Бұдан өзге, облыс басшысы мектеп кітапханасының қорына «Жаһан таныған жеті тұлға», «Түркітанудың тарихи-лингвистикалық негіздері» атты туындыларды тарту етті. Сондай-ақ, ұрпақ тәрбиесі үшін тер төгіп жүрген бірқатар ұстаздарды марапаттады.
ERNUR.KZ. Оңтүстік Қазақстан облысындағы 1038 білім ұйымында «Ел жүрегі – Астана» атты салтанатты соңғы қоңырау шарасы өтті. Аталған мектептерден бүгін 33766 оқушы түлеп ұшты. Болашаққа қадам басқан бітіруші түлектерді құттықтау үшін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Химия биология бағытындағы Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің соңғы қоңырау шарасына қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі .
Салтанатты жиында сөз алған өңір басшысы барша оңтүстікқазақстандық мектеп бітіруші түлектерді құттықтап, даңғыл жолға қадам басқан болашақ азаматтарға ақ жол тіледі.
«Сіздер Елбасы армандаған «Мәңгілік ел» - идеясының құрылысшылары екендеріңізді ешуақытта естен шығармаңыздар. Елбасы өзінің халыққа Жолдауында жастарды білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға жас кезінен бастап дағдылануын басты назарға алды. Мемлекет жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі Сіздер үшін жасалынуда», - деді Жансейіт Түймебаев.
Сонымен қатар, аймақ басшысы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы зияткер ұрпақты тәрбиелеуде тек мектеп қабырғасымен шектелмей, білім берудегі үздік тәжірибелері мен жобаларын қала, облыс, республика көлеміне таратуда кеңінен атсалысып жатқанына тоқталды.
Бұдан өзге, облыс басшысы мектеп кітапханасының қорына «Жаһан таныған жеті тұлға», «Түркітанудың тарихи-лингвистикалық негіздері» атты туындыларды тарту етті. Сондай-ақ, ұрпақ тәрбиесі үшін тер төгіп жүрген бірқатар ұстаздарды марапаттады.
Айта кетерлігі, биыл 12 жылдық білім жүйесімен оқыған оқушылардың алғашқы түлектері мектеп бітірді. Ағымдағы жылғы оқу жылында Химия –биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін 97 түлек аяқтады. Олардың 30-дан астамы шетелдік ЖОО-на құжат тапсырып, қазіргі таңда 17 түлек тегін оқу грантына ие болған. Бұл әлемдік рейтингтің үздік 100 университетіне кіретін Америка, Германия, Корея, Қытай, Ресей, Канада елдерінің жоғары оқу орындары.
Жалпы биылғы оқу жылында өңіріміздегі 1038 мектепте 634 мыңға жуық оқушы білім алды. Оның ішінде 33766 оқушы мектепті биыл бітіреді. Республикадағы бітіруші 147 мыңнан аса оқушының әрбір бесіншісі Оңтүстік өңірінің түлегі.