Отағасының жасы 25-те, екеуі де ұстаз болып қызмет етеді.
фото: ERNUR.KZ
Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ елді мекенінің жас отбасында үшем дүниеге келіп, бүгін перзентханадан шығып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Тұңғышын күткен ата-аналарын қуантқан Зухра, Тахир және Фатима есімді сәбилер Түркістан облыстық №2 перинаталдық орталықта 28 тамызда келген екен. Операция арқылы дүниеге келген үшемнің жағдайы бастапқыда ауыр болған көрінеді.
- Бірінші сәбидің салмағы 1400 г, екіншісі небәрі 985 г болса, үшіншісі 1260 г ғана болатын. Балалардың өкпелері әлі ашылмағандықтан опрациядан кейін жан сақтау бөліміне жатқызуға тура келді. Бала күтімі жөніндегі медициналық қызметкерлердің тынбай еңбек етуінің арқасында сәбилердің жағдайы дұрысталып, салмақ қосты. Бүгін үшемдің дүниеге келгеніне 45-ші күн. Бірінші баланыкі 2315 г-ға жеткен, екіншіміздікі 1766 г, үшіншіміз 2160 грамға жетті. Жағдайлары өте жақсы, - дейді №2 перинаталдық орталықтың дәрігері Жанар Мұхтарова.
Жас босанған Изатуллаева Шахноза өзінің үшемге жүкті екендігін бірінші айында-ақ білгендігін, бірақ сенбегендігін айтады.
«Өткен жылы 28 тамызда тойымыз болған еді, шаңырақ құрғанымызға бір жыл толғанда үш перзентті болып отырмыз», - деп қуанышын жасыра алмады жас ана.
Шахнозаға жүктілік кезінде енесі көмектессе, сәбилерін уақытынан ерте әкелгеннен кейінгі күтіміне қайынсіңлісі күндіз-түні қасында болып, жәрдем беріпті. 23 жасында тұңғыш босанған жас ана бірден екі қыз, бір ұлды болғанына аса қуанышты. Отағасының жасы 25-те, екеуі де ұстаз болып қызмет етеді.
Айта кетерлігі, Түркістан облыстық №2 перинаталдық орталығы осы жылдың басынан бері үшінші үшемді үйіне шығарып салып жатыр.
Осы аптада Түркістан облысының Келес ауданында үшем келгенін хабарлаған болатынбыз.