«AMANAT»: ФРАКЦИЯ ЖИЫНЫНДА БЮДЖЕТТІК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ҚЫЗУ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
735

Жиын барысында фракция мүшелері тарапынан елді мекендерді газдандыру және асфальт жолдар салу, үш ауысымды мектептерді күрделі жөндеуден өткізу жөнінде сын-пікірлер мен кемшін тұстары айтылды.


«AMANAT»: ФРАКЦИЯ ЖИЫНЫНДА БЮДЖЕТТІК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ҚЫЗУ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының мәжілісі өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиынды облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы, Фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев төрағалық етіп, жүргізді. Мәжіліске облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев, облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов және фракция мүшелері қатысып, жалпы 2 мәселе қаралды. Атап айтқанда 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу және Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының басқармаға жүктелген міндеттері мен функцияларының атқарылуы туралы жауапты екі басқарманың есебі тыңдалды.

Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек баяндама жасап, фракция мүшелерінің сұрақтарына жауап берді. Айтуынша қосымша кіріс көздері анықталды. Биыл облыстық бюджет көлемі 36,8 млр.теңгеге ұлғайып, 1134,5 млрд.теңгені құрап отыр. Ал шығыстардың басым бөлігі аудан, қалалардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталып жатқанын атап өтті.
Мәселен, Түркістан қаласын дамытуға 22 млрд. теңге бағытталуда. Оның ішінде әкімшілік-іскерлік орталығындағы көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысын аяқтауға 5 млрд.теңге, ескек есу каналының І, ІІ-кезеңінің құрылысын аяқтауға 2,2 млрд.теңге, полиция департаменті ғимаратының құрылысын аяқтауға 1,1 млрд.теңге, ұлттық теннис орталығының құрылысын аяқтауға 564,1 млн.теңге, мұз сарайының құрылысын жалғастыруға 1 млрд.теңге, Шаға өзеніндегі қашыртқы арнасын салуға 300 млн.теңге және «Дарын» мектебінің құрылысын жалғастыруға 1 млрд.теңге бөлінді.
Сондай-ақ табиғи газбен жабдықтауда 16 нысанның құрылысына 459,6 млн.теңге, Ордабасы ауданындағы Бадам елді мекенінде кәріз жүйесіне 500 млн.теңге, Төлеби ауданында «Қасқасу» туристік-рекреациалық кешенінің инженерлік-коммуникациалық жүйелерінің құрылысына 1,2 млрд.теңге бағытталуда.
Жиын барысында фракция мүшелері тарапынан елді мекендерді газдандыру және асфальт жолдар салу, үш ауысымды мектептерді күрделі жөндеуден өткізу жөнінде сын-пікірлер мен кемшін тұстары айтылды. Және бюджетке өзгерістер енгізу барысында аталған ұсыныстарды назарға алынуы талқыланды.
Екінші мәселеге қатысты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева баяндамасында халықты әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік саясаты 5 бағытта жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Олар: жұмыспен қамту, көші-қон, аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, жекелеген санаттағы әлеуметтік қолдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау және әлеуметтік мекемелердің жұмысын үйлестіру.
Басқарма басшысына оңалту орталықтарына ғимараттардың қарастырылмауы, оралман азаматтарға арналған бағдарламаның өз деңгейінде орындалмауы және өндіріс орындарына жұмыс күшін ұлғайту, оның ішінде осал топтарға бағытталған квота санын көбейту тақырыптары аясында сұрақтар беріліп, ұсыныстар айтылды. Ә.Темірбаева атқарылып жатқан жұмыстарды баяндай келе биыл өңірде 3 “Дағдарыс” және “Қандастар” орталығын ашу көзделуде деп хабарлады. Сонымен қатар биыл әйел азаматтарды қолдауға бағытталған “Күміс жас” бағдарламасы іске аспақ.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары А.Сәбитов те бірқатар сауалдарға толыққанды жауап беріп өтті. Мәжіліс соңында Б.Тәжібаев барлық сын-ескертпелер қабылданғанын және сессияның кезекті отырысына ұсынылатынын айтып, жиынды қорытындылады.