​«Шок болдым...Келсем, әнім "жарып" тұр ғой»: «Сезім үшін» хит-әнінің авторымен сыр-сұхбат (видео)

0
4 585

"Өздерінің мырзалығы білер ол жағын. Негізінде «Таптым-ау сені» фильмінің өтімді болуына белгілі бір мөлшерде әннің де үлесі тиді ғой..."


​«Шок болдым...Келсем, әнім

ЕСКЕРТУ! Сұхбатты көшіріп басуға автор мен редакцияның жазбаша рұқсаты қажет.

Жүз әні болса да әндері ел есінен шығып кететін композитор бар, сондай-ақ, бір әнімен халықтың жүрегінен орын алып, аты тарихта қалатын дарындылар бар. Жас композитор Талғат Лесті біз екінші санатқа жатқызар едік. Себебі оның «Сезім үшін» деген әні қазір миллиондаған халықтың үйінде, телефонында, көлігінде тыңдалып жатыр. Жастардың хит әнін шығарған Талғат Лес күні кеше ERNUR.KZ тілшісімен кездесіп, көкейдегі сауалдарға жауап берді.


- Талғат, әңгімемізді «Сезім үшін» деген әннің тарихынан бастайықшы. Осыншалықты танымал боп кетерін шығарған кезде сезген бе едіңіз?

- Бұл өзі аты айтып тұрғандай сезімнен туған ән ғой. Қызға ғашық болдық, соның жемісі боп 2019 жылдың аяғында осы ән келді. 2020 жылдың басында Қызылордаға тойға барып, Мейрамбек Беспаевпен жолығып қалдық. Сол жерде ағамызға «Сіз орындап шықсаңыз дұрыс еді» деп екі ән ұсындым. Ол кісі бір сөзге келген жоқ, тыңдап көрді де, алды. Ол кезде Ақберен Елгезектің сөзі жоқ-тұғын. Мейрамбек ағамыз Алматыға барып, Ақберен ақынмен кездесіп, осы сөзді жаздырып алған екен. Сосын өңдеп, аранжировкасын жаздыру үшін Ғазизханның студиясына барған. Сол аралықта карантин басталды да, ән ойлауға шама болмай кетті. Бұл ән Ғазизханның студиясында біраз жатып қалған. Кейін Ғазизхан әнші бұны шағын отырыстарда, жиындарда гитарамен орындап, ұнатып, Мейрамбек Беспаевтан сұрап алыпты.

«Талғатжан, мына әніңді Ғазизхан қалап, сұрап жатыр. Менен гөрі осыған көбірек келетін сияқты, дауысына жарасып тұр, береміз бе, қалай қарайсың? Ал анау екінші әніңді ешкімге бермей, өзім айтып шығам» деп телефон соқты.

Мен несіне қарсы болам, Ғазизхан Шекербеков те тамаша талант иесі, талай хит әндерді шығарған композитор. Жалпы, бір сазгердің екінші бір сазгер шығарған әнді аттай қалап, ұнатып орындауы сирек қой. Сонысына риза болдым.

Бұл әнім Ғазизхан ағамыз орындап шыққан кезде де кәдімгідей хит болды ғой. «Осыған да шүкір» деп ойлап жүргенде, ойда-жоқта екінші тынысы ашылып, «Ютубтан» таралымы 13 миллионға дейін жетті.

Арада біраз уақыт өткенде Ғазизхан аға маған телефон соғып «Осылай боп тұр, киноға саундтрек ретінде сұрап жатыр, рұқсат бересің бе, қарсылығың жоқ па?» деп сұрады. «Айта берсін» дегем. Ол кезде Өзбекстанда гастрольдік сапармен жүргенмін. Елге келсем менің әнім «жарып» тұр ғой. Әр-әр жерден Олжас ағамыз бен Дариға әпкеміздің айтып жатқанын есітіп жүрдім де, толық нұсқасын жақында ғана тыңдап шықтым.


- Өз әніңізді біреулер көкке көтеріп, шырқап жатқанда қалай шыдап жүрдіңіз, тыңдамау мүмкін емес сияқты...

- Өзіме өзім сене алмай, шок боп жүрдім. «Бұл бір лап етіп, кейін басылып кететін дәурен шығар» деп ойладым. Ол Дариға әпкеміз бен Олжас Абайды менсінбегендіктен немесе талантын мойындамағандықтан емес. Өз әнім болғасын сын көзбен қарағаннан шығар, бәлкім. Кезінде осы әннің дуэтке құйыла кететінін қалай байқамағам деп таңғалдым. Қыз бен жігіттің диалогы ретінде екінші тынысы ашылғанын енді түсіндім.


- Дариға Бадықова бір сұхбатында «Хотя бы кинода» фильмінде гонорардан бөлек кассадан түскен ақшадан да үлес алдық» деп айтып еді. Кездескенде «осы фильмнің касса жинауына сенің әніңнің де үлесі бар, рахметіміз болады» деп айтпады ма?

- Фильмнің премьерасын Шымкентте өткізгенде мен де жандарында болдым. Кездесіп, танысып, шай іштік. Рахметтерін айтты. Бірақ гонорар туралы әңгіме болмады. Өздері қалаларды аралап, фильмнің әлегімен абыр-сабыр боп жатқанда ондай әңгіме қозғау да орынсыз шығар. «Жау жағадан алғанда, бөрі – етектен» демей-ақ қояйын. Өздерінің мырзалығы білер ол жағын. Негізінде «Таптым-ау сені» фильмінің өтімді болуына белгілі бір мөлшерде әннің де үлесі тиді ғой.


- Әншілерге бай-бағландар, кәсіпкер азаматтар ат мінгізіп, шапан жауып жатады ғой. Сізге «Сезім үшін» әніңіз үшін ат мінгізген адам болды ма? Жалпы, құпия болмаса қанша табыс таптыңыз?

- Табыс таппадым. Тек жақында Дариға әпкелермен кездескенде ақтаулық Еркебұлан деген кәсіпкер аға-досымыз шапан жапты. «Әніңе рахмет» деп ізетін білдірді. Ол да менің еңбегімді бағалағаны деп білдім.


- Жалпы, сазгерлік қырыңыз қашан ашылды, бойыңызда сондай бір талант барын біліп жүрген бе едіңіз?

-Жетісайдың мектебінде 9-сыныпты бітіріп, Шымкенттегі Саз колледжінің хор-дирижерлау мамандығы бойынша оқуға түстім. Сонда жүргенде ішімде бірдеңе бар екенін сездім. Оған дейін ән жазып көрмегем. 2018-жылы «Жоқ деме» деген әнім жарыққа шықты. Оны өзім Заттыбек Көпбосынұлына ұсынып ем, ұнатып, алды. Адамға адам себепші деген рас қой, сол Заттыбек ағамыз жүрген жерінде мені «жақсы жігіт, жас сазгер» деп таныстырып, айтып, жарнамалап жүрді. Сол кісінің қолдауынан кейін өзімде сенімділік пайда болды. «Мен де ән жазалады екем ғой, бірдеңе бар екен-ау» деген ой келді.


- Отбасыңыз, ата-ана, бауырларыңызға тоқталсақ. Өнер кімнен келді, әулетте ән шығаратын ақын, сазгер бар ма еді?

- Мен 1997-жылы Жетісайда дүниеге келгем. Қарапайым отбасының баласымын. Өнер әкемнен келді деп толық айта алам. Себебі ол кісі жас күнінде өзінің құрдастарымен жиылып ансамбль құрып, жанды дауыста той-жиындарда өнер көрсеткен. Бірнеше аспапта еркін ойнай алатын кісі еді. Өкінішке қарай, 2020-жылы өмірден өтіп кетті. Бірақ менің музыкаға бейім екенімді біліп, қуанып, «Осы балам менің жолымды қуды» деп марқайып кетті. Алғашқы «Жоқ деме» деген әнімді Заттыбек Көпбосынұлының орындауында тыңдап үлгерді.


- Әкеңіздің сізге айтып кеткен өсиеті, ақыл-кеңесі бар ма? Басқа жастарға да сабақ болсын, айта отырсаңыз.

- «Сен менің жолымды қудың, балам. Бірақ бұл жол оңай емес. Талай сүрінесің, талай мәрте түңілесің. Өзім деп келген адамдарың өзектен теуіп, жексұрын етуі мүмкін. Ашуланатын, ренжитін сәттер болады. Ондай кезде араққа жүгірме, тез ұйықтап қал. Ұйқымен жеңесін бәрін» деп көп айтатын. Әсіресе «арақпен дос болма, ішіп кетпе, таза жүр» дегенді құлағыма құйып кетті. Әкем тірі кезде айтқан ақылына тереңнен бойламаған екем. Қазір көріп жатырмыз ғой, дос санап жүрген, жақын тартып жүрген кей адамдардың сатқындығын, қызғанышын, іштарлығын... Әкем айтып кеткен «ұйықта» дегенді жаттап алғам, қазір ренжісем, ашулансам дереу жата қалам, ұйықтап тұрғасын бәрі басыла қалады.


- Сазгер де, әнші де қазір заманның ағымына қарай бейімделіп жатыр ғой. Яғни көбі тойға өтімді, табыс әкелетін әндерге әуес. Сіздің бағыт қандай? Той әндерін жазу жоспарда бар ма?

- Мен лирикпін. Табиғатым той әндеріне келмейді. Ондай әндерді шығара алмаймын-ау. Өзімді қинап, табыс үшін не болса соны жазудан да аулақпын. Жалпы, мен өзі біртүрлі адаммын. Қоғамның, заманның ағымымен жүре алмайды екенмін. «Мынау ән хит қой, бір-екі аккордын өздертіп жіберіп мен де біреуін жазып тасайын» деу жоқ. Жүректен не шығады, соны берем халыққа. Ниетім тура, майда ақшаға алданбай, ешкімнің есінде қалмайтын 100 ән шығарғанша, саналы, сапалы 10 ән жазсам, мақсатымның орындалғаны.


- Айтпақшы, жаңағы «Сезім үшін» әнінің шығуына себепкер болған қыз қазір қайда? Өзіне осындай ән арнағаныңызды білді ме?

- Ол қызға мен сырттай ғашық болдым ғой. Қазір тұрмысқа шығып, өз теңін тауып кеткен. Ән арнағанымды білген шығар, шет-жағасын естіді ғой.


- Одан кейін сезімді селт еткізген ару жолықпады ма? Қазір әніңіз хит, әлеуметтік желіде хат жазатын қыз көп шығар. Қиялдағы қыз қандай?

- Іздеп жүрмін, үйдегілер «қашан үйленесің» деген әңгімегі бастап қойған. «Биыл күзде» деп уәде беріп едім, бұйырмады. Маған қарапайым, бірақ қылықты қыздар ұнайды. Себебі анам қылықты, жан-жақты. Сол сияқты әйелім қылығымен баурап отырса, менің музама айналып, жақсы әндердің шығуына себепкер болса екен деп армандап қоямын. Негізі мен эмоциямды іште тұншықтыратын адаммын. Жек көріп тұрсам да, жақсы көрсем де бетіне айта алмаймын. Әлгі қыздан айырылып қалуыма да осы мінезім себеп болған шығар. Бір жағы, ашық мінезді адам болғанда бұлай ән жазбайтын ба едім деп ойлаймын. Эмоциямды, ішімдегі түрлі сезімді әнмен шығарады екем.


- Алдымен әуен шыға ма, әлде өлеңге қарап шығарған оңай ма? Шабыт жайлы айтсақ...

- Өлең бар ма, жоқ па, оған қарамайды шабыт деген. Біреуге қатты ренжігенде, қатты қуанғанда құйылып келе қалады. Соңғы кезде ән туып жатқанын сезетін болдым. Екі-үш күн көңіл күйім болмай, ренжіп жүрем. Жолым болмай қалады ондай кездері. Қарапайым ғана мысал, азанда тұрсам ыстық су болмай қалады, дүкеннен іздегеніңді таппайсың, келіскен адамың келмей қояды, әйтеуір сол күндері мазам кетеді. Әлде мен сол нәрсенің бәрін жіпке тізіп, қатты көңілге алып қалам ба, түсініксіз, тылсым нәрсені бастан өткізем. Кешке жататын кезде көңілім босап, қолыма гитарамды алам да, әнімді шығарып тастаймын.


- Ақберен Елгезек те оңай ақын емес. Ол кісі әніңізге қандай баға берді?

- Ол кісімен қазір тығыз байланыстамыз. Бұрын сырттай есітіп, біліп жүргенмін, бірақ «Сезім үшін» бізді таныстырды. Ол кісі жақында хабарласып «Талғат, мынау не болды өзі, екеуміз Қазақстаннан көшіп кетеміз-ау» деп әзілдеп күлді. Сосын «Тарихта әнді бір әнші орындап, ол көп ұзамай екінші бір әншінің шырқауымен қайта түлеуі бұрын болмаған. Шыққанына 20-30 жыл болса бір сәрі, айналдырған 2-3 жылда екі дүркін хит боп кетті. Енді бізге бұдан да жақсы шығарманы ұсыну керек. Бұдан төмендесек ұят болады, ешкім кешірмейді» деді. Сосын мен ол кісіден дайын, жазулы тұрған өлеңдерін сұрап алдым. Енді, бұйыртса алдағы уақытта жаңа әндер шығып қалар.

Айтпақшы, жаңағы Мейрамбек Беспаевқа берген екінші әнімнің сөзін Қалқаман Сарин жазыпты. Кіл мықтылар өлең жазып жатыр, шүкір. Басқа сазгерлер алғашқы әнін жас әншілерге беріп жатады. Менің бірінші әнімді Заттыбек Көпбосынұлының өзі қалап, орындады. Бұл жағынан бағы жанған сазгер болдым.


- Талғат, лайым мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік болсын! Шәмші, Ескендір аталарымыздай атыңыз тарихта қалсын деп тілейміз.

Сұхбаттасқан – Сапарайым Кенжалиева.

ERNUR.KZ