​Күйеуінің аяғын жуатын әйел қандай тәрбие бере алады?

0
5 341

Аяғын жумақ түгілі, тіпті тырнағын да алып беретін еді.


​Күйеуінің аяғын жуатын әйел қандай тәрбие бере алады?

Осы жақында ғана әлеуметтік желілердің бірінен күйеуінің аяғын жуып беретін әйел туралы ғибратты әңгіме оқыған едім. Астында жазылған пікірлерге қарап әркімнің әрқалай түсінгенін байқадым. Басым көпшілігінің пікірі күйеуінің аяғын жуған әйелдің әрекеті теріс екеніне негізделген сыңайлы.

Иә, әркім өзінің пікірін айтуға да, ойын білдіруге де құқылы. Тек соған байланысты өз ойымды айтқым келген.


Ойымды жеткізбес бұрын өзім куә болған оқиғаға тоқталайын. Оқиға да емес, ол біздің көз алдымызда өткен және үйреншікті болған жайт болатын.

Анамның әпкесі бар еді. Өзі де сұлу да сымбатты, өте іскер, қазақтың салтының бәрін жатқа білетін жан болатын. Болатын деп отырғаным, ол кісі бүгінде о дүниелік, жәннатық болсын. Көзі тірі болғанда бізге үйретері көп болар еді. Арамызда қия басқанымызды «әй!» деп қайтарып отырар ма еді?!

Алланың ісіне амал жоқ, мәңгілік сапарға шығары салғанымызға да біраз болды. Айтайын дегенім – сол әпкеміз жездеміздің аяғын жуып, тырнағын алып беретін. Иә, оған түк те таңғалмай-ақ қойыңыз. Жездеміз де (өте жақсы кісі болғандықтан ол кісіні жезде емес, көке деп атап өстім. Көке десең, көке еді ғой ол да.) алып денелі, нар кеуделі кісі болатын. Оның сөзіне тоқтамайтын адам жоқ еді. Ақтық сапарға аттанғанша құрметін де, сыйын да жоғалтпаған кісі болды.


Міне, сол әпкем мен көкемнің арасындағы сыйластық аяқ жуудан басталатын секілді еді маған. Ойларсыз, «әйеліне мәжбүрлеп жуғызады да» деп. Біз ойлайтынбыз, көкемнің қарнынан қолы аяғына жетпейтін шығар деп. Баламыз ғой, «өзіңіз жусаңызшы, қолыңыз жетпей ме?» деп күлуші едік.


Сондағысы, бәрі де екеуінің арасындағы махаббат пен сыйластық екен ғой. Әпкем шылапшынға көкемнің аяғын салып, ұқыптап жуатын да, тырнағын да алып беретін. Ал көкем сол үшін әпкеме ақша төлеуші еді. «Ақшасын төлемесең жумай қоямын!» дейтін әпкем бұрқылдап. Сонда көкем қалтасынан ақша шығарып қояды. Әпкем бізге көзін қысып қойып, көкемнің аяғын білекті сыбанып тұрып жуып беретін.

Бала көңілмен «ақшасын төлеген соң жуады да» деп ойлайды екенбіз ғой. Сөйтсек, оның сыры басқада жатыр екен.

Айтпақшы, олардың бұл әрекетінде діннің түк те қатысы жоқ еді. Заман солай еді ғой, екеуі де кеңестік тәрбие алған жандар болғандықтан, атасы үйреткен бір-екі сүреден артық, дастарханның батасынан өзге дін жағына онша емес еді. (Мүмкін маған солай көрінген болар?!) Айтқым келгені, әпкем ерінің аяғын шариғат жолымен «солай болуы керек» деген түсініктен жумағаны белгілі. Ол ер-азаматының, шаңырағының пірі деп тұтқандығынан, сол аяқ жуу арқылы ерінің мерейін үстем, басқаларға сыйлы етудің бір кішкентай ғана жолы еді.


Күйеуіңнің аяғын жуып бергенде не бар?! Ол үшін әйелдің абыройы төгіліп қалмайды емес пе? Жусаң, өз күйеуіңнің аяғы. Күнде бір жастықта, бір көрпеде ұйықтап жүрген, тағдырыңды сеніп тапсырып, өміріңді байлаған жан емес пе? Былайша айтқанда, екінші «ӨЗІҢ». Демек, өз аяғыңды жуғанмен тең секілді.


Алла бетін аулақ етсін, бірақ сынақ беріп науқастан жатып қалса жуатының тек аяғы болмасы анық. Әйелдің сыналар шағы да сол. Бүгінде күйеуінің аяғын жууға арланатын әйел ертеңгі ондай сынаққа төтеп бере ала ма?

Кез келген ғибратты әңгімені жан-жағынан түсінген жөн. Бұл менің «әйелдің бәрі күйеуінің аяғын жуып беруі тиіс» дегенім емес. Әлгі әңгіменің төркіні де олай емес еді. Онда әйелінен өзін төмен санап жүрген еркектің мерейін өсіруі үшін жасаған әрекеті ғана. Қолдауы, қиналғанда тірегі бола білгені ғана. Тек автор соны әдемі етіп оқиға ретінде келтіре білген. Тәрбиелік мәні үлкен.

Анасы аяғын жуып беріп жатқанын көріп өскен баланың да әкені асқар тау тұтатыны анық. Сөзге тоқтамы жоқ, өзім білеммен кетіп жатқан кейбір жастардан олардың ойы озық, ата сөзіне құлақ аса жүретіндігі де бесенеден белгілі. Әсіресе, ата-ана мен үлкен-кішіні сыйлауда олар қашанда алда болады. Біздің, қазақ халқының ең бір тамаша қасиеті де сол.Әлбетте, аяғын жуып беріп жатқан әйеліне мейіріммен қарап, сыйлай білген әкелердің ұлдары да ертеңгі күні ешбір әйел затына қол көтермей, құрметпен қарауды санасына тоқып өседі.

Бұл турасында жаза берсең, көп әрине. Осынау ғибартты әңгімені оқып көкем мен әпкем есіме түсті. Көкемнің ұлы, менің бөлемнің келіншегі де қазір ара-тұра күйеуінің аяғын жуып береді.

Қандай ғибратты әңгіме десеңіз, төменнен оқып шықсаңыз болады. Әлеуметтік желі арқылы тараған осынау әңгімеге көзқарасыңызды пікір ретінде білдіре кетсеңіз де артық емес.

Әмина Уалиханқызы,

ERNUR.KZ


МАҒАН БАСЫҢДЫ ИЕТІН БОЛСАҢӨЗІМДІ КЕШІРМЕЙМІН

Жігіт кафеде официант болып жұмыс жасайды. Келіншегі үйде балаға қарайды. Декретте. Жігіт жұмысына көңілі тоқ екенін жүзінен байқауға болады, әрдайын күлімсіреп жүреді. Бүгін жұмыстан сағат 23:00-де шықты. Жолда дүкеннен шәйға тәтті сатып алды.

Келіншегі күйеуі үйіне келгенге дейін баланы ұйықтатып шәй жасап күтіп отырды. Күйеуі есіктен кіргенде күлімсіреп қарсы алып қолындағы пакетті алып ас үйге кетті. Келіншегі ас үйден шығып диванда отырған күйеуінің қасына барып шұлығын шешіп, аяғын жуды. Күйеуі болса келіншегінің жүзіне күлімсіреп маңдайынан иіскеді.

Келіншегі күйеуіне: «мен сені күні бойы көрген жоқпын, сенімен шәй ішкім келеді»-деді.

Күйеуі келіншегіне күлімсіреп: «менде бүгін сенімен телефонмен сөйлескім келді, бірақ күн суық болғандықтан ба кафеде клиент өте көп болды. Сәті түспеді. Дәл осы үшін жолдан сен жақсы көретін тәттіні алдым, шәй ішіп әңгімелесеміз деп.

Дастархан басында келіншегі : «Білесіңбе, мен бүгін күшті тамақ жасадым, дәмін көресіңбе?".

Күйеуі: "Тамаша! Жақсы, көрейін, бірақ ұсыныс бар".

Келіншегі: "Қандай?"

Күйеуі: "Егер қандай тамақ жасағаныңды тапсам менің өтінішім бар, соны орындайсың, келісесің бе? Таппасам онда сенің қалауыңды орындаймын.

Келіншегі: "келістік".

Күйеуі тамақтың атын дұрыс табады. Келіншегі: "Қандай өтінішің бар? Орындайын қолымнан келсе".

Күйеуі: "бұдан былай менің аяғымды жууды тоқтатшы мен қатты ыңғайсызданам.

Сен өзің мен секілді оқымаған болсаң түсінетін едім, бірақ сен Алматының ең мықты, ең қымбат университетін грантпен оқып, қызылға бітірдің. Ағылшын тілін жетік меңгергенсің, жұмыс жасап жатқан орының да әлемдік беделді компаниялардың бірі. Білесің бе Алланың ісіне таң қаламын мен секілді қазақшадан басқа тіл білмейтін, дипломы жоқ адамға сені жар еткеніне. Сендей нығметті маған сыйлаған Аллаға қанша шүкір етсем де аз. Сол үшін мені ыңғайсыз жағдайға қалдырма онсыз да мен сенен разымын. Өйткені, сен көрікті қанағатшыл ақылдысың

Келіншегі: "Білесің бе, менің артымнан жүгірген жігіттер өте көп болды: жағдайы жақсы, абыройлы, атақты бірақ, ешқайсының деңгей дәрежесі шіреніп жүргеніне қармастан сенің қасыңда бәрі боқмұрын.

Күйеуі: "Басқалар жайлы жаман сөз айтпашы, өтінем".

Келіншегі: "Білесің бе, сенің қай жеріңе ғашық болдым? Сенің бойыңдағы еркіндік пен азаттықтан туындаған өр мінезіңе.

Байқағаным сені жоқшылық қиыншылық, аштық, адамдардың ой-пікірі езе алмайды. Сен олардан азатсың. Атақ, абырай, әйел, қымбат көлік, үй, мол табыс сені тұтқындап құлы қыла алмайды. Сен оларға да мойынсұнбайтын асаусың. Осындай өр мінезіңе қарамай мейірімді және кішіпейілсің.

Сенің қасыңда өзімді қауіпсіз, сенімді және еркін сезінемін. Өтінішіңе келсек өкінішке орай орындамаймын. Өйткені, байқағаным соңғы кезде менен ыңғайсызданып өзіңді төмен санай бастадың. Сен менің дипломымды, оқыған жерімді, ағылшын тілін білгендігімді, жұмыс орнымды есепке алып өзіңді төмен сезінуіңді тоқтатпайынша мен де сенің аяғыңды жууды тоқтатпаймын. Маған басыңды иетін болсаңӨЗІМДІ КЕШІРМЕЙМІН.

Қандай керемет, Алла разы болсын осы келіншекке, көп өнеге алатын терең әңгіме, шіркін..."


Тағы оқыңыз:

Үш жерге дәрет сындырғандар лағынетке ұшырайды

Күйеуінің бәле-жаладан аман болғанын тілейтін келін СӘЛЕМ САЛАДЫ