​«Жаман ЕНЕ» мен «кесір КЕЛІНді» болдырмайтын 4-ақ құпия бар

0
11 069

«Енесі күн бермейді екен», «келіні жақсы емес» деген сарындағы сипаттама үлгісі қалыптасып үлгергені қашан. Өтірік емес, бас қосуларда да бірінің енені, екінші бірінің келінін жамандауы да жиі кездесіп жататын жағдай.


​«Жаман ЕНЕ» мен «кесір КЕЛІНді» болдырмайтын 4-ақ құпия бар

иллюстрациялық фото: kaz.nur.kz

Ене мен келіннің арасындағы мәселе бұрындары қалай болғаны белгісіз, бірақ бүгінде көп еститін тақырыбымыз.

Үйдегі берекенің тізгінін ұстап отырған әйел заты екендігі әу бастан мәлім. Бірақ сол әйелдердің бір-бірімен қырғи қабақ болғаны үйге кіріп тұрғаны берекені бездіріп жіберетіндігі де рас. Әйелдің көңіліндегі кірбің қанша жасырса да байқалмай қалмақ емес. ЕНЕ мен КЕЛІНнің жарасым табуы мен бір-бірінің көңілінен шығуы – отбасында өте үлкен рөл ойнайды.

Ақыл үйретпек емеспіз, тек әр отбасыда береке мәңгі тұрақтап қалудың бір (мүмкін, бірегей) жолы – ене мен келін арасын жақындата түсетін аз ғана амалдарды айта кеткіміз келеді.


ЕНЕнің көңілінен шыға білу КЕЛІНГЕ парыз

1. Баласының жақсы жанмен жарасқанын кез келген АНА қалайды.

Ендеше, келінге ЖАҚСЫ бола білу керек. Жақсы болу – көркем мінез, адамгершілік пен тазалық, ақылдылық. Бұлардың әрбірінің астарында үлкен мән жатыр. Тек тазалықтың өзін алар болсақ, ой мен бойдың тазалығынан бөлек, пейілдің тазалығы да басты орында. Сол сияқты, ыдыс пен жалпы, үйдің тазалығына да ененің назары бірінші түсетінін естен шығармаған дұрыс. Адамгершілік пен ақылдылықта да солай.

2. Аттаған жаңа босағаның тәртібін өзгертуге ұмтылмаңыз.

Бұл – белгілі бір уақыт өте келе өздігінен өзгеретін жағдай. Себебі, сізге дейін ол үйдің ішкі тәртібін енеңіз орнатқан. Демек, күйеуңіздің анасының тәртібіне көнуге тиіссіз. Тұз бен шайдың орны қайда екендігіне асүйге бірінші кіргеннен-ақ мән беруіңіз керек. «Біздің үйде мынадай еді» дегеніңіз өтпейді, әр отбасында өзіндік қағида қалыптасатынын есте сақтаған жөн.

3. Тек күйеуіңізден ғана емес, енеңіздің де рұқсатын ала жүрсеңіз, ұтасыз.

Әйелдің пірі – ері екендігін білсеңіз, оның рұқсаты сіз үшін маңызды екендігін де жақсы түсінсеңіз керек. Дегенмен, алғаш келін болып түскен соң «тек күйеуімнің ғана рұқсатын алсам жеткілікті» деп ойласаңыз, қателесесіз. Үлкендерден рұқсат алу – жастар үшін қашанда бата алумен тең. Демек, енеңізден де рұқсат сұрауға арланбаңыз.

4. Жаңа түскен келіннің отбасының шешіміне қарсы шығуы дұрыс емес.

Егер жеке басыңызға қатысты болмаса және сіз келін болып түскенге дейінгі жағдайларға байланысты отбасылық келіссөздер жүріп жатса, қарсы келгеніңіз артықтау. «Бес бала туып белгілі болу» дегенді де айтып кеткен апа-әжелеріміз. Оның төркіні – бес балалы болғанда келін әулетке толықтай сіңісіп, айтқанына құлақ астыра алатын жағдайға жетеді. Жаңа түскен келінге ондай мәселеге араласуға әлі ерте, уақыты жеткенде сіздің пікіріңіз де сұралады.


КЕЛІННІҢ сіңісіп кетуіне ЕНЕНІҢ ықпалы зор

1. Келін де біреудің әлпештеп өсірген қызы.

Оны да бір ана өмірге әкелді, өсірді, бақты-қақты. Қызының зәбір көргенін ешбір ана қаламаса керек. Сондықтан, келінді келін ету де, келсап ету де бірінші кезекте ененің қолында екендігін барлық ана есте сақтауы тиіс.

2. Үйрете білген енеге келін бұртимайды.

«Шешең үйретпеді ме?» деген сөздің астарында кемсіту жатқандығы бесенеден белгілі. Әр түрлі келін бар. Үй шауасының барлығын үйреніп келетін келін (қыз) өте аз. Әр отбасында белгілі бір ас мәзірінің өзі әртүрлі әдіспен дайындалады. Оны білмегеніне келін кінәлі емес, сол сияқты оның шешесінің де кінәсі жоқ. Балаңыздың жары өзіңіз сияқты болуы үшін шыдамдылық танытып, үйрете алуыңыз керек.

3. Келінді отбасының мүшесі ретінде қалыптастыру маңызды.

Табалдырық аттаған келін – ендігі отбасының мүшесі. Ертеңгі өмірге келетін немерелердің анасы. Немере сол әулеттің тегін алатын болған соң оны өмірге әкелген жанды шеттеу – қателік. Оның пікірі, көзқарасын сұрап, керек жерінде ақылдасып та отырған дұрыс. Ол өзін бөтен сезінбеуі тиіс. Ұл мен келіннің арасында көп құпияның болмайтыны белгілі. Яғни, ұлыңызға ғана айтып, келінді елемеу – оны көрінеу көзге шеттету болып көрінеді. Ерлі-зайыптының арасындағы түсініспеушілік көбіне осындай сәттерден де туындап жатады.

4. Келіндерді салыстыру, алалау – жақсылыққа апармайды.

Қазақтың отбасында бір емес бірнеше келін түседі. Алайда келіннің білімі мен мінезіне, шыққан жерінің жағдайына қарай алалаушылық туындағанда да кикілжің мен түсініспеушілік туындайды. Барлық перзентіңіз бірдей болатыны сияқты, келіндеріңіздің бәрі де сіз үшін бірдеу болуы тиіс. Кемшілік бәрінде бар, осы орайда енеге артылатын жауапкершілік те салмақты. Тепе-теңдікті сақтап, бір-бірінен артық-кем ұстамауға тырысқан жөн. Олардан туған бала да бірдей. Салыстыру мен алалау – әулеттің іргесін сөгіп жіберуі мүмкін.

ЕНЕ де, КЕЛІН де осы 4 ережені ұстана білсе, «жаман ене» мен «кесір келіннің» болмауына әжептеуір үлес қосқаны болар еді.

Әрине, тарқата берсе, ене мен келін арасындағының бәрін тізіп шығуға болар. Дегенмен, келін түскен сәтке дейін және алғашқы кезеңде осынау қиындықтарды жеңіп өтсе, әрі қарайғысы өзі-ақ ақалыптасып, ене мен келін сырлас құрбыдай болып кетері анық.

Әмина Уалиханқызы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз: ГЕНИЙ баланың ата-анасы болғыңыз келсе, 5 қорқынышыңызды жеңуге тиіссіз

Ұл-қызыңыздың әңгімесін тыңдайсыз ба? (ТЕСТ)