​«Кейде керең, кейде мылқау бола салам»: Гүлзира Айдарбекова үш келінмен қарым-қатынасы жайлы сыр шертті (видео)

0
2 833

«Олар мінетін машинаның майына дейін толтырып, құйып қоям»


​«Кейде керең, кейде мылқау бола салам»: Гүлзира Айдарбекова үш келінмен қарым-қатынасы жайлы сыр шертті (видео)

Эстрада жұлдызы Қайрат Нұртастың анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова мен әкесі Нұртас Айдарбекова«Әсем бике» ютуб арнасына сұхбат беріп, отбасылық өмірі, келіндерімен қарым-қатынасы жайлы сыр шертті.


- Гүлзира ханым, сіз өз жасыңыздан әлдеқайда жас көрінесіз. Әдемісіз. Сұлулығыңыздың құпиясы неде?

- Мен бет күтіміне ерекше мән берем. Көбіне массаж жасатамын. Бетке жасалған массаж бетті тартып, әжімдерді тегістеп тастайды. Косметологиялық екпелерді салдырмаймын, қорқамын. Өйткені осыдан 5-6 жыл бұрын бетіме ботекс салдырам деп, өкініп қалдым. Бірден тоқтаттым.


- Қарап отырсақ сіздер де күнде тойға барып, ән айтып, қызмет көрсетеді екенсіздер. Шаршап, «осыны қоя салайықшы» деген ой келмей ме?

- «Шаршадым» деп айтуға Құдайдан қорқамын. Себебі анам баяғыда «Алла жақсылықтан шаршатсын, жамандықтан шаршама» деп айтып отырушы еді. Жұмыс болып, халық қалап шақырып жатса, «шаршадым» деп айту күпірлік еткенмен тең сияқты. Біреулер жұмыс таппай, не істерін білмей жүр. Ал біз жұмыс істеп жүріп шаршасақ, оның да өз рахаты бар.

Аптасына бір-екі тойға барып қоямыз. Қолдан келгенше билетіп, көңілдерін көтеріп қайтамыз. «Балаңмен жағаласып, анау-мынау» дейтіндер бар. Біз енді қазақпыз ғой, ал басқа ұлт, мысалы орыстар болса, 55-60 жасында ән айтып шықса да көтеріліп кете алады. Менталитеттері басқа. Ал біздің қазақ «біреумен жағаласып» деп айтса, ойланып, отырып қалады. Ал кейін, тереңірек ойланып қарасақ, мысалы, сіз журналиссіз, ұл-қызыңыз ертең сіздің жолыңызды қуып, екеуі журналист болса, сонда сіз олармен жағаласып жүрген боласыз ба? Әркімнің өзінің жолы, жөні бар. Дәрігердің баласы дәрігер, мұғалімнің баласы мұғалім болса, оның не айыбы бар? Осылай деп ойладым да, айтқандарды көңілге алмайтын болдым.


- Нұртас мырза, Қайрат балаларының өнерге келуіне қалай қарайды?

- Балаларының өнер адамы болғанын жақтыра бермейді. Өйткені ол өнерден көп таяқ жеді. Аяғынан анау да шалды, мынау да шалды. Содан ба, білмеймін, балаларының ән айтып, сахнаға шыққанына қарсы.

Торғай екеш торғай да балапанын қорғайды дейді ғой, қолымыздан келгенше қорған болуға тырысып жүрміз. Қанша дегенмен жас қой, кейде қызбалыққа салынады. Сондайда «Балам, қоя бер, ең бастысы халықтың басым көбі сенің жағыңда. Оны елеме, өз тірлігіңді істеп, алға қарай жүре бер. Халық өзі керек кезінде сақтап алып қалады» деп айтып отырам.

Мысалы, баяғы «Прайм плазадағы» жағдай, ол жерде Қайраттың еш кінәсі жоқ. Артық айтсам ренжімеңіз, Қайратқа тапсырыс түсіп, ақшасын төлеп, «әжетхананың қасында ән айтып бересің десе», ол айтады. Өйткені ол оның жұмысы. «Прайм плазада» да солай болды, ақшасын төледі, шақырды. Баннерге үлкен етіп суретін салды. Содан жұрт «Қайраттың жеке концертінде көтеріліс болды» деп шулап кетті. Негізінде ол жерде Қайраттан басқа да әншілер болған.

Сол кездерде Қайратты аяғынан қатты шалды. Марқұм Арман Дүйсеновтің концерті «Республика» сарайында өтіп жатқан. Қайрат барып, бір-екі әнін айтып берейін десе ішке кіргізбей қойған. Содан кейін мен бір-екі үлкен кісіге барып «Халық жауы болса алып шығып, алаңда атып тастай салсаңызшы. «Республика» сарайына кіргізбей қою не сұмдық?!» деп айттым. «Шамалы қоя тұрыңыздар, бәрі де басылар, жоғарыдағылар шулап кетті» деп шығарып салды. Сондайдың бәрі Қайратқа үлкен соққы болып тиді.


- Қайратқа әке ретінде өзіңіздің көңіліңіз тола ма?

- Әрине. Сыртқа білдірмегенімізбен, Қайраттың жарқырап ел алдында жүргені ата-анаға қуаныш қой. «Балаң жақсы болса жердің беті жақсы, жаман болса асты жақсы» деген сөз бар. Баламызды жұрт мақтап, сүйіп, әндерін тыңдап жүрсе біз де іштей қуанып отырамыз. Балама менің көңілім толады.

Бірақ басқа балаларымнан гөрі Қайратқа көбірек ұрысады екенмін. Үйдің үлкені болғасын ба, әлде тұзы жеңіл ме, таяқтың бір ұшы Қайратқа келіп тиетін. Соңғы 5-6 жылда ғана басылдым. «Қойшы, енді өзі де төрт баланың әкесі ғой» деп ойлаймын. Қайрат – көнбіс. Өмірінде «папа, неге бүйттің, неге олай дедің» деп қарсы сөйлеген емес. «Мынанша ақша тауып жатырмын, оны қайда жібердіңдер, неге жараттыңдар» деп сұрамаған. Ешқашан. Өзіне керек кезде келіп, ақша сұрап алады. Былайша, «ақша қайда, мен таптым ғой оны» деген емес. Сондай жақсы қасиеті бар.


- Гүлзира ханым, Қайраттың сыртта жүрісі көп, ұшақпен жиі ұшады. Концерттері көп. Сондай тығыз жұмыс кестесі денсаулығына әсер етпей ме?

- Мен осы уақытқа дейін аурухана жатып көрмегенмін. Балаларым да жатпаған. Олар суықтап, кішкене ауырып қалса, қазақы еммен өзім емдеп аламын. Бір мәрте Қайраттың үстіне қызыл бөрітпе шығып, ауруханаға түсіп қалған. Бір күннен соң шығарып алып, Нұрекеңе Талғар жақтан есек тапқызып, сол жерге Қайратты апардым. Сөйтіп етегіне жем салғызып, есекке жегіздік. Содан Қайрат бірден жазылып кетті. Маған ешкім үйреткен жоқ, бірақ тамақ басатын қасиетім бар. Ісіп тұрған тамаққа дөп тиеді. Сылап, сипап жазып алам. Сосын көбіне үйдің тамағын жегізем. Бәрін қолдан пісіруге тырысамын.


- Сіздің енді үш келініңіз бар ғой. Қай келініңіз сізге жайлы болды?

- Әрқайсысының өзінің жақсы жері бар. Ұнамайтын тұстары да болады. Бірақ ене болғасын кейде соқыр, кейде керең болуға тура келеді. Тіптен жаманы жоқ. Өздері үйлерінде қалай тәрбиеленсе, соны біздің үйде көрсетіп жатыр.

Жалпы, біздің келіндерге түк зиянымыз жоқ. Өйткені тоңазытқыштарын толтырып қоямыз. Ет керек пе, басқасы ма, Нұрекең екеуміз тынбай тауып келеміз. Бүкіл төленетін коммуналдық төлемдерін төлеп, машиналарын жөндетіп, майына дейін құйып қоямыз. Негізінде мұның да дұрыс емес жағы бар. Бала мен келінге бар жағдайды жасап бермеу керек екен, өздері тауып, сол затты армандап, өз еңбегімен алғаны дұрыс.

Қашан болмасын шашым жалбырап жүгіріп жүрем, қонақтардың ас-ауқаты, сыйлығы, бәрін өзім алып жүрем. Келіндер соған үйреніп қалады екен. «Мама деген осындай болу керек» деп ойлайды. Ал ауылдағы келіндер таң атпай тұрады, отынға дейін жарады, ата-енесінің дәрет суына дейін дайындап қояды. Біз енді көбіне «ұйықтап алсыншы, жата берсінші» деп жағдайын жасап жүреміз. Көп жұмсалған келін әр нәрсенің қадірін біледі екен. Сен оны қазір аясаң, ертең ол сені аямайды.

Біз келіндердің бәріне бір-бір көмекші жалдап қойғанбыз. Үй шаруасына көмектеседі. Ала алмай жүрген нәрсесін де ол айтпай жатып әпере саламыз. Мысалы, келіннің «Айфоны» сынса, жарты сағаттың ішінде жаңа «Айфонды» қолына ұстап отырады. Бала-шағаның да, немерелердің де жағдайы жасаулы. Сол негізі кемшілік екен.


- Екі жас үйленгенде «Келінімді қызымдай көрем» деп айтып жатады. Бұл қаншалықты дұрыс, келін қызыңыздай бола ала ма?

- Менің әпкелерім болды, сіңлім жоқ-тұғын. «Сіңлім болса ғой» деп армандаушы едім. Кейін «қыз тусам» деп армандадым. Сосын келіндерім келді. «Қызым сияқты болса, бүкіл жұмысымды игеріп әкетсе, бар шаруамды соған тапсырып, демалып жүрсем, ол маған жанашыр болса...» деп армандадым. Негізі қызың болса саған жаны ашып, анда-мұнда тасып жүреді ғой. Ал келін қызыңдай бола алмайды екен. Қанша жерден сыйлап тұрса да. Немере қызың да өз қызыңдай бола алмайды. Жеме-жемге келгенде анасының жағына шығады. Он жерден жақсы көрсең де сен әжесі боп қаласың. Кейде Нұрекеңе «Не істейміз, бір қыз асырап алсақ қайтеді?» деп ойланып қалам. Бәлкім өзіміз бағып, өсірсек бізге жанашыр болып қарайтын шығар деп армандаймын. Сол арманым әлі бар.

Енді мынау кіші келіннің анасы «Енді бұл сіздің қызыңыз» деп айтып отырады. Лайым солай болсын. Әлі қабағын шытқан жоқ, қашан көрсем күліп тұрады. Маған шекесін тырыстырмаса болды. Күлімдеп тұрса бүкіл жағдайын істей беретін әдетім бар.


- Ене мен келін бір асханаға сыйып жүрсіздер ме?

- Келін үйде болғанда шаруасына араласпаймын. «Шай бересің бе?» деп кіремін. Түскі асы дайын ба деп сұрауға ғана кіремін. Ол шаруадан қиналмайды, көмекшісі бар. «Мен бұл үйге қонақпын, көбіне жолдамын. «Мамам істей салады» деп маған сеніп қалма» деп айтып қойдым. Екі балалы болғанша жанымда бірге тұрып, тәрбиемізді бойына сіңіріп алса деп отырмыз. Бәрін жайландырып, өз орындарына қойып болғасын Нұрекең екеуміз бөлек кетсек пе деп отырмыз. Қазір шаруадан қиналатын уақыт емес. Тамақ істейтін де, үй жинайтын да адамдарды ала саласың.


- Шетелден үй алғансыздар ма? Көбіне қай елде демаласыздар?

- Осы уақытқа шетелден үй алу туралы ой келмепті. Бірақ соңғы кездері Кипр бізге ұнап жүр, бір жағы тау, бір жағы теңіз екен. Сол жақтан бір үй алып қойған дұрыс екен. Әзірге жоспарлап отырмыз.


Сұхбатты «Ютуб» арнасынан ықшамдап жазған – А. ҚАСЫМБЕК.