Иіссу таңдауда ШАШТЫҢ ТҮСІН де ескеру КЕРЕК пе?

0
2 701

Мыңдаған иіссулар арасынан «өз жұпарыңызды» тап басып тану үшін мыналарды білу керек.


Иіссу таңдауда ШАШТЫҢ ТҮСІН де ескеру КЕРЕК пе?

Фото: images.reference.com

Иіссу таңдау – оңай шаруа емес. Екінің бірінің бойына біте бермейтін, бәрі игере бермейтін өнер деуге де болады. Әрбір иіссудің уақыт өте келе жұпарын өзгертетіні, кейде мұрынның қате ақпарат беруі, бір иіссудың әр теріде әр түрлі «мінез көрсетуі» дегендей тұстары бар. Осыдан ғой көбіне бір парфюмды алып қойып, артынан ұнатпай жүретініміз.

Асылында, өз иіссуыңызды, дәл сіздің мінез-құлқыңызға, жағдайыңызға, сырт келбетіңізге сай келетінін табу қиын іс. Өнер деуге де болады. Бұл ретте тіпті шаш түсін де есепке алу керектігін ескерсек, артық болмайды-ау. Нені білу керек?


«Нота», «шлейф» - ол не?

Иіс сезу қабілеті арқылы өзіңізге де, айналадағы адамдарға да ұнағыңыз, есте қаларлықтай әсер сыйлағыңыз келе ме? Хош иістің көмегімен сырт келбетіңіз бен ішкі әлеміңізден хабар бере алу үшін ең алдымен парфюм иісі жайлы мынаны білу керек.

Сапалы парфюмериялық құралдың жұпары бірнеше сатыдан тұрады. Кәсіби тілде оны «нота» деп атайды.


Бірінші немесе жоғарғы нота – ең жеңіл иіс. Әдетте, гүл не цитрусты жемістер жұпары болып келеді. Мұрынға бірінші болып сезіледі. Шамамен 15 минуттай уақыт ішінде парфюм құрамындағы спиртпен бірге ұшып кетеді.


Екінші немесе ортаңғы нота – бұл парфюмның «жүрегі». Жеңіл де жұмсақ, жағымды хош иіс. Шамамен 1 сағаттай уақытта сезіліп, күні бойына серігіңізге айналады. Иіссуды денеге себе салып не құты қақпағынан иіскей салсаңыз, бұл жұпардан мүлдем хабарыңыз болмайды. Күту арқылы ғана біле аласыз.


Үшінші, базалық немесе төменгі нота – парфюмериялық өнімнің ең ұзақ сезіліп тұратын иісі. Жүрген жолыңызда артыңызға қалдырып кететін хош иіс. Өзіңізге ең қатты ұнауы керек тұсы да осы. Иіссу таңдағанда бірінші не екінші нотаны емес, дәл осы үшінші нотаны ұнатып алғандар қателеспейді.


Хош иіс композициясы түрлері


Түрлі иіссу жұпарларынан «дәм татып» көре берсе, басты айнадырып, жүректі айнытуы ғажап емес. Сондықтан, оларды құрамы, құрылымына қарай топтастырады.


Гүлді – әдетте, жасмин, раушан, лала, басқа да гүлдердің хош иісі аңқитын әтір. Мұндай әтірлер нәзік қыз-келіншектерге, өте талғампаз жандар мен шығармашылық адамдарына сай келеді.


Жемісті – мұндай иіссу құтысына өрік, шабдалы, орман жидектері, қауын, тағы да басқа жеміс-жидек жұпарлары толтырылған. Әдетте, гүлді иістермен араласып келеді. Бұл хош иістер әсіресе, ашық-жарқын, ақкөңіл, позитивті, өмірге дән риза, белсенді жас қыздарға лайық.


Цитрусты – апельсин, бергамот, лимон, мандарин, грейпфрут секілді цитрусты жемістердің иісі басым түсетін парфюм. Ақ көңіл, жарқын мінез иелеріне сай келеді.


Шығыстық – біршама тұрақты, ауырлау, тәтті хош иіс. Әдетте, мускус, ваниль, түрлі дәмдеуіштер иісі көбірек сезіледі. Қызуқанды, салтанатты, сәнді, жұмбақ жан иелеріне, әсіресе, 30 жастан асқан қыз-келіншектерге арналғандай.


Дәмді немесе татымды – қалампыр, зімбір, бұрыш, лаванда жұпары аңқитын жылы иіс. Көбіне бірбеткей, ширақ да қарқынды қимыл үстіндегі, әр нәрсеге әуес, қызба да құмар жастар жоғары бағалап, таңдап жатады.


Ағаш сүректі – бұл да жылы хош иіс. Әдетте, сандал және самырсын ағаштары сүрегінің иісі сезіледі. Романтикаға жаны құмар, сезімге берілгіш, сүйгіш, жомарт жандардың жұпары.


Жасыл – жаңа орылған жас шөптің, жасыл-желектің, жалбыз не қылқанның иісі аңқитын парфюм. Тазалықты, табиғилықты ұнататын, жасандылық пен химияға жаны қастардың таңдауы.


Балғын – иісі де, түсі де таудың таза ауасын, жаңбырдан соңғы таза ауаны, мөлдір суды, теңізден ескен желді еске салады. Аздаған қарбыз, жүзім немесе лала гүлінің нотасы сезіледі. Иіссудың мұндай түрлері романтиканы жақсы көретін жас қыздарға лайық.

Осы ақпаратты білгеннен кейін өз мінез-құлқыңызға, ерекшелігіңізге, ішкі әлеміңізге қандай түрі сәйкес келетінін шамалап та қалған боларсыз. Ендеше, ары қарай кеттік.



Тері типі де маңызды

Жақпамай, лосьон, жуынатын құралдар таңдағанда теріңіздің типін есепке аласыз, солай ма? Ал, иіссу таңдағанда ше? Ол да теріге себіліп, өз қызметін терінің көмегімен атқарады емес пе.

Осы тұста бір парфюмның бірнеше адамның денесіне сепкенде әртүрлі иіс шығаратынын айта кету керек. Мұның себебі терінің құрылымында.


Құрғақ тері иіссуды ұзақ ұстап тұра алмайды. Ол парфюм құрамындағы майларды тез арада өзіне сіңіріп алады. Сондықтан парфюмерлер құрғақ тері иелеріне шығыстық ноталары бар өткір де қою, қаныққан хош иістерді таңдауға кеңес береді.


Ал, майлы тері иелеріне жеңіл, олардың денесінде иіссу жұпары ұзақ сақталады. Оның үстіне, мұндай тері типі кез келген иісті одан әрі күшейтіп, тәтті ете түседі. Жемісті композициялар мен болгар раушаны нотасы бар иіссулар сай.



Шаш түсінің қандай қатысы бар?

Өз иіссуыңызды іздеу барысында шашыңыздың түсін де ескеру керек екен. Айталық, қараторы реңді қара шаш иелеріне шығыстық, дәмді не гүлді ноталары бар иіссулар лайық. Әсіресе, жасмин, лала, мускус, даршын немесе сандал иістерін таңдаса, қателеспейді.

Ал егер сары шашты сұлу болсаңыз, сіздің нұсқаңыз – цитрусты, гүлді және жасыл хош иістер. Сондықтан, құрамында меруертгүл, шегіргүл, лаванда жұпарлары шабдалы, лимон, мандарин иістерімен үйлестірілген парфюмдерді таңдаңыз.

Шашыңыз ерекше отты қызыл түсті болса, шығыстық және ағаш сүректі иіссулер керемет үйлесім табады. Ваниль, ауыз қуыратын ладан, майсана, самырсын ноталарына назар аударыңыз.

Табиғат сізге ақ сары шаш сыйласа, өз иіссуыңызды гүлді және жасыл иіссу түрлерінің арасынан іздеген абзал.



"Керек тастың ауырлығы болмайды".

Пайдалы кеңестің артығы жоқ.

  • Иіссу таңдауға таңертең барған дұрыс. Кешке қарай иіс сезу қабілеті әлсірейді.
  • Сондай-ақ, өзге біреудің терісіне сеуіп, соны иіскеу, арнайы тест қағазын қолдану да қателік. Тек өз денеңіз, өз теріңіз, өз білегіңіз ғана сізге сенімді ақпарат бере алады.
  • Қыз-келіншектерге етеккір кезінде және күнтізбе бойынша келуіне бірнеше күн қалғанда иіссу таңдамауға кеңес береді парфюмерлер. Себеп – осы уақыттарда болатын гормондар өзгерісі және иіске деген жоғары сезімталдық.
  • Төрт түрлі иістен артық қатарынан иіскемеңіз. Одан көп иісті мұрын дұрыс қабылдай алмайды.
  • Сынамадағы иіссуды денеге жаққан соң теріні үйкемеңіз. Сонда спирт денеге сіңбей, оңай ұшып кетеді әрі иіссу ноталары кедергісіз ашылады.
  • Күнделікті, күндіз себуге нәзік, жұмсақ иістерді таңдаңыз. Ал, кешкіге қою иісті парфюмериялық композициялар жарайды.
  • Иіссу таңдауда өзгелердің кеңесіне, сәнге жүгінбеңіз. Соңғы шыққан үлгілерді де байқап көруцге болады, бірақ, ұнамаса, жаңа үлгі болғаны үшін ғана сатып алу артық. Хош иістің өзіңізге ұнайтын түрін өзіңіз ғана таңдай аласыз.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да ОҚЫҢЫЗ:


Курткаңыз кірлесе, жумай-ақ пиязбен тазалап алыңыз