​Асылхан Төлепов: «Америка мен Италиядан киноға түсуге ұсыныстар болды...»

0
5 657

"Білімді, көп ізденіп, көп оқығаннан өте жақсы актер шығады".


​Асылхан Төлепов: «Америка мен Италиядан киноға түсуге ұсыныстар болды...»

«Жігітке жеті өнер де аз». «Жаужүрек мың бала» киносымен көрермен көзайымы болып, бүгінде депутаттық қызметте отыған Асылхан Төлепов енді Қырғызстан жұлдызы атанды. Қырғыздың белді кино режиссері Руслан Акун басты кейіпкерге лайықты актерді көп іздеп, таңдауы қазақтың Сартайына түскен. Көкпардың қыр-сырын жете меңгере қоймаса да, атқа міне білу әр қазақ жігітіне тән қасиет екені рас. Аталмыш ойынды басты сюжеті еткен фильм жарыққа шықты. Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеті бірлесе жасаған жоба премьерасы миллионерлер қаласына ат басын тіреп, кезекті ашылу салтанаты рәсімін өткізді. Осы орайда, белді актердің сұқбатын назарларыңызға ұсынамыз.


- Сәлеметсіз бе, Асылхан! Қалыңыз қалай? Шырайлы Шымшаһарға қош келдіңіз. Мегаполис тұрғындары қалай қарсы алып жатыр? Әсеріңізбен бөліссеңіз?

- Жақсы рахмет. Жақсы қарсы алып жатыр. Алғысым шексіз. Көңіл-күй тамаша.

- Сізге кішкене сауалдарымыз бар. Жауап беруге дайынсыз ба?

- Иә, әрине, дайынбыз.

- Кино саласында бағыңыз жанып, актерлық қырыңызбен Қазақстанға ғана емес, өзге елдерге де танылдыңыз. Сіздің ойыңызша, кәсіби актер қандай болуы керек?

- Жалпы актерларда интеллект жоғары болуы керек. Ол үшін көп кітап оқу керек. Білімді, көп ізденіп, көп оқығаннан өте жақсы актер шығады. Баяғыда мұғалімдеріміз ұрысатын еді «қой көздер» деп... «Көздеріңде нұр жоқ, өлі адамның көзі сияқты, арғы жағында ешнәрсе көрінбейді. Ол не үшін, ол дым оқымағаннан» деп ұрысатын. Сол үшін, мен ойлаймын, біріншіден мамандықты оқу керек. Бір актерлар бар тума талант болатын. Кейбір адамдар бар, олар оқыса да нәтиже болмайтын. Өнер деген табиғаттан келетін нәрсе, соны шыңдау үшін көп ізденіп, көп оқу керек.

- Қазіргі таңда саясатқа араласып жүрсіз. Депутаттық мандатқа келуіңіз сіздің шығармашылығыңызға кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па? Екі жаққа үлгеру қиын емес пе?

- Кері әсері тиіп жатқан жоқ. Біріншіден, бұл – Алматы қаласы мәслихат депутаты. Мәслихатта 37 депутат бар. Бірі білсе, бірі білмес, айта кетейін. Мәслихат депутаттары Мәжіліс депутаты сияқты емес. Оларға үй, жұмыста ары-бері таситын қызметтік көлік берілмейді. Біз ешқандай айлық алмаймыз. Сондықтан, мен ойлаймын, маған ешқандай кері әсерін тигизіп жатқан жоқ. Керісінше, пайдасы тиіп жатыр. Бұл жұмыс барысында қайырымдылықпен көп айналысып жатырмын. Қоғамдық жұмыс болған соң, кішкене уақытыңды алады. Ал, жалпы кері әсері өнерге тимейді. Басты мамандығым, табыс көзім – өнер, кино саласы.

- Режиссер Руслан Акун басты кейіпкерді көп іздеп, сізді лайық көргенін айтады. «Жаужүрек мың бала» киносынан білеміз тұлпарды тізгіндей алатыныңызды. Алайда, көкпар тартып, көрерменді таңдай қақтырдыңыз. Күнделікті өмірде көкпар ойнап көргенсіз бе?

- Оның алдында «Жастар көкпар лигасы» деген жастардан құралған команда бар. Сондағы жигіттермен ойнап, кішкене көкпар тартатынбыз. Кәсіби тұрғыда емес, бірақ, осы күнге дейін жақсы дайындықтан өттім. Мені таңдағанына қатты қуандым. Жалпы жарыстарға қатысып, үлкен ауқымды көкпар ойынына қатысып көрмеппін.

- Отандық режиссерлардан бөлек, шет елдерден киноға шақырту ұсыныстары түсті ме?

- Иә, бірнеше ұсыныстар түсті. «Жаужүрек мың баладан» кейін Америкаға шақырту алдым. Америкаға кетуге 2 күн қалған кезде, виза мәселесінің салдарынан, дұрыс виза жасатпай ол жақтан бас тартушылық болды. Қазір поштамды жиі тексеретін болдым. Арасында ұмытып кетіп жатам.Осыдан 2 жыл бұрын Италиядан ұсыныс түскен. Оларда телефон нөмірім жоқ, тек поштамғана болып, хат жолдаған. Ол хатты мен екі айдан кейін ашықанымда, уақыты өтіп кетіп, бұл киноға түсу де бұйырмады. Аллаға шүкір, шақыртулар болып жатыр, бірақ, Голливудтан әлі ұсыныс алмадым. Көбінесе бірлескен жобалармен жұмыс жасап келемін. Қырғызстан әрине, өзге мелекет болған соң халықаралық деңгей деуге болатын шығар. Осы «Время стойких» киносы халықаралық деңгейдегі алғашқы кином.

- Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе аласыз ба?

- Негізі жоспарлармен бөліскенді ұнатпаймын. Бірақ, алдағы уақытқа құрып жатқан аса қатты жоспар жоқ. Жоспар сол – өз-өзімізбен жұмыс жасау керек. 4-қазаннан бастап фильмімнің премьерасы болды. Кинотеатрларда көрсетіліп жатыр. Алматыда үлкен премьера өтті. Содан кейін Бішкек қаласында болдық. Талдықорғанға барып келдім. Ал, миллион тұрғыны бар Шымкент қаласы республикалық деңгей атағын алғаннан кейін алғаш рет келіп отырмын.

- Жақсы рахмет, сұқбатыңызға! Жұмысыңызға шығармашылық табыстар тілейміз.

Фото-видео жеке мұрағаттан.

Автор: @aaaykenova