Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.
Талант - жас талғамайды, ол тек лайық жанға барып қонса керек-ті. Оның да кім екені аса маңызды емес, бірақ ол өзгелерден ерек, бітімі бөлек болатындай. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де ерекше, небәрі он екі жастағы бала. Көп сөйлемейді, бірақ айтарын әнмен жеткізеді.
«Мұз ханзадасы» құлаған уақытта «Аққан жұлдыз» шығармасымен бар жүректі тербеген Нұрәлі Бейсеқожаны өткен демалыста, өзі оқитын А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатына іздеп барғанбыз. Бізді қарсы алған Нұрәлі және ағасы Ғаламатпен мектептегі Жұбанов мұражайында классиканың үнімен сусындап, қызықты әңгімемізді айтып қайттық.
Төрт жасында ешкімнен үйренбеген күйсандықты ойнай бастаған Нұрәлі ағасының айтуынша, кішкентайынан ерекше бала болған.
«Өзі тұйық, адамдармен аса жақын сөйлесе бермейді. Ішкі дүниесін сөзбен емес, музыкамен жеткізетін бала. Бірақ өте бауырмал, өзіне ақша түссе қарындастарымызға тәтті алып береді. Соларды қуантқанды жақсы көреді»-дейді Ғаламат.
Бауырмалдығына көпбалалы отбасында өсіп келе жатқаны себеп болса керек. Алты баланы өсіріп отырған әкелері шаруашылықпен айналысса, аналары үй шаруасында балардың күтімін жасап отыр.
Отбасындағы алты баланың үшеуі композитор, үлкен ағалары Нұрлан домбырашы-композитор, өзінің отызға жуық күйлері мен поэмалары бар екен. Алты жасынан домбыраны серік еткен Ғаламаттың да қоржынында жиырмаға жуық ән-күйлері жатыр. «Ата-анамыз өнер адамдары емес, бірақ өнерді түсінеді, сүйеді» деген Ғаламат өздерінің шығармаларына әкелері кеңес беріп, ақыл қосып отыратынын айтады.
Алты жасынан бастап түрлі композициялар мен әндер шығарып келе жатқан Нұрәлінің фортепианоның алдына алғаш отырған кезі де қызық. Оны ағасы Ғаламат есіне түсіріп, баяндап берді...
Ғаламат: «Бірде үй ішімізбен теледидар қарап отырған едік. Төменгі қабатта фортепианоның дауысы шықты. Үйде тек ағам ғана күйсандықта ойнайтын. Оның теледидар көріп отырғанын білемін, кім тартуы мүмкін..?» деген оймен астына түссем Нұрәлі. Үстінде біз көріп отырған киноның музыкасын өзі ойнап отыр екен. Солай өзі неше түрлі мелодияларды ойнап жүріп, алты жасынан бастап өзі компазициялар шығара бастады. Сол талантын байқаған ата-анам бізді осы мектепке алып келді».
Мектеп табылдырығын музыкамен ұштастырып аттаған Нұрәлі қазір скрипка-фортепианино сыныбында оқиды. Осы кезге дейін түрлі байқайларға қатысып, бақ сынып жүрген кішкентайдың арманы болашақта Еуропа елдерінде үлкен концерттік кештерін өткізу. Қазір де қаншама шығармалары болғанымен оны заңды түрде бекітпегенге ұқсайды, бірақ жуық арада заңдастыратындарын айтып қалды.
Шығармасында мұң мен асқақтық астасып жататын Бетховен, Моцарт сияқты талантарды өзіне үлгі етеді. Өзі кішкентай болса да, салмақты дүниелерді ұнатады. Өйткені өзінің шығармалары да сондай салмақты, сондай терең. Әсіресе ішінде "Аққан жұлдыздың" орыны мүлде бөлек... Ол туралы сұрағанымызда кішкентай бала Денисті қатты жақсы көргенін, үнемі жанкүйер болғанын айтып көңілі түсіп кетті...
Ағасының айтынша, қайғылы хабарды естігенде де Нұрәлі қатты қиналған. "Содан бір-екі күн көңіл күйі жоқ, тек музыка ойнап жүрді. Содан кейін келіп «мен Денис Тенге арнап шығарма шығардым» деп айтты. Бәріміз бірге тыңдадық, сөйтіп бір аптаның ішінде қайта өңдеп шығарды. Одан кейін желіге салған болатынбыз. «Аққан жұлдыз» деген атауды Нұрәлі әкемізбен бірге қойды"-, дейді Ғаламат.
Сол композициясы үшін Нұрәліні Денис Тенге арналған көрмеге шақырған. Сонда Денистің анасымен, ағасымен танысып, чемпионның анасы Нұрәліге алғысын айтып, батасын беріпті. Одан бөлек кішкентай баланың талантын таныған "SAM-Group" компаниясы бір реттік шәкіртақы (200000) табыстаған.
Фото: @Zhaiyk_kyzy
Автор: @karashash_esenbay