​Төркінге не «ТАСУҒА» болмайды?

0
6 977

Ата-анаңызға ақша орнына басқа дүниелер беріңіз.


​Төркінге не «ТАСУҒА» болмайды?

Қыз баланың туған үйіне, бауырларына деген мейірімі, ата-анаға қамқорлығы ерекше. Бұл – бағзыдан белгілі. Содан да болар, халқымызда дүниеге «кесте тігер» келсе, «тілекшім туды, қамқоршым келді» деп айрықша қуанатын болған.

Қыздың бауырмалдығы мен мейірімі туған үйінің босағасын аттап тұрмысқа шығып кеткен соң еселене түседі. Ол – табиғаттың заңды құбылысы. Бір жағынан, құлын-тайдай тебісіп бірге өскен бауырларынан, туғандарынан жырақтап, сағынады. Екінші жағынан, өзі балалы болып, ата-ананың қадірін бұрынғыдан да терең түсіне бастайды.


Енді ол қашанда қолындағы барын бауырына бергісі, бар жылы-жұмсағын ата-анасының аузына тосқысы келіп тұрады. Алайда, осы тұсқа келгенде бірқатар даулы мәселе туындайды. Қыз «төркініме болыссам екен» дейді, күйеу «өзіме болса екен» дейді. Төркініне «тасығыш» келін қайынжұртқа да жақпайды. Қазақы тәрбиені бойына сіңірген ата-аналар үшін де кеткен қыздан көмек күту, ақша алу қалыпты саналмайды.

Осы орайда «Сонда ұзатылған қыз төркініне не апаруы керек? Нені апаруға болмайды?» деген сұрақ туатыны заңды. Жауапты тізбектемес бұрын алдарыңызға мына бір тәмсілді тартамыз.


«Бірде жағдайы өте жұпыны, жұмысы да қарапайым, табысы да мардымсыз бір жігітке қайын атасы келіп: «Сен менің қызымды үлде мен бүлдеге орап еркелете бергеніңді қой. Үйдегі тамақты, етті де əдейі азайтып тұр. Ішкені алдында, ішпегені артында болған адам нығметтің қадірін түсінбейді» дейді қабағын шытып. Жігіт мына сөзге таң-тамаша болып, не деп жауап берерін білмей тұрып қалады. Себебі, барлығы қайын атасы айтқандай емес, керісінше жігіттің айлығы шайлығына да жетпей қалатын кездер болып жүрген. Таңданысын жасыра алмаған ол мән-жайды әйелінен сұрамаққа бекінеді. Сөйтсе, жұбайы төркініне барған сайын жағдайларының өте жақсы екенін, ас та төк ғұмыр кешіп жатқандарын айтып, ата-анасының алдына тосқан небір жылы-жұмсағын жеуден бас тартып, тыйылып отыратын көрінеді. Әйелі бұл амалға күйеуінің абыройы үшін əрі тағдырына риза болғандығы себепті ғана барғандығын айтады. Қайын атасының алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырғаны үшін күйеуінен кешірім сұрайды.»


Міне, осы оқиға тұрмыстағы қыздың төркініне ең алдымен не апармауы керек екенін ұғынықты жеткізіп тұрғандай. Яғни, әйел өз отбасында болып жатқан жағымсыз жағдайларды жеткізбеуге тиіс. Онымен қоса, өзіне ғана емес, ата-анасына да сөз келтіретіндей орынсыз әрекетке барып, әке-шеше, бауырларының қалтасына ақша тықпаламағаны дұрыс.

Иллюстрациялық фото: zhanaqorgan-tynysy.kz

Оның орнына, ата-анаңызға барғанда қоржыныңызды жылы сөзге толтырып барыңыз. Соларды шетінен шығара отырып оларға деген сүйіспеншілігіңізді, ыстық лебізіңізді барынша білдіріңіз. Жақсы жаңалықтарыңызды айтып қуантып қойыңыз.

Әрине, төркінге құрқол бару еш қызға жараспайды. Сондықтан, кемінде бір қалта арқалап барғаныңыз артықтық етпес. Алайда, ол қалтада не болуға тиіс? Күйеуіңізбен келісе отырып төркіндегі әр туысыңызға сый-сияпат дайындаңыз. Шын көңілден жасалған сый аяп, мүсіркеп ұсынған ақшадан әлдеқайда артық, бағалы. Бұл жерде сіз көмек емес, көтеріңкі көңіл-күй, жақсы әсер бересіз.

Қамқорлығыңызды қалтасына қаржы тықпалаумен емес, денсаулыққа пайдалы азық, дәрумен әперу арқылы жасаңыз.

Қазақта «Қыз – Қыдыр» деген сөз бар. Онда апарған бір күлше наныңыздың өзі төркініңізге құт дарытады, берекесін арттырып, ырысын молайтады. Сондықтан, дастарханға нан, тәтті-дәмділер ала барыңыз. Ондағы адамдардың қарнын тойғызу үшін емес екені белгілі. Бар болғаны осы әрекетіңізбен әулеттегі кішкентайларды, іні-сіңлілеріңізді шат-шадыман етесіз. Бала қуанғанда үй іші базарға, жай күннің өзі ұлан-асыр мерекеге айналады.

Міне, осылайша төркінге барған әр сапарыңызды естен кетпес күнге айналдыруға болады. Сіздің ғана емес, ата-анаңыздың да төбесі көкке жетеді. Ата-ананың алдындағы перзенттік парызыңызды осылайша орнымен өтеген жөн болар. Сонда екі жұртыңызға да сыйыңыз артпаса, кемімейтініне күмәніңіз болмасын.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Ер-азаматтан не сұрауға болмайтынын білесіз бе?


Балаңызға бөтен адам ұрысқанда не істеу керек? Ата-анаға кеңес