Қазығұрт ауданын дамыту жұмыстары бәсеңдемейді – Дархан САТЫБАЛДЫ

0
2 285

Қазығұрт ауданында былтыр негізгі капиталға бағытталған инвестиция 23,1 млрд. теңгені құраған.


Қазығұрт ауданын дамыту жұмыстары бәсеңдемейді – Дархан САТЫБАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Қазығұрт ауданы тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданы тұрғындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Өтініштерін тыңдады. Тұрғындар тарапынан ауыз су, көшелерге жарықшамдар орнату, жерді әділ бөлу, мектепке қосымша ғимарат салу және өзге де мәселелер көтерілді. Өңір басшысы ауданды дамыту бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасатынын, бұл істе жергілікті әкімдік пен тұрғындар да белсенділік танытуы керек екенін жеткізді.


«Тұрғындар тарапынан көтерілген ауыл шаруашылығын дамыту, суармалы жерді тиімді пайдалану мәселесі өзекті. Біз жуырда Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледік. Осы жоспарға сай ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділікті 2 есеге арттыру көзделген. Жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп жатырмыз. Аудан әкімдері бюджет қаражатына ғана сенім артпай, инвестиция тарту жұмыстарын жандандырулары керек. Тұрғындар аулаларын таза ұстап, гүл егіп, аймақты көгалдандыруға, тазалығын сақтауға үлес қосқаны жөн. Қазығұрт ауданы тұрғындарымен былтырғы кездесу нәтижесінде көтерілген мәселелер шешімін тапты. Бірқатарына тоқталсам, Тұрбат ауыл округінен 200 орындық «Ақпарақ» мектебі пайдалануға берілді. Облыстық маңызы бар КХ-44 «Жігерген-Көкібел» автомобиль жолын орта жөндеуге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Тұрбат ауыл округі, Өндіріс елді мекеніндегі 8 көшені орта жөндеуге 430 млн. теңге қаралды. Биыл қазан айында пайдалануға тапсырылады. Ақбура бұлақ көзіне қосымша ауыз су қоймасының құрылысына қаржы қаралды. Қазығұрт ауданын дамыту жұмыстары бәсеңдемейді», – деді Дархан Сатыбалды.


Өңір басшысының жеке қабылдауында да тұрғындардың өтініштері тыңдалды. Облыстық басқармалар мен департамент, құқық қорғау мекемелерінің басшылары да тұрғындарды қабылдап, арыз-шағымдарымен танысты. Өтініштер хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.


Қазығұрт ауданында былтыр негізгі капиталға бағытталған инвестиция 23,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,7 млрд. теңгеге артты. Аудан әкіміне 2023 жылы бұл көрсеткішті арттыру міндеті жүктелді. Ауданда жұмыспен қамту картасы бекітіліп, былтыр 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылса, «Еңбек» бағыты бойынша 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.


2022 жылы Еңбек және Атбұлақ елді мекеніндегі бірнеше көше тұрғындарын газбен қамтамасыз етуге 86,8 млн. теңге қаралып, пайдалануға берілді. Биыл Шанақ және Ақжар елді мекенін газдандыруға қаржы бөлінді. 62 елді мекеннің 61-і электр жүйесімен қамтылған. 2022 жылы 12 елді мекенге қаржы бөлініп, сапалы электрмен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталды. 2023 жылы 10 елді мекенде электр қуаты жетіспейтін көшелерді қуаты жоғары электрмен қамтамасыз ету құрылысына 407,4 млн. теңге қаралған.


Аудан бойынша ауыз сумен қамтылған елді мекендер 59-ға жетіп, қамту көрсеткіші 95,1 пайызды құрады. Айнатас елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысына 276,0 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстары жүргізілуде. Қызылдихан елді мекеніндегі ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары да қолға алынған.


Бюджет есебінен бөлінген 1,2 млрд. теңгеге 102,9 шақырымды құрайтын 28 аудандық маңызы бар және ішкі жолдарға 2022-2023 жылдар аралығына жоспарланған орта жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұдан бөлек, 2023 жылы Қақпақ ауылы округі, Қақпақ елді мекеніндегі 9 көшені орта жөндеуге 434 млн. теңге қаралды. Биыл аяқталады деп межеленген.


Денсаулық сақтау, білім салаларын дамыту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының ғимаратына 590 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2022 жылы Жаңаталап елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталған, биыл пайдалануға беріледі. 2022 жылы 7 елді мекенде типтік мектеп ғимараттарының құрылысы басталған. 2023 жылы 4 мектеп пайдалануға беріледі. Қалған 3 мектеп (Атажұрт, Көкібел, Тұрбат) 2024 жылға өтпелі. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орындық 1 жаңа мектеп салынады.