Өткен жылдан бері өңірде жүзеге асып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Дархан Сатыбалды түркістандықтарға есеп берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды биылғы жылға жоспарланған халықпен кездесуін облыс орталығынан бастады. Ел алдында есеп беру жиынында аймақ басшысы алдымен өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, халықпен кездесулердің нәтижесімен бөлісті. Сондай-ақ өткен жылдан бері өңірде жүзеге асып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.
«Ең алдымен қоғамдағы жүйелі сұрақтарды бірлесіп талқылауға өз уақыттарыңызды бөліп, бүгінгі кездесуге келгендеріңізге алғыс айтамын. Біздің ең басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан өңіріне жасаған жұмыс сапарында Түркістан қаласына ерекше мәртебе беруді тапсырған еді. Бұл бағытта тиісті жұмыстар басталып кетті. Бүгінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы дайындалып жатыр. Осы заң қабылданған соң, қала әкімдігі мен мәслихатына қосымша құзыреттер берілетін болады. Бұл тұрғындардың күрделі мәселелерін тез арада шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы, сауда және қызмет көрсету сұрақтары қала деңгейінде дербес шешілетін болады», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Былтыр Түркістан қаласында екі есепті кездесу өткен болатын. Онда қаланың дамуы үшін маңызды мәселелер көтеріліп, басым бөлігі шешімін тапты. Әкім проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірді.
«Ақжайық» музыкалық мектебінде өтіп жатқан әкімнің халыққа есеп беру кездесуіне 500-ден астам түркістандық келді. Оның 100-ге жуығы – жастар. Сұрақ-жауап форматында өтіп жатқан кездесуде аймақ басшысы Түркістанның еліміздің рухани және тарихи орталығына айналу жолында жүзеге асатын маңызды шараларға тоқталып, дамудың түрлі салалары бойынша көрсеткіштерді мәлім етті.