Ер балаға ЖЕҢІЛІСТІ көтере білуді ҮЙРЕТІҢІЗ

0
1 197

Өмір сынағынан өте алмағанда, сынып кетпеуі үшін


Ер балаға ЖЕҢІЛІСТІ көтере білуді ҮЙРЕТІҢІЗ

Өмір - күрестен, ал күрес - жеңіс пен жеңілістен тұрады. Бәріне бірдей жеңімпаз болу жазылмаған. Ең мықты дегендердің өзі жеңіс тұғырына үнемі жете бермейді. Жеңімпаздар санаулы ғана, ал оны армандайтындар - сансыз.

Сіздің балаңыз да осы көптің бірі болуы әбден мүмкін. Әрине, кішкентайынан қаһармандық рухын қайрап, өзіне сенімділікті сіңіріп, жеңіске ұмтылуды насихат еткен дұрыс. Бірақ, жеңіліс тапқан жағдайда, оны лайықты көтерудің де жеңіспен пара-пар екенін ұқтырыңыз. Әсіресе, ер баланың бойында күрескерлік рухы жалындап тұрады. Оларды түрлі сынға салып шыңдап, жеңіске жеткен әлде жеңіліс тапқанда өзін қалай ұстауды үйрету қажет. Мұны балабақша, мектеп жасынан бастаған абзал.

Балалық шақтағы жеңіліс – келеке болу, досымен ренжісіп қалу, тағысын тағылар. Балаға жеңілісті көтеруді үйрету – өмір сүруді үйретумен пара-пар. Бүгін басқалармен төбелесіп не жарыста жеңіліп қалғаны үшін жер тепкілеп жылаған бала ертең өмір сынақтарынан өте алмай жатса, бірден сынып кететін болады.


Жеңілу – қалыпты жағдай

Баланың жеңілген сәтте жылауы, ашу-ыза, реніш сияқты негативті эмоция білдіруі – табиғи құбылыс. Бұған тосқауыл болудың қажеті жоқ. Ашу-ызасын ішінде сақтауға мәжбүрлемеңіз. Оның зиянды әсері болады және ол кейін мінез-құлқында айқын көрініс табады.

Өздігінен сабасына түскенін күтіңіз. Сосын барып әңгімеге тартыңыз. Қателеспейтін, жеңіліс таппайтын адам болмайтынын айтыңыз. Жағдайды қалай өзгерте алатынын, қорқынышты, ашуды басқаруға болатынын айтып, ақыл-кеңес беріңіз. Сәтсіздікті лайықты көтерудің ең керемет үлгісі – сабырлы болу екенін түсіндіріңіз.

Бала бірден түсінбеуі мүмкін. Түсінсе де, бірден іске асыруы екіталай. Бірінші кезекте өзіңіз шыдамдылық танытыңыз, түсіністікпен қараңыз, сүйіспеншілікті аямаңыз. Балаға түсінікті тілмен мінез-құлық механизмін қайта-қайта тәптіштеп, жағымсыз жағдайдан шығудың үлгісін үйреткен жөн.


Жеңіліс – баспалдақ

Сәтсіздік – сәттілікке апарар баспалдақ. Алған бетінен қайтпай, көздегеніне ұмтылған жан әйтеуір бір жеңіске жетеді. Сол сәтте оған «Өткен жолы жеңілдім деп бекер жылапсың, иә? Көрдің бе, шынымен қалап, жақсылап тырыссаң, жеңіске жетеді екенсің» дегендей сөздерді айту артық. Оның орнына бүгінгі жеңісі - осыған дейінгі төккен тер, еңбегінің және сәтсіз тәжірибелерінің жемісі екенін айтқан дұрыс.


Түсіністік танытыңыз

Баланың эмоцияларын түсінуге тырысыңыз. Болған жағдай туралы мұқият сөйлесу керек. Оны ең қатты алаңдататын не – соны анықтаңыз. Мақсатқа жете алмағаны үшін күйіне ме? Бәлкім үлкендердің үмітін ақтамағаны үшін ұялды немесе достарының алдында абыройсыз болудан қорықты. Әлде басқа бір себеп бар ма? Нақты себепті тапқаннан кейін барып балаға қандай кеңес беру керегін түсінесіз.

Мінез-құлқын ескеріңіз. Жұмсақ мінезді, сезімтал балалар ата-анасының «Жылама! Қыңқылдама!» деген сияқты агрессияға толы сөзінен кейін мүлде тұйықталып, жабылып қалады. Шынайы эмоциясын жасырады. Мұндай балаға үнемі жанашырлық танытып, өзін-өзі аяушылыққа тәрбиелеуге болмайды. Жаймен айтып түсіндіре отырып жағдайды шешу жолын нұсқай аласыз. Ал белсенді, темпераменті ашық балаларды алдағы жеңістерге ынталандыру, келесі қадамды бастауға шақыру арқылы жігерлендіре аласыз.


Махаббатқа бөлеңіз

Балалар ересектердің сүйіспеншілігіне тәуелді болады. Оны тәртіпті, ақылды болумен не жеңіске жетумен алуға тырысады. Жеке басының құндылығы жетістігімен бағаланбайтынын түсіндіруіңіз керек. Жеңістері мен жетістігі – өзі үшін керек. Өзін құнды адам ретінде сезіну мен жеңімпаз болудың тәтті дәмін сезінудің арасында айырмашылық барын түсінуге тиіс.

Жеңіс пен жеңіліске қарамастан, баланы кез келген жағдайда жақсы көретініңізге, бағалайтын және түсінетініңізге сендіру маңызды. Жүзінші рет айту керек болса, жүзінші, қажет болса мыңыншы рет қайталаңыз.


Жеңіске бір күнде жетпейді

Жеңіс пен жетістіктің дәмі тәтті. Жағымды әсер, өзіңе сенімділік сыйлайды. Бірақ, үнемі соны ғана көздеу дұрыс емес. Жеңіске бір күнде жету – сирек кездесетін жағдай екенін, көбіне оған апарар жол ұзақ әрі қиындыққа толы болатынын айтып жеткізіңіз.


Бәріңіз бір жақ болыңыз

Үйде жеңіске жетуді көздемейтін, бәріңіз бір мақсатқа ұмтылатын ойындар ойнаңыз. Мәселен, рөлдік спектакль ойындары, конструктордан пішін құрау, т.б. Немесе отбасы мүшелерінің бәрі бір команда болсын. Бұл қарсыласты бәсекелес ретінде көрумен қатар, оның да өзі секілді қатысушы екенін, жеңісті көздейтінін, жеңілсе, дәл өзі сияқты нашар күйге түсетінін ұғындырады. Өзінен басқа да сайыс қатысушыларына жанашырлық сезімін қалыптастырады.

Топтық сайысқа түссе, оның командасы жеңіліс тапқанымен, балаңыздың тамаша өнер көрсеткенін айрықша атап өтуге болады.


Жеңімпазды құттықтау – қасиетті борыш

Өзі жеңіліп, қарсыласы жеңген сәтте оны шын жүректен құттықтай алу – мықтылықтың үлкені. Тап сол сәтте негативті эмоцияға жол беріп, құттықтауға жарамаса, қызғаншақ, іші тар, көреалмаушылықтың құрбанына айналады. Бұл ешқандай күрескерге жараспайтын қылық және екінші жеңіліс.

Баламен жеңімпаз бен жеңілгендер анықталған соңғы сәтті ғана емес, оған дейінгі уақытты да талқылаңыз. Дайындық кезін, іріктеу кезеңдерін сөз етіңіз. Сол уақыттағы баланың мақтауға тұрарлық әрекеттерін, көңіліңізден шыққан сайыстарын, қабілеттерін ерекшелеп, өз пікіріңізді айтыңыз. Бұл нәтиженің ғана емес, соған дейін апарған бүкіл жолдың маңызды екенін түсіндіреді.

«Жеңілгенді жер көтереді». Сәтсіздік пен жеңілістер - жетістікке жету жолындағы таңғажайып саяхаттың баспалдақтары ғана.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

АТА-ӘЖЕЛЕР немеренің тәтті қылығына ТОЙЫП жүр ме?