«Қатардағы полицейді жақсы көріп қалдым»: Зарина Омарова жеке өмірінің құпиясын ашты

0
3 292

«О дүниеге бір барып келдім»


«Қатардағы полицейді жақсы көріп қалдым»: Зарина Омарова жеке өмірінің құпиясын ашты

«Қайда, жан гүлім,

Жайнаған нұрым,

Өмір серігім,

Сенсің тағдырым» деп қайырмалатып келетін көңілді әуеннің орындаушысы өнерге 10 жыл үзіліс жасап келген кезде де тыңдарманын жоғалтқан жоқ. Алғаш рет «Әнші балапаннан» жарқ етіп шыққан балауса жарық жұлдыз бірнеше жылдар бойы сахнадан көрінбей кетсе де, елдің Зарина Омароваға деген махаббаты сөнбепті. Қайта коцерттерде жарқ еткенде оның «Жан гүлімін», «Стамбул мен Алматысын» сағынғандар көп екені бірден білінді. Он жыл үйде бала тәрбиесімен отырған өнер иесінің өзі де үлкен өзгерістерді бастан кешіріп, жаңашылдыққа жаны құмартып келді. «95 кг салмақ тастадым» деді бір сөзінде. Тағы бір сөзінде «15 жыл бұрынғы көрермен мен қазіргі көрерменнің арасы жер мен көктей» деп ойын сабақтады. Үлкен өнерден әп-сәтте ғайып болып, бір демде қайта жанған жұлдызды кейіпкерім – әнші Зарина Омаровамен сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмын.


– Танымал фамилия, көрермендердің қошаметі, халыққа танылған кезде сахнадан бірден қол үзу – Зарина Омарованың өмірі шым-шытырық сюжетке толы фильм іспетті. Он жылдық үзілістен соң өнер аламанына қайта қосылғаныңызға да 5 жылдай болыпты. Көрерменіңіз сағына қабылдағаны түсінікті. Әріптестеріңіз сізді қалай қабылдады?


– Менің өнерге оралуым ең бірінші Алланың арқасы. Одан кейін бұрыннан атым қалыптасқандықтан, сахнаға именбеу шығуға кішкене оңайырақ болды. Әрине, басында «Қалай болар екен?», «Халықтың есінде қалдым ба?» дегендей сауалдардың мазалағаны рас. Бірақ, қандай толқыныс болса да, іштегі буырқанған өнер, әнге деген шексіз махаббат, қала берді атақты әнші, композитор Марат Омаровтың қызы болғандығым даосы саладан алыс кетпейтінімді ұғындыра түсетіндей. Сол себепті ешнәрсеге қарамай тәуекел деп шықтым. Аллаға шүкір, бәрі жақсы. Әсіресе, музыка әлеміндегі әріптестерім, барлық жора-жолдастарым, режиссерлер тек жылы көзқараспен қабылдады. Әсіресе, бұрын «Әнші балапаннан» бірге бастаған достарым қатты қуанып, тілекші болды.


– Он бес жыл бұрынғы көрермен мен қазіргі көрерменнің арасында өзгеріс бар ма?


– Әрине, көрерменнің айырмашылығы жер мен көктей. Өйткені, қазіргі кезде көрерменнің талғамы биік, сұранысы жоғары. Жаңа әндерге, ұдайы жаңашылдыққа құмартып тұрады. Оның үстіне қазір әлеуметтік желі бар, бұрын ондай болмады. Сол себепті халықтың көзі ашық. Көп нәрсені көріп, хабардар болып отырады. 15 жыл бұрын әншілер де көп емес, көрермен де басқа еді. Таудай айырмашылық сезіледі.


– «Соңғы кезде өмірге, өнерге, адамдарға басқа көзқараспен қарайтын болдым. Оның себебі жасың өсе келгені ме, балаларың ер жеткені ме, әлде көздің ашылғаны ма,білмей жүрмін әзірше» деп жазыпсыз. Осы ойыңызды ашып айтсаңыз...


– Иә, бұлай жазуымның өзіндік себебі бар. Өйткені, адам жыл өткен сайын, жасына жас қосылған сайын еріксіз түрлі ойлардың шырмауына түседі екен. Өйткені, ақылға ақыл қосылады. Кей сәтте саған жақсы боп көрінген дүниенің жамандығын көрмей тұратын сияқтысың. Кей сәтте жаман боп тұрған дүние саған керісінше оңынан келуі мүмкін. Осы бағыттағы ойымды тұспалдаған едім. Адам көбінесе ой үстінде жүреді ғой. Бәлкім, жан дүниемдегі арпалысты, құпияны дұрыстап жеткізе алмаған шығармын. Бірақ, соңғы уақытта барлық нәрсеге тура көзбен қарайтын болдым.

– Сіздің Марат Омаровтың қызы екеніңізді, әкеге тартып өнер жолын қуғаныңызды, әкеңіз бен анаңыздың ертеректе айрылысып кеткенінен көпшілік хабардар. Себебі, ел алдында өсіп-өнген өнерлі отбасы болғандықтан, сіздер жайлы бүгілген сыр жоқ сияқты көрінеді. Десек те, әкеңіз бен анаңыз қазір араласа ма?


– Ата-анамның екі жақта өмір сүретініне де өсе келе үйрендік. Әркімнің өмірі өзіне. Ата-анам араласады, әрине. Үш бала болғаннан кейін дос, туыс ретінде араласады. Анда-санда әкем анамнан кеңес сұрап тұрады. Жастай қосылған жұбайы болғандықтан шығар деп ойлаймын. Есейе келе өмір болған соң бәрін түсініп кетеді екенсің.


– Әкеңіздің үш некесінен туған барлық бауырларыңызбен араласып тұрасыз ба?


– Әлбетте араласамын. Біздің әкеміз белгілі композитор, өте текті азамат. Ол кісінің таңдауын біз әрдайым құрметтейміз. Басқа некелі болды екен деп артында қалған ұрпақтары араласпай, бір-бірімізді жау көріп жүрсек, біздің тектілігімізден, әкеге деген құрметімізден не қалады? Күнде-күнде сырласып отырмасақ та, сәлеміміз түзу. Кез келген мерекелік іс-шараларда, кез келген бағыттағы басқосуларда мүмкіндігінше кездесіп, араласып тұрамыз. Одан қалса, қазір әлеуметтік желі деген жақсы болды ғой. Күнде араласып, сөйлеспесең де бір-біріңді көріп тұруға қолайлы жағдай бар. Меніңше, араласу керек. Өйткені, бауыр, ағайын-туыс жерде жатқан жоқ. Бір-бірімізбен араласып жақсы қарым-қатынаста болғанға не жетсін?!


– Бір сұхбатыңызда: «Менің өмірім аварияға дейін және кейін деп бөлінеді» деген екенсіз. Сол авария өміріңізді қалай өзгертті?


–15 жасымдағы жол апаты салдарынан о дүниеге бір барып келдім десем де болады. Ең бастысы, Алланың қалауымен және дәрігерлердің арқасында аман-есен аяғыма тік тұрдым. Бірақ, біраз уақытқа дейін біраз қиындық көрдім. Әсіресе, тірек-қимыл аппаратын қалыпқа келтіру оңайға соқпады. Көп емделіп, көп жаттықтым.


– Зарина Омарова дегенде, көз алдымда әнші, «Жан гүлім», «Стамбул мен Алматы» хит әндері, сосын салмақ қосу, салмақ тастау деген сөздер ассоцияланады екен. Сіздің декреттік демалысыңызда 95 кг салмақтан қалай арылғаныңыз өз алдына бөлек әңгіме. Қазір дене бітіміңізге қызығатындар көп. Сымбатыңызды сақтауға әлі де көп күш жұмсайсыз ба?


– Иә, дұрыс айтасыз, салмақ тақырыбы өзінше бөлек әңгіме. Өйткені, оның бәрі оңай емес. Бірақ, ең бастысы ынта, ерік-жігер, күш-қуат керек деп есептеймін. Әйел адам үйде отыра берсе, деградацияға түседі. Бірақ, оның бәрін жеңіп, өз-өзімді қолыма алып, сымбатымды дұрыстауға кірістім. Әрине, оңайлықпен арықтай қоймадым. Жарты жылда 35 кг салмақ тастадым. Мен оған мақтанамын. Және де оның бәрі диета, сосын спорт арқылы жүзеге асты. Көп әйел адамдар бір нәрсені іше саласың да, ертеңіне арықтай саласың деп ойлайды. Оның бәрі оңай бола бермейді. Тапжылмай еңбек еткенде ғана нәтижеге қол жеткізуге болады. Қазір де өзімнің бет әлпетіме қатты мән беремін. Анда-санда 3 кг қосып алам, сосын оны қайтадан тастаймын. 3 кг-нан артық қоспаймын. Өйткені, семіздіктің салдарымен бір кісідей күрестім. Әйел адам өз-өзін жақсы көріп, өз-өзіне күтім жасап жүру керек. Әр адам өзі «Швейцария» болса ғана өмірі гүлденеді!


– Бет әлпетіңізді өзгертуге талпыныс жасапсыз. Блефаропластика қиын болған жоқ па? Жалпы, бетіңізге қалай күтім жасайсыз?


– Блефаропластиканы жасатуға өзім бұрыннан шешім қабылдағанмын. Тек қай дәрігерге баратынымды, процестің қалай жасалатынын 5 жылдай зерттеп жүріп қалдым. Жас келген сайын қабақ төмен қарай түсіп қалады. Қазір өзімнің көзім өзіме өте ұнайды. Қиын болған жоқ. Керісінше оп-оңай болды. Шынымды айтсам, сезінген де жоқпын. Қорқып барып едім. Керемет дәрігердің арқасында жақсы шықты деп есептеймін. Өз ісінің маманы. Шығармашылықтың адамы болғаннан кейін бізге ерекше тәсіл керек сияқты. Сондай бір жайлы әңгімелермен, музыкамен жасалды. Сол себепті байқамай да қалдым. Реабилитациясы да оңай болды. Жасатқаным сол екен, көрермендер менің қатты өзгергенімді байқап қалды. Оған еш өкінбеймін. Осы көзім өзіме қатты ұнайды.


– Әншіліктен басқа қандай қаржы көздеріңіз бар, мәселен, басқа кәсіп дегендей?


– Әзірге ешқандай кәсібім жоқ. Бірақ, болашақта кәсіп ашу жоспарым бар.


– Мамандық өзгерткіңіз келмей ме? Өзгерткіңіз келсе, қай саланы меңгерер едіңіз?


– Интерьер дизайнері деген мамандықты таңдар едім. Осы мамандық өзіме өте ұнайды.


– Танымал эстрада әншісі Зарина Омарова, атақты әнші, композитор Марат Омаровтың қызы қалайша қарапайым полиция қызметкерін таңдады?


– Мен үшін атақты болып тұрып қатардағы полицейді таңдады деген сөз маңызды емес. Маған ең бастысы адамгершілік және махаббат, сезім, қалғаны маңызды болған жоқ. Таңдаған себебі, жақсы көріп қалдым.


– Отбасылық қарым-қатынаста қателікке бой алдырған кездеріңіз болды ма? Гармония болуы үшін қандай қадамдарға барасыз?


– Меніңше отбасылық қарым-қатынаста бастапқы 3-5 жыл жұптар үшін сынаққа толы болары сөзсіз. 5 жылға дейін бір-біріңді танисың, мінез-құлқыңды зерттейсің, бір-біріңнің мінезің сәйкес келмеуі мүмкін. Осы дағдарыс кезеңін сәтті өткерсе, қалған өмірі бақытты, баянды болады деп ойлаймын. Бізде де келіспеушіліктер өте көп болды. Әйел заты нәзік боламыз ғой. Бала көтерген кезде көңілшек келеміз. Титтей нәрсеге ренжіп қалатын сәттер болмады емес. Сондай бір еркелікпен қателіктер болды. Алайда, бет көрместей боп кететін өрескел қателікке бой алдырған жоқпыз. Сол үшін де қазір бақытты, берекелі отбасына айналып отырмыз. Тәрбиелеп отырған ұл-қызымыз бар. Ұлым үлкен азамат. Қызым құрбыма айналды. Жастарға айтарым, екі жақта бір-бірін түсінуі керек. Бірі ашуланғанда екіншісі пәс түссе бәрін де жеңуге болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Қазіргі жастарға әдеби тіл өтпейді»: Саят Рахымжан хит әндерінің сырымен бөлістІ


«Жігіттер, мыналарың ұят»: Мейрамбек Беспаев пен Ғазизхан Шекербек АҚШ қазақтарын сан соқтырып кетті ме?