Алдағы уақытта ірі қара мал басын бордақылап, ет өнімдерін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Ордабасыда «Ауыл аманаты» жобасымен кәсіп ашқандар саны артып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ордабасы ауданы Шұбар ауыл округі, Тоқсансай елді мекенінің тұрғыны Ұлжалғас Аманбекова «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өз кәсібін ашқан. Бастапқыда ірі қара мал басын бордақылау бағытында 8,6 млн теңге несие алуға мүлкін кепілге қойып, өтінім жолдаған. Нәтижесінде комиссияның оң шешімін алған. Кәсіпкер несие қаржысына Жамбыл облысынан 23 бас ірі қара мал әкеліп, шаруашылығын бастаған. Алдағы уақытта ірі қара мал басын бордақылап, ет өнімдерін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Айта кетсек, «Ауыл аманаты» жобасы аясында пилоттық жобаға қатысқан Шұбар ауыл округі бойынша «Шұбар-1» АӨК-ке 92 азамат несие алуға тіркелген. Олар түрлі бағыт бойынша несие алуға өтініш берген. Оның ішінде мал бордақылаумен айналысуға - 82, құс шаруашылығына - 1, балық шаруашылығына - 5, өсімдік шаруашылығына - 3, омарташылыққа (бал арасын өсіру) - 1 және өз кәсібін ашуға бағыты бойынша 4 азамат несие алуға ниет білдірген. Бүгінде 72 азаматтың жобасы облыстық комиссия қарауынан өтіп, 60 жоба қаржыландырылған. Оның 56-ы - мал бордақылау, 2 жоба - өсімдік шаруашылығы, 2-і - өзге бағыт бойынша.