"Таңертең ұйқыдан тұрсам, бүткіл денемді жара басып кетіпті. Содан шашымды тықырлап алуға тура келді".
- суреттер кейіпкердің жеке парақшасынан алынды
ЕСКЕРТУ: Сұхбатты көшіріп жариялау үшін редакцияның рұқсаты қатаң талап етіледі!
Ол қыз емес, ән сияқты. Шалқар дауыс шырқау биікке ширыға көтеріліп, тамылжи келіп қайта сорғалағанда, делебесі қозған жұрт орындарында қозғалақтап қалады. Әні де, сөзі де, тақырыбы да бір-біріне ұқсайтын әндерді күнде естіп, құлақ ерқашты боп жүргенде Гүлмира Ізбасханова орындаған әндер мұншалық мәнді болар ма?!. Иә, өнерсүйер қауым «қыз ба, ұл ма?» деп жүрген Гүлмира. Бүгінде ғаламтор жұлдызына айналған стилі ерекше әнші қыз. Әні ерек, өзі бөлек қызбен сұхбаттасқан едік. Көптің көкейінде жүрген сұрақтарды қоюға тырыстық. Ендеше, сұхбатқа назар салыңыз.
– Гүлмира, сені кішкентай кезіңнен білемін. 2004 жылы Шымкенттегі тойханалардың бірінде «жұлқынып» тұрып ән айтқаныңды көрген адамның бірімін. Одан кейін өзіңді көп жылдар өткен соң «Қазақстан» телеарнасындағы «Қазақстан дауысы» тележобасынан көрдік. Кішкентай Гүлмира бой жетіпті, өзіндік стилі қалыптасыпты. Өзгермеген сенің өнерге махаббатың сияқты... Сол тойханада ән салып жүрген балауса қыз бен «Өнер» академиясында оқыған студент Гүлмира, бүгінгі жұлдызды Гүлмираның айырмашылығы жер мен көктей. Сұрақ, соншалық өзгеріске итермелеген не нәрсе?
– Стилімді арнайы ауыстырған жоқпын. Алладан бір сынақ келді. 2017 жылы қараша айында таңертең ұйқыдан тұрсам, бүткіл денемді жара басып кетіпті. Содан шашымды тықырлап алуға тура келді. Себебі дәрі жаққан кезде шашым кедергі жасады. Емші, тәуіптерге оқытылғанымда «көз тигендікі», «көз жара» деп айтты. Шашымды ап тастаған соң кепкамен, орамалмен жүрдім. Халық арасында «Қыз ба, ұл ма?» деген сұрақ кең жайылып кетті. Қазіргідей қай салада болмасын ақшасы не көкесі барлар ғана шығатын заманда менің ешкімім болмағандықтан, тыңдармандарыма осы стилім қызықты болғандықтан, осы стильді ұстанып алдым. Ал сахналық образым, шаш үлгім, костюм, стиль, барлығының авторы – анам.
– Сенің қазіргі стиліңе қатысты сыни пікір көп. Соны қалай қабылдайсың? Жалпы сыртқы ортаның ойы сен үшін маңызды ма?
–Шынымды айтсам, «Бала сияқты», «Еркек сияқты», «Қыз емес» деген сияқты сыни пікір көп айтылады. «Халық айтса қалып айтпайды» демекші, олар да көзбен көргенін айтады. Ал менімен жеке сөйлескен адамдар артынан қателескенін түсінеді. Әркімнің жеке ойы болуы тиіс. Сондықтан, менің тарапыма айтылған сыни пікірлерге түсіністікпен қараймын. Ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсыз ғой. Ешкімнің өмірі мінсіз емес. Сондықтан адамдардың сөздері менің өмір сүруіме, ән салуыма ешқандай да кедергі келтірмейді.
–Осы стиль келешекте өзгеруі мүмкін бе?
– Әрине, бәрі де бір Аллаға мәлім. Өзгеруі мүмкін деп ойлаймын.
–Қазақ шоу бизнесінде көтерілу қиын ба?
–Иә, өте қиын. Аға, көкең болмаса шыға алмайсың. Талант және дайындық болса, түбі жеңіп шығуға мүмкіндік жоқ емес.
–Қазір қай қалада тұрып жатырсың?
–Алматыда тұрып жатқаныма 11 жылдай болып қалды.
–Анаң Зульфия апай да көмекейіне бұлбұл ұя салған талантты әнші. Қазақ еліне ол кісіні таныстырған сен! Оған дейін өнерде жолы болмады ма, әлде тасада қалып қоюына нендей себеп?
–Анам Алматыдағым Чайковский атындағы музыкалық колледжде «Эстрадалық вокалда», әкем «Дәстүрлі өнерде» оқыған. Менің ән өнеріне қадам басуыма анам мен әкемнің ықпалы зор.
–Гүлмира, бауырларың туралы да айтасың ба?
–Үйде төртеуміз. Екі әпкем, бір ағам бар. Мен үйдің кенжесімін.
–«Жанымды орап көк белге, Қыз едім ғой от кеуде. Хабардар бол, ағайын, Ұзатылам көктемде" деп ән салатының бар. Қай көктемде Гүлмираны ақ орамалмен көреміз?
–Ақын Төлеген Айбергенов: «Бір тойым болатыны сөзсіз менің, Дәл қай күні екенін айта алмаймын. Бірақ... бірақ... Ешкімді де билетпей қайтармаймын» деген өлең жолдарындағыдай менің де бір тойым болатыны анық. Алла тағала менің де маңдайыма бір жігітті жазған шығар. Жақын деп айта алмаймын. Құдай бұйыртқан күні болады ғой.
–«Нүрикамал» әнін Жұбаныштан кейін жүрекке жеткізіп орындаған осы Гүлмира болды». Бұл сөзді аталған әннің сөзін жазған Ханбибі Есенқарақызының аузынан естіп едік. Қайсыбір әнді жүрекке жеткізіп айтатын сезімталдығыңнан айналдық. Оның құпиясы неде?
–Қазір менің жасым 28-де. 6 жасымнан бастап мамам мені ән өнеріне жетелеген. Әкем екеуінің қолында артық қаражаты болмағаннан кейін бойжеткенше үлкен сахнаға шыға алмадым. Соның бәрін естіп, көріп, өмірде көп кедергілер мен қиындықтар кездестірген соң бір нәтиже шығармасам болмады. Ұлы Гетенің «1 % талант, 99 % еңбек» деген әлемдік тіркеске айналған сөзін темірқазық етіп алдым да, күн сайын тынымсыз дайындалдым. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын қызыл дипломға бітірсем де, талай додаларға бәйге баптасам да, алдымнан кедергілер кес-кестей берді. Әр әншінің мақсаты – қайсыбір әнді жүрекпен сезіп орындау деп ойлаймын. Сонда ғана нағыз әншіге айналады. Ал бағасын халық береді. Осы деңгейге жеткенім – сол айналайын халқымның арқасы. Қандай пікір айтса да, қалай сынаса да, елімді жақсы көремін. Пікірін құрметтеймін.
–Сананы тұрмыс билеген заманда «Қаламақың қанша?» деп сұрау әбестік емес шығар?
–Қаламақымды айтпай-ақ қояйын, бірақ, келісіп бара беремін. Қатып қалған баға жоқ. «Мынанша теңге» деп тұрып алмаймын. Халқымның да жағдайын ойлаймын.
–Инстаграмда сенің аты-жөніңмен ашылған 7-8 парақшаны көзім шалды. Біздің сайттың оқырмандарына өзіңнің шын парақшаңды таныстыра кетсең...
–Менің шын парақшам – ағылшынша жазғанда gulmira__izbaskanova. Ол жерде 835 мың жазылушым бар. Қалғандары менің фан-парақшаларым.
–Енді материалдық жағдайыңды жасай алдың ба?
–Толықтай жасадым деп айта алмаймын. Менің де жетіспей жатқан бірді-екілі тұстарым бар. «Сабақты ине сәтімен». Шүкір етіп, бәріне сабырмен жетіп жатырмын.
–Күнделікті өмірде танымал болудың пайдасы көп пе, зияны ма?
–Кішкентай кезімде айналамдағылар мені танып, суретке түссе екен деп армандайтынмын. Қазаққа, жалпы әлемге пайдам тиетіндей, соңымнан із қалатындай адам болғым келеді. Әуелі Алла, одан соң анам, содан кейін инстаграмның арқасында әжептәуір танымалдылыққа ие болдым. Күнделікті өмірде пенде болған соң, мысалы, рульде кетіп бара жатқанда байқамай жол ережесін бұзатын кездер болып тұрады. Сондайда: «Аға, ренжімеңізші, білмей қалдым» дегенде, кешіретіні де бар, кешірмейтіндер де кездеседі. Танымал болудың зиянын көрмеппін.
–Қандай хоббиің бар?
–Билегенді және тіл оқығанды, үстел теннисін ойнағанды жақсы көремін.Ағылшын тілін орташа деңгейде, ал орысшалап нан сұрай аламын (күліп).
–Өнер академиясында кімнің сыныбында оқыдың, ұстаздарың жайлы айтсаң...
–Академияға түскен алғашқы жылдары Меруерт Есенова деген мұғалім болды. Ол кісі декретке кеткен соң өз қалауыммен Нағима Есқалиеваның сыныбына ауыстым. Сол кісінің қолында бітіріп шықтым. Ләззат Азаматқызы, Жанна Ермекқызы деген концертмейстерлеріміз болды.
–Шымкентте қай мектепте оқыдың?
–Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында оқыдым. Мектепте Гүлнәр Ернешова және Роза Амрина апайларым ұстаздық етті. Роза Амрина екінші анам боп кеткен. Жалпы, мен ұстаздан жолым болған адаммын. Тәлімгерлеріме алғысым шексіз.
–Былтыр карантин басталғалы өнер адамдарының көпшілігі әншілікті қойып, жеке кәсіп ашып кетті. Сенде әншіліктен басқа не бар?
–Ол кісілер ашса, ақшалары көп, болмаса көкелері бар шығар. Менің ешқандай жеке кәсібім жоқ. Барым да, нарым да– өнерім. Құдай қаласа, жеке кәсіпке де жетіп қалармыз.
–Гүлмира, ашылып сұхбат бергеніңе алғыс! Өнерің ортаймасын! Биіктерге самғай бер!
Сұхбаттасқан Мөлдір Кенжебай
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Карантинде қиналдық, бірақ өлген жоқпыз» - Ұлан Мықтыбек, жайдарманшы
«Жақында апа болады деп айта алмайсың»: Баян Есентаева әже атанбақшы