Сарыағашта үш ел басшылары кездесті

0
1 829

Басқосуда Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Өзбекстан Республикасының ТМД және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды.


Сарыағашта үш ел басшылары кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ ақпараттық порталы akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекеттер басшылары бейресми кездесу барысында елдер арасындағы, соның ішінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады делінген ақпаратта.
Сонымен қатар, басқосуда Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Өзбекстан Республикасының ТМД және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ, тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі аспектілер жөнінде пікір алмасты.
Кездесу Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында өтті.

Естеріңізге салар болсақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Азия-Еуропа» (АСЕМ) форумының XII саммитіне қатысу үшін Брюссельге барды. Сапар барысында Елбасы жоғары деңгейдегі бірқатар екі жақты келіссөздер өткізіп, Еуропаның іскер топтар өкілдерімен кездесіп қайтқан болатын.

Ал, Ресей президенті Владимир Путин Шавкат Мирзиеевтың шақыртуымен Өзбекстанға барды. Өзбекстан президенті баспасөз қызметінің мәліметінше, Владимир Путин ресми іссапармен Ташкент қаласына барған. Оны әуежайдан Шавкат Мирзиеев күтіп алған. Алдын ала болжам бойынша, бүгін қос тарап бірқатар кездесулер өткізіп, 20-дан астам құжатқа қол қояды. Олардың ішінде стратегиялық әріптестікті дамыту, өңір аралық байланысты жандандыру және бірлескен инвестициялық жобалар сияқты құжаттар бар.