​Отбасындағы НЕШІНШІ перзент екендігіңізге қарап, МІНЕЗіңізді біле аласыз

0
4 499

Отбасындағы ортаншы балалар ата-анасын бірге туған бауырларынан қызғанып «сіздер мені жақсы көрмейсіңдер!» деген сөз тіркесін көп қолданады.


​Отбасындағы НЕШІНШІ перзент екендігіңізге қарап, МІНЕЗіңізді біле аласыз

Әрбір адам баласы өмірге шыр етіп келген сәттен бастап, әртүрлі мінезге ие болып туады. Кейбір мінез адамға туа бітті берілсе, кейбірін өмір сүру барысында өзіміз жасап алады екенбіз.

Жақсы да, жаман да сипаттарға ие болуымызға айналадағы қоршаған ортаның да айтарлықтай әсері бар. Сонымен қатар, отбасында нешінші бала болып өмірге келгеніне де байланысты адамның мінез-құлқы қалыптасады.

Бір ата-анадан туылып, бір құрсақтан таласып түскен бірге туған бауырлардың әр түрлі мінез-құлықтарға ие болуының себептерін түсінуге де біраз бас қатыруға тура келеді. Бір үйде, бір әке-шешеден тәрбие алған балалардың әрқайсысы әртүрлі деп сыртай таныс адамдар емес, ата-анасының да өздері айтып жатады.

Сондықтан, әр баланың мінез ерекшеліктеріне қарай дұрыс тәрбие беру үшін...


Ата-аналар НЕНІ білуі тиіс?


Отбасындағы ЖАЛҒЫЗ бала

* Олар бір мезгілде отбасының ТҰҢҒЫШы және КЕНЖЕсі бола алады. Шындығында отбасында жалғыз өзі өскен балалардың мінез-құлқы әкесінің және шешесінің мінез-құлқына қатты ұқсас болады.

* Ата-анасының шектен тыс өбектеуі, асты-үстіне түсіп қорғаштауы, бала үшін барлығын өздері жасауы бала тәрбиесіне әрине айтарлықтай зардабын тигізіп жатады. Бала есейе келе өз-өзіне деген сенімділігін жоғалта бастайды. Кейін мүлдем өзіне деген сенімділігі өшкен соң қоғамнан оқшаулап қалуы да ықтимал.

* Үнемі қолдауды көріп, ата-анасына арқасын сүйеп тұрғандықтан, біреудің көмегіне мұқтажбын деген түсінікпен өмір сүреді. Сондықтан, ол өзіне шын мәнінде қолдау керек болса да, болмаса да талап етуді әдетіне айналдырып алады.

* Әлбетте, басқа балалармен салыстырғанда «МЕН» деген түсінік жалғыз өскен балаларда жоғары деңгейде қалыптасады. Өзі қатарлы балалардың ортасында ол әрдайым өзінің «күштілігін», «даралығын» көрсетуге бар күшін салады.

* Құрдастарына қарағанда балалығымен ерте «қоштасады». Яғни, тез есейеді. Себебі, ол ересек адамдардың ортасында өскен.

* Өз өзін шектен тыс жақсы көреді және жасаған әрбір ісінен мотивация алады. Әрдайым биікті бағындыруға, сәттілікке жолығуға ұмтылып жүреді. Өйткені, ол әрдайым назарда болуды қалайды. Кішкентайынан ата-анасының және басқа да туыстарының назарында болған, көңіл бөлу жеткілікті болғандықтан, сол «мейірімнен» айырылып қалғысы келмей, жанталасады.

* Ерте есейгендіктен, қатарластарына қарағанда ақылы ертерек толысып, жеке іскерлікті қолға алуға талпынады немесе ақкөңіл, өзіне «бұйрық бермейтін» басшының ғана қол астында жұмыс істеуге ғана келіседі.

* Оның барлық мәселелеріне ата-анасы жүгіріп, мұқтаждығын қамтамасыз еткендіктен, есейген шағында да осындай үлкен жауапкершілікті талап етеді.


ТҰҢҒЫШ бала

* Мақтауды, еркелеткенді жақсы көреді. Кішкентайынан өзінен кейінгі бауыры өмірге келгенше ата-анасының мейіріміне бөленіп өскен.

* Жауапкершілігін сезіне біледі және өте еңбекқор болады. Көпшіл мінезімен, бауырмалдылығымен, еңбекқорлығымен ол есейген шағында да көптеген жетістіктерге жете алады.

* Өзіне көп сене бермейді. Өйткені, үлкендердің ақылына құлақ асып, «келісіп пішкен тонның келте болмайтынына» сенеді.

* Тікелей өзіне қарата айтылған сын-пікірлерді көңіліне ауыр алады. Өзіне бағытталған сын садағын қабылдауы қиын. Өзінің жіберген қателігін мойындау да олар үшін оңай іс емес.

* Өзінен кейінгілерге үлгі болуы үшін әрдайым ата-анасы оған барлығын үйретуге тырысады. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғысы сонда жүреді» дегендей, өзіне артылар жауапкершілікті сезінгендіктен, талапшыл болуға үйренеді.

* Отбасында өзінен кейінгі бауырлары өмірге келгенде ата-анасына деген қызғаныш бой көтереді. Бірақ, біраз уақыттан соң, ол бауырларына ата-анасынан кейінгі қамқоршы болады.

* Ата-анасының жолын жалғастырушы, әулеттің ата-анадан кейінгі үлкені болып танылады.

* Алдына қойған мақсатына жетуге ұмтылады және көздеген нәрсесіне жетпей тыным таппайды.


ОРТАНШЫ балалар

* Өте сабырлы, байыпты, әділетті және өзіне нық сенімді болады.

* Ашуы қатты болғанымен, ұсақ-түйекке бола шу шығарып, мінез көрсете бермейді.

* Өзін көрсету үшін белсенді болуға тырысады. Сондықтан, жетістіктерге жетуге қатты ұмтылмағанымен, өздігінен «өзін өзгелерге дәлелдеу үшін» еңбектенгені зая кетпейді.

* Үлкен мен кішінің арасындағы дәнекер. Олардың ортасындағы ынтымақ пен бірлікті сақтауға, егер бір-біріне қырын қарағандары болса, татуластыруға әрекет етіп жүреді. Себебі ол ұрыс-керіске жаны қас. Өзі де біреумен керісіп, сөз таластырып жатпайды.

* Ата-анасын бірге туған бауырларынан қызғанып «сіздер мені жақсы көрмейсіңдер!» деген сөз тіркесін көп қолданады.

* Отбасындағы тұңғышы мен кенжесі ортаншы болып дүниеге келген балалардың ең басты «бәсекелестері». Олардың жетістіктері ортаншы балаларды көмескі етіп көрсетеді. Сондықтан олар «бәсекелестікпен» өмір сүреді.

* Келешегін алдын-ала ойластырып, нақты мақсаттар қоя біледі. Үнемі өзінің нық көзқарастары жайлы айтып жүреді. Жетекшілік етуді жаны қалайды.

* Әр түрлі адамдармен сөйлесіп, мәміле орната алады. Қандай мінезі адам болса да арадағы мәселенің түйінін тарқата алады.


КЕНЖЕ бала

* Мінезі жұмсақ және бауырмал болады. Оған барлығы, ата-анасы, аға-әпкелері қамқорлықтарын аямай, алақандарына салып еркелеткендіктен, олармен «жарыспайды», өзінің «күштілігін» дәлелдеуге тырыспайды.

* Жеке басының мәселесін шешу үшін жылдам ойлайды және тез арада шешім қабылдайды. Барлық істі ықшамдап жасау олардың өмірлік стилі.

* Ата- анасы мен өзінен үлкен бауырлары кенже перзент үшін әлеуметтік институт. Олардың көмегімен өзін жеке тұлға ретінде жақсы тәрбиелей алады.

* Күш қолдану арқылы жақсы нәтижеге жете алмайтынын жақсы түсінеді. Сондықтан, мақсатына тез жету жолын емес, асықпай, ойланып, дұрыс жолын таңдай біледі. Мақсатына жету жолында әрекетшіл.

* Ата-анасының қалауына көне кетпейді. Яғни, ол өзінше шешім қабылдауға, өзінің қалауын орындауға барынша тырысады.

* Тәжірибесі мол адамдардың ортасында өскендіктен, адамның психологиясын жақсы түсінеді.

* Маңызды кездесулер болып жатса, отбасының кенжесі болған адамдар өздері туралы «көргені мен түйгені көп, тәжірибесі мол адам» деген пікірді қалыптастырады. Кішкентайынан аға-әпкелерінің жанында жүріп, адамдармен қалай дұрыс қарым-қатынас орнатудың жолдарын жақсы меңгереді.

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Өзіне СЕНІМСІЗ адам ӨСЕК айтуға бейім тұрады


ӘКЕСІЗ өскен балалар НЕНІ аңсайды?