«Карантинде қиналдық, бірақ өлген жоқпыз» - Ұлан Мықтыбек, жайдарманшы

0
6 117

"Топ ете қаламыз ба, қоп ете қаламыз ба, Алланың жазғанын көреміз"


«Карантинде қиналдық, бірақ өлген жоқпыз» - Ұлан Мықтыбек, жайдарманшы

суреттер кейіпкердің желідегі жеке парақшасынан алынды

Ол тумасынан актер. Өз басым одан нағыз сахна адамының типажын көремін. Оның барлық әзілі өтімді. Инстаграмдағы парақшасына кірсеңіз, күлкіден "жатып" қаларыңыз кәдік. Бірақ, ол үнемі күліп, күлдіріп жүреді деуге келмейді. "Карантинде біз де қиналып қалдық..." дейді өзі. Иә, иә, мен жайдарманшы, "Байдың балалары" командасының белді мүшесі, мықты актер Мамыр Есбергеновтің ұлы Ұлан Мықтыбек жайлы айтып отырмын. Ұланмен жақсы сұхбат болды.

Актер әке актер балаға қалай әсер етті? «Жайдарман» ойындарында көбіне жетекші рөлдерді неге Ұлан ғана ойнап шығады? Оның қаламақысы қанша? Осы және өзге де сауалдар қызықтырса, сұхбатқа назар салғайсыз.


– «Байдың балалары» құрылғанына биыл 10 жыл. Азамат, Жандос, Бағдәулет, Нұрым, Наурыз, Ұлан атты алты жігіттен тұратын топ 2011 жылы құрылған еді. Араларыңызға бір қызды қосып алыпсыздар... Он жылда жеткен жетістіктеріңізге көңіліңіз тола ма?

– Иә, Аида деген қызды қосып алғанбыз. Құрылғанымызға 10 жыл болды. Десек те, қазіргі құрам он жыл бұрынғы емес. 2011 жылы командада басқа ағаларымыз болған. Мен бұл топқа 2015 жылы кірдім. Шымкентте ішкі чемпионатта ойнап жүрген кезімде Нұрым ағаның көзіне түсіп, топқа қосылған болатынмын. Азамат, Жандос, Бағдәулет, Наурыз бесеуміз бес жақтанбыз. Азамат Леңгір, Жандос Сарығаш, Бағдәулет Қазығұрт, Наурыз Шаяннан, Нұрым Созақтан, ал мен Шымкенттің жігітімін. Осында туып-өстім. Командамыздың 10 жылдың ішінде жеткен жетістіктері өте көп. Десе де, әлі көңіліміз толмайды. Әлі де биік белестерді бағындырғымыз келеді.

– Жалпы «Байдың балаларының» ішінде көбіне-көп жетекші рөлдерді өзіңіз ойнайсыз. Бұл сіздің актерлік шеберлігіңіздің мықтылығынан деп айтуға бола ма?

–Көрермен арасында «команданы сүйреп шығатын сен, көзге түсетін сен» деген пікірлер айтылып жатады. Бір жағынан топтағы ең жас ойыншы мен. Сондықтан да, еркелеп ойнай беремін. Көбіне жетекші рөлдерді ойнайтын себебім, біз футбол командасы ияқтымыз. Әр команданың Мессиі, Мбаппесі, қорғаушысы, артқы шепте ойнайтындары болатынындай, бізде де өзіндік стратегиямыз бар. Бірде алдыға Наурыз шығады, бірде мен шығып «гол» саламын.


– Ұлан, дүйім ел әкеңіз Мамыр Есбергенов те актер екенін жақсы біледі. Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының белді әртісі. Сіздің шығармашылық жолға түсіп, актер болуыңызға әке жолы тікелей әсер еткен болар? Сіздің өнер жолыңызда әкеңіздің еңбегі қанша пайыз екенін айта аласыз ба?

– Менің актерлік жолға түсіп, «Жайдарман» арқылы елге танылуым 100 пайыз әкемнің арқасы. Әрине, әуелі Алла ғой. Жетекшім де, редакторым да, авторым да әкем. Кез келген жағдайда жол көрсетіп, үйретіп отырады. Папамды қатты жақсы көремін. Көп нәрсені папамнан алам. Десек те, барлығын дайындап, «»мына жерде былай айт», «ана сөзді былай қолдан» деп айтпайды. Бірақ, керек жерінде өзім сұрап аламын.


– «Жайдарман» арқылы танылдыңыз. Одан өзге телетүсірілім, бағдарламаларға жиі шығып тұрасыз. Вайнерлігіңіз тағы бар. Сіздің вайндарыңыздың арасында күлкілі де, қайғылы да, ой саларлық, жеңіл әзілдер де жетерлік. Идеяны қайдан аласыз?

– Иә, «Жайдарман» арқылы танылдым. Вайн түсіремін, бірақ, түбегейлі вайнермін деп айта алмаймын. Ең алдымен актермін. Мамандығым – актер. Қайғылы, ой саларлық вайндарым көп деп айта алмаймын. Жеңіл, күлкілі әзілдер баршылық. Идеяны өмірдің өзінен қаз-қалпында «көшіре» саламын (күліп).


– Жасаған вайндарыңыздың рейтінгісін жасап отырасыз ба? Қайсысы ең көп рейтинг жинағанын білесіз бе?

– Жасаған вайндарымның рейтінгісіне қарамайды екенмін. Мен тек «Жайдарманның» конкурстық ойындарына дайындалғым келеді. Қазір танымал болу өте оңай. Қолыңда жақсы смартфон не айфон болса әрі талантың жетіп тұрса, кез келген нәрсені түсіріп, таныла бересің. Тікелей эфирді қосып қойып, камераның алдында жынды боп, жалаңаш боп, боқтасаң да, танымал боп кететін заман. Десек те, телефонмен емес, көгілдір экраннан көрінген дұрысырақ, жақсырақ, тиімдірек. Телефоннан қарағанда теледидардан көрінген үлкен еңбек деп айтқан болар едім.


– Әсіресе, өзбек пен мастың рөлін көп ойнайсыз. Шынайы өмірде ше?

–Иә, сол рөлдерді жиі ойнаймын. Бізде сол образдар көбірек шығады. Басқа да рөлдерді ойнағым келеді. Шынайы өмірде өзбектің рөліне кірмеймін, бірақ, мастың образына кіріп көргенмін.


– Сіздің инстаграм парақшаңыздағы жазбалардан байқағаным, аздап ақындығыңыз да бар сияқты...

– Иә, ақындық әкемде де, менде де бар. Сұмдық ақынмын демеймін. Анда-санда «әу» деп қоятыным бар.


– Наурыз айында Шымкентте «Өнер барысы» мегажобасы өтті. Соның қорытындысы не болды? Сіз қай белестен көріндіңіз?

– «Өнер барысында» біршама әнші, актер ағаларымыз өнер көрсетті. Жайдарманшы, КТА-шылар арасында біз де бой көрсеттік. Біздің салмақта 4 қарсылас болды. Десек те мен жеңіліп қалдым. Дайындық аз болды.


Карантинде не істедіңіздер? Жалпы пандемия жағдайында тоқырауға түспеген сала жоқ десек те болады. Соның ішінде киноиндустрия біраз зардап шекті. Карантин кезінде актерлер қалай күн көруде?

– Жасыратын ешнәрсесі жоқ, карантин кезінде барлығы қиналды. Біз де қиналдық. Бірақ, өлген жоқпыз. Әйтеуір, абыройдың арқасында тірі қап кеттік. Ақша таусылды. Бірақ, жарнаманың арқасында тамақ жедік, соның арқасында нәпақа таптық.


– Сізді «бір тойды 300 мың теңгеге жүргізеді» дейді. Рас па?

– Шымкенттің ішінде бір тойды 150 мың теңгеге жүргіземін. Қазіргі бағам сондай. Бұдан түсіп не өсетін болмаса, әзірге солай. Ал шет жақтарға баға жол шығындарына қарай көтеріле береді.


– Белгілі сатирик, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымовпен сұхбаттасқанымызда: «Бүгінгі жас буынның сана-сезімі ютубтың деңгейімен шамалас болып қалды ғой» деген пікірін айтып еді. Расымен, қазір жеңіл-желпі әзіл аудиториясын тез табады. Бірақ, келер ұрпаққа дейін астарында зілі бар қазақы әзілін жоғалтып алмаймыз ба?

– Уәлибек көке айтуындай-ақ айтты. Бірақ, «Ютубтың деңгейімен шамалас болып қалды» дегенімен келіспес едім. Ютубтың деңгейі әр түрлі. Ол бір бағытта қатып қалмаған. Онда әртүрлі деңгей бар. Уағыз да, жеңіл әзіл де, тіпті, ұятсыз сөздер де, «Жайдарман» да, сол «Шаншар» да ютубта қазір. Бүгінде адамдар теледидар көрмейді. Бәрі де ютубқа жұмыс істейді. Сондықтан, теледидардың орнына ютубта жақсы астарлы әзіл айтылуы керек.


– Әзілкеш болмағанда кім болар едіңіз?

– Әзілкеш болмағанда дәрігер не полиция болатын едім.


– Отбасыңызда әкең екеуіңіз танымалсыздар. Кез келген жетістікке жеткен ер адамның арқасында міндетті түрде бір әйелдің тұратыны заңдылық. Үйдегі әйел адамдары әзілді жақсы көтере ме?

– Мамам – әкемнің келіншегі және менің келіншегім біздің жеткен жетістіктерімізге әрдайым қуанып отырады. Өздері де әзілді жақсы қабылдайды. Кейбір әзілдерімізді ең бірінші соларға тексертеміз. Олар да өз ойын қосады. Қызық болса да қызық дейді, қызық емес болса, қызық емес дейді. Кәдімгідей бетімізге былш еткізе салады.

Жеке өмірім туралы айтар болсам, үйленгеніме 3 жылдан асты. Бүгінде бір ұл, бір қыздың ардақты әкесімін.


– Бүкіләлемдік пандемия өмірлік құндылықтарды, трендтерді өзгертті. Той тоқтады. Шоу бизнес өкілдері мемлекеттік қызметке ауыса бастады. Алысты шолмай-ақ, КТА-да жүріп Жастар ресурстық орталығының басшылық қызметіне дейін өскен Ерлан Айтбаев мырзаны мысалға алуға болады. Сіз де күндердің күнінде мемлекеттік қызметке не билікке топ ете қалсаңыз, қайтесіз?

– Білмеймін, оны бір Алла біледі. Топ ете қаламыз ба, қоп ете қаламыз ба, Алланың жазғанын көреміз. Әркімнің әрекетіне, несібесіне қарай болады ғой.


– Әзіл әлемінде елді күлдіремін деп барын салып жүрген Тұрсынбек Қабатов сияқты ағаларымыз кейде өздерінің де басы дауға қалып, күлкіге қалып жататын жағдайлар болып жатады. Бұл неден деп ойлайсыз?

– Адамды мақтайтын да, сәл сүрінсең, даттап, қарғайтын да халық қой. Кейде халықты түсінбей қаласың. Жақтап тұрады да, бір қарасаң қарғап-сілеп тұрады. Бір қарасаң жылатпай тұрады, тағы бірде құлатпай тұрады, бір қарасаң ұнатпай тұрады. Халықтың көңілінен шығу оңай емес. Әркім әртүрлі қабылдайды ғой.


– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Өмірдегі ақиқат нәрсе – өлім. Өмірдегі жалған нәрсе – өмір. Биік нәрсе – адамның қойған мақсаты дейді ғой. Осы орайда менің де қойған мақсатым биік. Өнердің шыңына шықсақ дейміз. Әкем көрмеген жетістіктерге біз жетсек дейміз. Осы жалған дүниеде барынша дос, иман-сауап жинап, Құдайдың аманат қып берген ата-ана, отбасымыздың разылығын алып, жақсы адам болсақ дейміз. Жалпы өмірлік жоспарымыз солай.

Сұхбаттасқан: Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


"Жұлдызға бәрі жарасады": Қайрат Нұртастың келіншегінің биі желіні жарды (видео)


"Ми ашудың көкесі енді болады": Бүгін жұлдыздар арасынан кімдердің баласы 1 сыныпқа барды