​ТАҢҒЫ 7-ге ДЕЙІН жатпай, МЫНА шаруаларды жасап тастаңыз

0
1 264

Осы уақытта атқарған істеріңіз өмірдің жақсы жаққа өзгеруіне үлес қосады.


​ТАҢҒЫ 7-ге ДЕЙІН жатпай, МЫНА шаруаларды жасап тастаңыз

Сағат тілі алтыдан асып, жетіге таяды. Сіз не істеп жатырсыз? Әлі ұйқыңызды аша алмай, оятқыштың дабылын тағы бір 5 минутқа созып қойдыңыз ба?

Таңғы уақыт – ең пайдалы, ең тиімді, ең нәтижелі кез. Осы уақытта атқарған істеріңіз бүгінгі күнге мықты іргетас қалап, өмірдің жақсы жаққа өзгеруіне үлес қосады. Ендеше, бұл сағаттарда қандай шаруаны ұмытпай жасау керек?


  • Таза су ішіңіз

Түні бойғы ұйқыдан кейін әдетте ағза шөлдеп тұрады. Оған ең бірінші керегі – су болады. Осыны ескеріп, бірінші кезекте таза сумен ағзаның шөлін қандырып, су жетіспеушілігінің орнын толтырған жөн.


  • Тыныштық минуттарын ұйымдастырыңыз

Қанша жерден ұйықтап, миды тынықтырып тұрдық десек те, тағы бірнеше минут тыныштықта отыру артық болмайды. Медитация жасаңыз немесе жай ғана бүгінгі күнді қалай өткізгіңіз келеді, қандай жетістік қалайсыз – соны визуализация жасаңыз. Міндетті түрде. Өйткені, осы сағаттардан кейін өзіңізге тыныштық минуттарын сыйлауға мұршаңыз болмауы әбден мүмкін.


  • Жаттығу жасаңыз

Таң азанымен терлеп-тепшіп, шаршап-шалдыққанша жаттығу жасау міндетті емес. Десе де, ой мен бойды жазып алатын таңғы сергіту жаттығулары – ағзаға ауадай керек. Бұл сізді кешегіден сәл де болсын сауырақ, күштірек, қуаттырақ етеді.


  • Ұзақмерзімді жоспарларды бір еске алып қойыңыз

Күнделікті өмірде бір күнге, бір аптаға құрылған қысқа мерзімді жоспарлар өте көп болғандықтан, ұзақмерзімділер көлеңкеде қалып қойып жатады. Ал негізінде сіздің ең басты көздегеніңіз – сол жоспар емес пе еді? Оны да күнделікті таңертең бір еске алып, ой елегінен өткізіп қоюға, қандай қадамдар жасадыңыз, қаншалықты жақындадыңыз, енді не істеу керек – бәрін бағамдауға әдеттеніңіз. Сонда басты жоспарыңыз назардан тыс қалмайды, басқа арнаға бұрылып кетпейсіз.


  • Салқын душ қабылдаңыз

Зерттеушілер таңертең салқын душ қабылдаудың пайдасы өте көп екенін айтады. Мәселен, бұл есте сақтауды жақсартады, көңіл-күйді көтереді, ұйқыны ашады, шаршаңқы қалыпты басады... Жаңа күнді салқын душ қабылдаумен бастауға осы себептер де жеткілікті болар.

Осының бәрін жасаған соң барып таңғы ас әзірлеуге кірісе беріңіз немесе сабаққа, жұмысқа жинала берсеңіз болады.

Жетістікке жеткен атақты адамдардың күнделікті өмірімен танысқан сізге қызық па? Егер бақылайтын болсаңыз, олардың көпшілігі ерте тұратынын білетін боларсыз? Тіпті біреулері үшін таң сағат 4-тен басталып жатады.

Үлкен мақсаттарға, көп жетістікке, мол табысқа жеткіңіз келсе, сіз де артық ұйықтамаңыз, ерте тұрыңыз. Себебі, күнді ерте бастау – өнімділіктің кілті.

Ерте тұру үшін ертеңгі таңға кешегі кештен бастап дайындалу қажет.

Біріншіден, ұйықтауға уақыт бөліңіз. Егер ұйқыға кеш жатып, 3-4 сағат ұйықтап тұрсаңыз, ерте тұрғаныңыздан пайда жоқ. Өйткені, күні бойы өзіңізді жақсы сезінбейсіз.

Екіншіден, таңертеңге жоспарлаған істерді орындау үшін қажет заттарды түнде дайындап жатыңыз. Мәселен, ерте тұрып жүгіретін ойыңыз болса, спорттық форма мен кроссовкаңызды дайындап қойыңыз.

Үшіншіден, «тағы бір 5 минут» дегенді мүлде ойға алмай, оятқыш шырылдағанда төсектен бірден тұрып кетіңіз. Осы ережелерді ерікті түрде орындасаңыз, артық ұйықтау қаупі аз болады.

Әр таң – бізге берілген жаңа мүмкіндік. Жаңа қадам жасауға, жаңа іс бастауға, бастаған істі аяқтауға, өмірді жақсы жаққа қарай өзгертуге, қатені түзетуге, т.с.с. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалана алу үшін таңғы санаулы сағаттарды бос жібермей, барынша пайдалы іске жұмсау керек.

Дайындаған: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керістің болмауы қауіпті ме?