​«Жаспын, сұлумын, әлі де үмітім бар...»: Бақыт Шадаева үш күйеуімен ажырасуының себебін айтып берді

0
1 638

«Ақша да, дүние де, бәрі бар, тек қорғайтын адам керек»


​«Жаспын, сұлумын, әлі де үмітім бар...»: Бақыт Шадаева үш күйеуімен ажырасуының себебін айтып берді

Әнші Бақыт Шадаева «Менің өмірім» бағдарламасында жеке өмірі, қызының тағдыры мен өнері жайлы ағынан жарылып, әңгіме айтты.


- Әр адамның ел білмейтін құпиясы болады. Дегенмен, өзіңізден кіші сіңлілеріңізге сабақ болсын деген оймен оқырманның көкейінде жүрген сұрақты қойғым келеді. Жалпы, біз сізді атына заты сай, өте бақытты жан деп білеміз ғой. Десе де бірнеше рет тұрмыста болдыңыз, мұның себебі неде, кім кінәлі?

- Мен өнерге ерте келдім. Оқуды бітіріп, «Гүлдер» ансамбліне жас маман боп жұмысқа тұрып, жатақханадан бөлме алғам. Асхана мен бөлменің ортасында шапқылап жүріп-ақ өнер саласында жүрген жігіттермен танысып үлгердік. Солардың арасынан кітапты көп оқыған, ойы-өресі биік бір жігітке көз салдым. Ол менің алдымды торуылдап, жол бермей жүретін. Сол арада жатақханаға оның анасы келіп, менімен танысып, «демалыста үйге келіп, қонақ болыңдар» деп кетті. Не керек, Ежер екеуміз бір демалыста оның еліне баратын болдық, Алтай өңіріне. Жаспыз ғой, «жүр» десе кете бергем. Барған кезде Ежердің қазақ емес екенін бір-ақ білдім ғой. Оның туыстары өзінің ұлттық киімдерін киіп, бізді қарсы алғанда «Ойбай, сен қазақ емессің бе, чукчасыңдар ма?» дегем. Сол моментте ұрысып қалдық. «Мен Алтайлықпын, қайдағы чукча» деп ренжіді. Шынымды айтсам, сол кезде қатты қорықтым, бірақ артта 3 мың шақырым жатыр, келерімді келіп алғам. Анасы бетімнен сүйіп, батасын беріп, басыма орамал салып, отырғызып қойды. Шегінерге жол қалмады.

Бірақ Ежердің әке-шешесі жақсы еді. Маған ерекше ықылас танытты. Бір айдай сол елде тұрдық. Кейін Алматыға ерлі-зайыпты боп оралдық. Менің әке-шешем тұрмысқа шыққанымды қабылдай алмады. «Ол қандай жер, біз соншама шақырым жол жүріп бара алмаймыз» деп, бармады. Ол кезде менің табысым жақсы еді, ансамблден жоғары жалақы алам. Барған жерімнің тұрмысы той жасайтындай болмағасын мен өз қалтамнан ақша шығарып, той жасадым.

Күйеуімнің табысы аз, соған қарамастан «анда бармайсың, мында ән айтпайсың, бүйтіп жүр, былай отыр» деп өнерден де, өмірден де шектей берді. Табыс жоқ, тіпті айлап тоя тамақ жемеген күндерім болды. Сол аралықта аяғым ауырлады. Дүниеге қызым келіп, бес айға толғанда күйеуім әскерге кетіп қалды. Өзім декреттемін, жұмыс жоқ, әке-шешем «енді сені күйеуің асырасын» деп шегелеп айтқан, олардан көмек сұрай алмадым.

Әскерге келуіне 7-8 ай қалғанда генерал Сағадат Нұрмағамбетовтың алдында ән айттым. Әңгіменің реті келгенде «Аға, кішкентай қызыммен қиналып кеттім. Күйеуім пәлен жерде әскерде жүр еді...» деп жағдайды айтып ем, ол кісі бір сөзге келместен күйеуімді Алматыға алдырып, әскери бөлімшеге орналастырып берді. Сол жерде әрі борышын өтеп, әрі жұмыс істеді. Солай мен оның жағдайын істеген сайын құтырды. Кішкентай баладан бетер, еркелеп, өзінше талап қойып, қоқаңдай бастады. Ақырында «кешір, сенің еркелігіңді көтеріп жүре алмайды екем» деп, ажырастық.


- Ол кісі қызына жәрдем берді ме, хабарласып, араласып тұра ма?

- Жоқ, бізде өкінішке қарай ажырасқасын бүкіл жауапкершілік әйелдің мойнына артылады ғой. Сондықтан мен де бар шаруаны бір өзім арқалап, қызымды оқытып, жетілдіріп, өсірдім. Одан кейін тағы бір қызым бар. Үлкен қызымды қолдан әдемілеп ұзаттым. Екі немерем бар, екеуі де мектепке барып қалды. Үлкені үшінші сыныпта оқып жатыр.


- Бірақ, өкінішке қарай, қызыңыз да ажырасып кеткен деп естідік.

- Ажырасып кетті деп те айта алмаймын. Өзіңіз білесіз ғой, отбасылық өмірде неше түрлі мәселе, сынақ болады. Күйеу баламның жағдайы жақсы, араласатын ортасы көп, жиі қыдырады. Сөйтіп жүргенде бір орыс әйел күйеу баламның басын айналдырып, қызым екеуінің арасына от салды. Қазір сондай жағдайда жүр. Бірақ біз мойымаймыз, мықтымыз, бәрін жеңіп шығамыз. Күйеу бала көмектесіп тұрады. Сондықтан, бәлкім келешекте қосылып қалар. Нақты ештеңе айта алмаймын...


- Екінші рет тұрмысқа шыққаныңыз жайлы айтып берсеңіз...

- Ажырасқасын 10 жылдан кейін екінші рет тұрмысқа шықтым. Танысуымыздың өзі қызық болды, ол мен айдап жүрген көліктің алғашқы иесі екен. Өзі іздеп, телефон соғып, «менің ән жазатын хоббиім бар еді» деп айтты. Солай үйіне қонаққа бардық. Ажырасқан екен, сот боп істейтін азамат еді. Анасы «үйлен» деп жүрген болуы керек, үйіне қонаққа барғанда екеуі екі жақтап сұрақтың астына алып, біраз уақыттан соң менің ауылыма, ата-анамның алдына бүкіл ағайын-туысын жинап, құда түсіп барды.

Шынымды айтсам, түскөргендей болды бәрі. Әлі жақсы танысып, білісіп үлгермегенбіз. «Біз сені қалаймыз, аламыз» деп қолқалап, анамнан бата сұрады. Ол кезде мамам марқұм бар еді, «Мен де қызымның тұрмысқа шыққанын қалаймын, бірақ сіздер түсініңіздер, бұл менің қызым емес, өнердің қызы. Халықтың адамы. Жүріс-тұрысы да, бәрі басқаша. Жеке өміріне басқа түгілі біз де араласпаймыз, өнерін түсінетін адам керек» деп бәрін ашық айтты. Ол кісілер де «Біз бәрін білеміз, түсінеміз, Бақыттың аяғына тұсау салмаймыз» деді. Осылайша біздер бас қостық.

Үйленіп, тойымыз өткен күннің ертеңіне күйеуіме Қарағандыға жолдама берді. Бәріне көніп, Қарағандыға жолға шыққанбыз. Негізі маған тыңдармандар жиі телефон шалып, танысып, тілек айтады ғой. Жолда сондай бір кісі звондап, «Ой, сіз Бақыт Шадаевасыз ба? Шынымен сізбен сөйлесіптұрмын ба? Өнеріңізді сыйлаймын, я вас люблю» деп айтып келе жатқан. Күйеуім телефонды қолымнан жұлып алды да, машинаның ішінде сындырып, лақтырып тастады. Мен таңғалып қалдым, түсінбей, шошып кеттім. Күйеуімнің көзі аларып кеткен. «Ол саған люблю деп жатыр, сен оған мәзсің» деп айқайлады.

Қарағадыға барғасын әкім бізді дастархан жайып, қонақтыққа шақырды. Үлкен мейрамханаға кіргеніміз сол еді, «Ой, Бақыт ханым» деп бәрі қаумалап, төрге әкетті. Күйеуім артта қалып қойды. Сол қалған күйі кері бұрылып, қайтып кеткен ғой. Үйге келсем «Сен неге қалып қойдың, неге менімен еріп қайтпадың» деп қырғын шығарды. Сол қызғаныш тоқтамады ғой, басымнан соққы жеп, ауруханада жаттым, екі рет. Үшінші рет қол көтегенде ажырасуға шешім қабылдадым. Жұрт не айтады, ел не дейді, ол мені қызықтырған жоқ. Мен тек қызым үшін керек екенімді түсініп, сол үшін басымды арашалап алдым.


- Үшінші рет қалай болды?

- Мен сізге айтайын, мен ешқашан еркекке бірінші боп сезімімді білдірген адам емеспін. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде тағы бір жігітпен таныстым. Ол менен бес жасқа үлкен, ажырасқан азамат болатын. Тағдырымды жақсы білді. Өзі табыскер екен. Менің жағдайымды жақсы жасады. Екі жыл араластық. Содан кейін «біз жүріп жүрміз, арамызда бала бола ма» деп әңгіме айтты маған. Сол сөзге ердім де, тұрмысқа шықтым. Американың бірнеше қаласына гастрольдік сапармен барып, екі айдай сонда жүрдік. Сол сапарда араға 18 жыл салып аяғым ауырлағанын білдім. Қуанышымда шек болмады. Бақыттан басым айналып, аналық махаббатым оянып жүргенде күйеуім басқа әйелдермен сауық құрыпты. Оны мен білмеймін.

Сөйтіп жүргенде басына іс түскен сыңайды. Қашып кетті, хабарын біле алмадық. Іздеп таппадық. Босанатын күнім жақындаған кезде бір досын кездестіріп қалдым, «ол жігіт осылай да осылай, қайтыс боп кетті» деп хабар берді. Қатты уайыммен ертеңіне қызымды босандым. Осы сәтте өксіп тұрып жыладым. Өйткені қызымды әкесіз босанғаным жаныма батты. Ол туралы айту әлі күнге ауыр.


- Сонда ол азамат шынымен қайтыс боп кеткен бе?

- Қызымды босанып, екі жылдан соң ол жігіттің туған жеріне ұшып бардым ғой. «Не боп қалды, шынымен өлі ме, тірі ме? Қайтыс болса жерлеген жерін көрсетіңдер» дедім ғой. Сөйтсем ештеңе болмапты. «Ол істі боп, бас бостандығынан шектелген» деді. Оны естігенде есеңгіреп қалдым. Артынан отырған жеріне іздеп барып, кездесуге шақырдым. Сөйтсем ол жігіт «Бақыт Шадаеваның кім екенін білмеймін, танымаймын» депті.

Сола арлықта үлкен қызымды ұзатып, енді өз-өзіме келіп жатқам. Бір күні звондап, кездесуге шақырды. Барып, мән-жайды өз аузынан естиін дегем. Бірақ ол мүлдем басқа адам боп шықты. Қызы туралы сұрамады да, «маған ақша керек, көмектесші» деді салған жерден. Сол нәрседен кейін таңдау жасауда қателескенімді түсіндім. Кейін естісем, ол менімен жүргенде тағы бір әйелмен көңіл жарастырып, онысы да бала тапқан екен...


- Атыңызға затыңыз сай боп, бақытты ғұмыр кешіңіз! Жақсылықтан күдер үзбейік, аман жүріңіз!


Сұхбатты «Ютуб» арнасынан ықшамдап жазған - С. Кенжалиева.