​“Жұлдыздарға не жетпейді?”: бренд-менеджермен сұхбат

0
5 593

Танымал бренд-менеджер, журналист-редактор Арайлым Русланқызымен сұхбат.


​“Жұлдыздарға не жетпейді?”: бренд-менеджермен сұхбат

Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Арайлым. Соңғы уақытта актуалдылығы артқан салалардың қатары көп. Оның бірін елімізде дамытып жүрген жандардың бірі - өзіңізсіз. Әңгімемізді осыдан бастайықшы. Брендолог қандай қызмет атқарады?

Арайлым Русланқызы: "Ernur.kz" сайтының барша оқырманына сәлембердім! Иә, қазіргі таңда, әсіресе, пандемия кезінде барлық бизнес онлайнға көшкенде, ең маңызды әрі сұранысқа ие мамандықтың бірі - брендолог боп шыға келді.

Брендолог немесе бренд-менеджер - мақсатты аудиторияға миллиондардың арасынан белгілі бір тұлғаны немесе тауарды таңдауға итермелейді. Яғни, жеке брендті қалыптастырады. Ал жеке бренд - ақша әкелетін басты құрал.

Қарашаш Есенбай: Брендолог өзінің жеке брендін қалыптастырғысы келген әрбір клиенттің талабын орындай ала ма? Әлде қандай да бір критерийлері бар ма?

Арайлым Русланқызы: Кез келген брендолог орындай алады деп айта алмайтын. Себебі жеке бренд иерархиясының бірнеше түрі бар: тауарлық және тұлғалық. Тұлғалықтың өзін саяси бренд, шоу-бизнес, спорт және эксперт бренді деп бөліп қарастыруға болады. Сондықтан әрбір брендолог өзі машықтанған салада ғана жеке брендті жасап шыға алады.

Қарашаш Есенбай: Қазір біздің елімізде жеке брендін қалыптастыруы керек тұлғалар көп пе?

Арайлым Русланқызы: Иә, елімізде ондай тұлғалар да және брендолгқа сұраныс та өте көп. Әсіресе, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған инфобизнестегі эксперт мамандарды айтар едім. Одан бөлек, пандемия басталғалы сыйы кеткен екі саланың өкілі бар: саясаткерлер менәнші-әртістер. Соңғы екі топқа кәсіби брендологпен жұмыс істеп, образ қалыптастырған артық етпес дер едім.

Қарашаш Есенбай: Брендолог дайындау, яғни, сіз секілді маман болып шығу қанша уакытты қажет етеді? Және басты талап қандай?

Арайлым Русланқызы: Брендолог дайындау - оқытудан бұрын тәжірибеден өткізуге байланысты. Осы тұста мен салалық брендолог дайындауға көбірек акцент беруші едім. Шоу-бизнес пен спортшылардың жеке брендін қалыптастыру аса қиынға түспейді және ұзақ уақыт алмайды. Ал саясаткерлер мен жаңадан бастап жатқан эксперттер үшін аудиторияның сеніміне кіру және образын қалыптастыру біраз жұмыс.

Брендолгқа қойылар басты талап - клиентті сезіну және шындыққа саятын бренд қалыптастыру. Себебі біздің қоғамда “дутый” брендтер де жоқ емес.

Қарашаш Есенбай: Сіз осы уақытқа дейін қанша тұлғаның брендін жасадыңыз?

Арайлым Русланқызы: Осы уақытқа дейін 2 шоу-бизнес өкілінің, 1 саясаткер мен 2 эксперттің брендін жасадым. Бірақ оның бәрі сәтті болды деп айта алмаймын. 80%-ы жетістікке жетті.

Қарашаш Есенбай: Танымал әйелдердің атақты кітаптарының редакторысыз. Бұл мүмкіндік қалай туды және қызықтары мен қиындықтарын бөліссеңіз?

Арайлым Русланқызы: Иә, Ләйлә Сұлтанқызының “Әйел”, Жұлдыз Абдукаримованың “Сезін” кітабының редакторымын. “Әйел” кітабына редактор болмас бұрын мен “Балапан” телеарнасының сценарисі және тікелей эфир редакторы едім. Ол кезде бастығымыз - Ләйлә Сұлтанқызы. Кітапқа дейін менің жазған шымшыма мақалаларыма оң бағасын беріп жүрген. Бір күні ол кісі маған бір жазбаны ұсынды да “Оқып шығып, ойыңды айтшы”, - деді. Мен оны үйге алып кеттім. Танысып шыққан соң бір линия мен шарықтау шегі жетіспейтінін, құрғақ екенін айттым. Ойымда түк жоқ. Ол кісі сөзімді үзбей тыңдап отырды да, кітапқа редактор болуды ұсынды. Мен бір күн ойланып, келісімімді бердім.

Ал Жұлдыздың кітабына келсек, жоба барысында 4 редакторды ауыстырдық. Әуел бастан өзімнің кандидатурамды ұсынған болатынмын. Бірақ өзге жобаларымыз тоқтап қалатын болғандықтан, маған рұқсат бермеді. Осылайша 4 редактордың ауысқанын, дедлайнның жақындағанын ескере кеп, “Сезін” кітабын да маған тапсырды.

Уақыт таяғанда алған соң, ұйқысыз түндер қиындық тудырмаса, басқа анау айтқандай ауырлық болған жоқ. Әрине, оқиғаға тұздық қосып,көркемдеу керек болған жерлерінде шабыт іздеп, дәл керек идеяңды туа алмай, сыймай кеткен сәттер болды. Процесстен ләззат алып, сезіне істегеннен кейін тігісі де жата қалады. Жұлдыз да, Ләйлә ханым да жұмысыма рақметін айтпаса, сынын естімедім.

Қарашаш Есенбай: Бренд жасау дегенде, тек шоу-бизнес айналасында қалып қоймадық па? Біздегі спортшы, саясаткерлердің портреті неге шоу-бизнестен кейінгі орынға қалып келеді?

Арайлым Русланқызы: Шыны керек, соңғы кездері шоу-бизнес өкілдерінің жеке брендінен көрі, саясаткерлердің брендін қалыптастырғым келеді. Бірақ барлық ұсыныс тек әнші, актерлер мен эксперттерден ғана түсуде.

Алдағы уақытта халыққа расымен пайда әкелер, өзгеріс әкелер қолында билігі мен күші бар адамның брендін жасағым келеді. Бұл өзім үшін де үлкен белес болар еді.

Қарашаш Есенбай: Танымал адамдардың брендін жасау кезінде олармен келіспей кезеңдер болатын шығар, оны қалай шешесіз?

Арайлым Русланқызы: Әрине, келіспей қалатын сәттер болады. Сондықтан жұмыс бастар алдында көзқарасы, ұстанымы өзіңдікімен сай келетін адам екеніне көз жеткізу маңызды. Мысалы, менің келіспей қалған сәттерім болды. Әсіресе, ұлттық құндылық пен менталитетке қайшы келетін тұстарында, халықтың қарсы пікірін алатын кезде шырылдап кетемін. Көзқарас келіспесе, жұмыс істеуден бас тартамын.

Қазір Жұлдызбен бағытымыз бір. Дінде тыйым салған, халыққа зиян келер дүниелерді жарнама жасамаймыз деп о бастан келісіп алғанбыз. Соның арқасында, "Ломбард 24" қаржылық пирамидасының шуынан аман қалдық. Мұндай мысалдар айта берсек көп. Ең бастысы, Жұлдыз мені, мен Жұлдызды толық түсінеміз.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіз жайлы да айта отырсаңыз. Туып, өскен, білім алған ортаңыз туралы.

Арайлым Русланқызы: Өзім кіші жүздің қызымын. Туған жерім - Атырау, өскен жерім - Маңғыстау. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінің журналистика факультетін тәмамдағанмын. Бұл салада 5 жылдан астам қызмет етіп келемін.

Қарашаш Есенбай: Білгеніңізбен, тәжірибеңізбен бөлісіп, болашақ әріптестеріңізді дайындау жоспарда бар ма?

Арайлым Русланқызы: Бөлісу ойда бер, себебі сұраныс көп. Бірақ қазіргідей ақша табу мақсатында емес, үлкен бір миссия үшін оқытқым келеді.Берер ақпаратым су ғана болмас үшін, құнарлы дүние дайындағым келеді.

Қарашаш Есенбай: Әңгімеңізге рахмет!