500 мың теңге: Түркістанда жалдамалы пәтер құны қымбаттады

0
670

Баға не себепті шарықтады? Елдегі ипотекалық бағдарламалардың жабылуы баспана нарығына қалай әсер етеді?


500 мың теңге: Түркістанда жалдамалы пәтер құны қымбаттады

Түркістанда 3 бөлмелі тұрғын үйді жалға алу бағасы 500 мың теңгеге көтеріліп кеткен. Орта деңгейдегі аудандарда 150 мен 200 мыңның аралығы. Ал 2 бөлмелі пәтердің құны рухани астанада 12-13 миллионның айналасы, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

"Баспана хит" бағдарламасының әу бастан өзі 2018 жылы жұмысын бастаған. Сол кезде белгіленген лимиті 600 млрд. теңгені игеру болатын. Сол тапсырмасы орындалып біткеннен кейін баспана өзінің белгіленген шегі бойынша жабылады. 600 млрд-тың ішінде 500 млрд-тан астам сомасы қазір игерілді", - деді "Қазақстанның орнықтылық қоры" сыртқы байланыстар қызметінің бас менеджері Айбар Олжай.

"7-20-25"- ке де тиесілі 1 триллион теңгенің 325 миллиарды қазір игеріліп қойған. Сондықтан мұның да лимиті алдағы 1-2 жылда аяқталуы әбден мүмкін. Бағдарлама жұмысын тамамдаған соң Ұлттық банк те қаржыландыруды тоқтатады.

"Біздің ипотека нарығы жақсы өсті. Жалпы тұрғын үй нарығы ондағы жүріп жатқан келісімшарттар, сатып-алу сату шарттары көбейіп жатыр. Мұның ішінде "Баспана хит" бағдарламасының керемет үлкен үлесі бар деп айтуға келмейді. Банктер бар олар да өздерінің бағдарламаларын жүзеге асырып беріп жатыр", - деді Айбар Олжай.

Яғни, ел ішіндегі ең танымал деген тұрғын үй бағдарламаларының жабылуы баспана нарығына әсер етуі екіталай.

"Үйдің бағасы бағдарлама бар-жоқтығына байланысты емес. Бағдарлама бар-жоқтығы тек қана берілетін ипотекалардың санына ғана байланысты да. Үйдің бағасы арзандайды. Тек қана бірінші нарықтағы үйдің бағасы арзандаған кезде. Немесе сұраныс азайған кезде", - деді баспана бойынша кеңесші Ұлан Дәулетқали.

Түркістанда пәтерге деген сұраныс артқан. Шаһар облыс статусын иеленіп, туристік тұрғыда тартымды қалаға айналғалы баға аспандап кеткен.

Сатылымдағы тұрғын үйлерден бөлек, пәтерді жалға алу құны да көкке ұшып тұр. 3 бөлмелі үйді бір айға жалға алу кемі 200 бен 500 мың аралығында.

Ал еліміздің бас шаһарларындағы ахуал тұрақты. Жыл басында зейнетақы қорындағы жинаққа пәтер алуға мүмкіндік берілгенде баға шарықтап кеткен. Сол кезде мамандар науқан аяқталған соң бәрі қалпына келеді деп те болжады. Алайда әлі өзгеріс байқалмайды. Дегенмен қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрғанда баға арзандайды деп уақыт созу бос әурешілік дейді сарапшылар.