердің салты, діні басқа болғандықтан осы жағынан түсінбестік жиі болады. Кореядан де өзге елдерден ұсыныс бар, бірақ оның бәрін ашып айтқым келмейді. Құпия болып қалсын.
Малайзияда жүргенде біраз подиумда төбе көрсетіп, біршама фотосессияларға қатыстым. Қазір ұсыныс айтатындар, сол кездегі фото-видеоларымды сұрайды. Ал Малайзияда өнер көрсеткенде олардың шарты бойынша гонорар немесе фото-видеонының бірін ғана алуың керек болды. Маған бөтен ел, әрі ол жақта үй-көлігім болмағандықтан гонорар алып жүрдім, соның кесіренен портфолио жасай алмадым.
Қарашаш Есенбай: Бізде Қытайлар сияқты «үйіңізді, көлігіңізді түгел қамтамасыз етемін» дейтіндей ұсыныс айтқандар болды ма?
Жазира Қошанова: Жоқ, ондай ұсыныс бізде жоқ. Оған жаңа айтқанымдай, сән саласының дамымауы себеп шығар?! Екіншіден, «Болса өзімізге болсын» дейтіндей түсінік бар, соның да кесірі тиіп қалады. Әзірге ондай ұсыныс болмады.
Қарашаш Есенбай: Өзіңіз елдегі сән көрсетілімдеріне барасыз ба?
Жазира Қошанова: Жоқ, шынымды айтсам мүлде барып көрмеппін.
Қарашаш Есенбай: Жалпы шетелдіктер мен біздің сән саласындағы айырмашылықтарды байқай аласыз ба?
Жазира Қошанова: Барлығына ортақ ұқсастық – дене бітімнің сай болуы. Ал басты айырмашылық – біздің елде қаржы өте аз, тіпті салыстыруға келмейді. Мысалы, шетелде бір реттік подиумға шығуың – 75 мың теңге болса, елде – 2 мың теңгені жобалайды.
Қарашаш Есенбай: Малайзияда 8 айға жуық қана тұрған екенсіз. Әрі қарай да сол елде қалуға, мансабыңызды жалғастыруға не кедергі болды?
Жазира Қошанова: Мен Корея елімен келіссөз жүргізген соң, ол елге бірден кетіп қалғым келмеді. Бауырларымды, ата-анамды сағындым, сондықтан үйге келіп демалғым келді. Оның үстіне өзіме дайындық керек болды, алғашында «модель болып кетемін» деп ойлаған жоқпын.
Елге дайындық үшін келгенмін, кейін арада жаңа айтқанымдай түсініспеушіліктер болды. Оның арасында өзімнің жеке шығармашылығыма көңіл бөліп, ән жазып, концерттерге шықтым. Солай ұмытылып кетті, биыл енді карантин болып тағы да тоқтап қалды. Бұйыртса, індеттен құтылған соң, жақсы жаңалық болады деп үміттенемін. Қазіргі жағдайда нақты жоспар да құра алмай отырмыз.
Қарашаш Есенбай: Сізді көпшілік «Қоңыр» тобы арқылы таныды, ал шетелден келген соң ол тапқа қайта шақыру болмады ма?
Жазира Қошанова: Жоқ, мен топтан кететін кезде ағаларымның батасын алып кеткенмін. Топта азды-көп он жыл ән айттым, шетелден ұсыныс түскендіктен сонда жұмыс істеп көргім келді. Топтан кетіп бара жатқан кезде қазіргі солисті костингте таңдап алған мен болатынмын. Сержан аға көрсеткен кезде, «Осы қыз «Қоңыр» тобының әншісі бола алады» деп айтқанмын. Ал мен елге оралғасын «Қайта кел» деген ұсыныс болған жоқ. Өйткені топ әуел баста екі жігіт, бір қыздан тұратын этно-эстрадалық топ болатын, оны бұзбайды. Маған тек «Квартет болып шығайық» деген ұсыныс болды, сосын Тұрсынжан Шапайдың әнін орындап Республика сарайындағы концертке шықтық. Одан басқа ағаларыммен жақсы силасып, бір-біріміздің қуанышымыздан қалмай жүреміз. Бірақ мен «Қоңыр» тобына қайта бармаймын. Тек бірне ән жаздыруымыз мүмкін.
Қарашаш Есенбай: Олардың бағыты - энто-эстрада, ал сіздің қазіргі әндеріңіз эстрадалық бағытта болғандықтан қабылдай алмай жатқандар көп секілді. Себебі желіден сондай пікірлерді жиі кездестірдім. Бұл сізді қорқытпай ма және неге эстрадалық бағытқа көштіңіз?
Жазира Қошанова: Халық ұзын киім киіп жүріп, бірден қысқа киінсең қабылдай алмай қалады. Сол сияқты он жыл этно бағыттағы әндерді айтып жүргендіктен, эстрадалық әндерім «біртүрлі» көрініп жатыр.
Негізінде менің мамандығым – эстарада және вокал әншісі. Бұрын тек халық әндерін орындағандықтан, көпшілік сол бөлімді бітірген деп ойлайды. Бірақ олай емес! Қазір өз мамандығым бойынша әндер орындап жүрмін. Тыңдарман бүгін қабылдай алмаса, ертең қабылдар, мүмкін эстарадалық бағыттағы өз әнімді таппай жүрген шығармын?!
Қарашаш Есенбай: Қазір қандай авторлармен шығармашылық байланыстасыз?
Жазира Қошанова: Елге келген кезімде жеке репертуарымда мүлде ән болмады. Бұрын топта ән айтып жүргендіктен, жеке жаздырмағанмын. Бірақ сол салада оқу бітіргендіктен, құрбыларым көмектесті. Ән жаздыратын, тапсырыс беретін менде ақша да болған жоқ. Құрбыларым сыйлық ретінді, қолдау білдіріп бірнеше әндерін берді. Оларға Алла разы болсын!
Әйтпесе, шынымды айтсам хит жазуым керек деп тырысып жатқан жоқпын. Көбінде композиторлар хабарласып, әндерін береді. Бірақ барлығы «Қоңырдың» форматындағы әндерді жібереді, қазір эстарадаға бет бұрғандықтан ол кісілердің әндерін жаздырып жатқан жоқпын. Тек арасында ұнайтындарын ғана орындаймын.
Қарашаш Есенбай: Әндеріңізді тыңдағанда «Бірге бола алмаймыз» деген сарындағы сөздерді байқадым. Малайзиядан келген соң сіздің жеке өміріңіз жиі талқыланды. Бұл әндердің ол оқиғамен қандай да бір байланысы бар ма?
Жазира Қошанова: (Күліп) Осы сұрақты ән жазып жатқан кезде өзіме қойған едім. Халық дұрыс түсінбей қала ма, не шетелден жапа шегіп келіп ән жазғандай болмаймын ба деп ойлаған едім...
Аллаға шүкір, ондай ештеңе болған жоқ! Тек сәйкестік қана. Ол жігітіммен қазіргі таңға дейін хабарласып, Қазақстанға келсе бірге шәй ішеміз. Өйткені ешқандай өкпе-реніш болған емес, мен жалпы кеткен жанға жүрек ауыртатын адам емеспін. Кетті, демек қайырлысы басқа деген сөз! Ән тек сәйкестік қана, шынымды айтсам сыйлыққа берілген, тегін ән еді...
Қарашаш Есенбай: Білуімізше, ол жігіт қазақ емес еді. Өткен жылдары қазақ қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуы жиі талқыланып, тіпті тойларына дейін барып, қарсылық танытып еді. Осыған көзқарасыңыз қандай және өзіңізге шетелдік жігітке тұрмысқа шығар ма едіңіз?
Жазира Қошанова: Иә, ондай жаңалықтарды мен де естідім. Мен жалпы болады, болмайды деп айтқым келмейді. Алла кімді бұйыртады, кімді қайырлы етеді қыз соған тұрмысқа шығады. Маңдайыңа жазылса, қандай сөз айтылса да соған шығасың!
Өзім егер мұсылман болса, шығуға қарсы емеспін!
Қарашаш Есенбай: «Қалаулым» бағдарламасын бір кездері жүргізгеніңізді білемін, содан кейін ұсыныс болмады ма?
Жазира Қошанова: «Қалаулым» бағдарламасын түсіретін компаниядан ұсыныс болған, мен келіскен едім. Бірақ неге екенін білмеймін түсірілімге екі күн қалғанда «Белгісіз бір себептермен сізбен жұмыс істей алмайтын болдық» деп хабарласты. Ол бағдарлама эфирге шықты, басқа жүргізуші алыпты. Бірақ оның себебін түсіндірген жоқ, мен де қайта сұрамадым. Оның үстіне «жүргізуші болайын» деген мақсатым болмағандықтан да әріқарай қазбаламадым.
Қарашаш Есенбай: Өз мақсаттарыңызға жетуге тілектеспін! Уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Автор: Қарашаш Есенбай
Фото: Жеке мұрағаттан
ERNUR.KZ