Мобильді киіз үйде блицтен жартылай финал өтті.
«Шахмат керуені» еліміздің рухани астанасы Түркістанға келіп тоқтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Екі ай ішінде 18 аймақта турнир өткізіп, ала тақта үздіктерін анықтайтын «Шахмат керуені» еліміздің рухани астанасы Түркістанға келіп тоқтады. Керуенді Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында қарсы алған жергілікті халық ерекше образда сахналанған көріністі тамашалап, «Шахматшылар маршы» гимнін тыңдады.
«Еліміздің барлық зияткер спортшыларына арналған шахматшылар әнұраны керуен сахнасында бүгін алғаш рет орындалды. Одан бөлек, пандемия кезінде балалар үшін қазақша «Шахмат әліппесін» жазған едік. Міне, бүгінгі шарада қойылған көріністер мен өлеңдер сол кітаптан алынды», – дейді Түркістандағы балалар және жасөспірімдер спорт клубының шахмат нұсқаушысы Алима Пашанова.
Мерекелік шара кезінде Қазақстан шахмат федерациясының облыстық филиалы ашылып, оның төрағалығына Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов келді.
«Шахмат – біздің аймақтағы өте танымал спорт түрі. Себебі облысымызда 36 мыңға жуық адам шахмат ойнайды. Оның 25 мыңы – ауыл тұрғындары. Ал балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 44 жаттықтырушы 1028 баланы шахматпен шұғылдандырады», – деді филиал төрағасы.
Қонақтардың құттықтау сөзінен соң алаңда тігілген мобильді киіз үйде блицтен жартылай финал өтті. Швейцарлық жүйе бойынша 11 кезеңнен тұратын турнирдің шахмат тақтасында 20 түркістандық ой жарыстырды. Нәтижесінде, 52 жастағы Нартай Ердіханов жүлделі І орын биігінен көрінді. Ол 40 жылға жуық уақыт шахматпен айналысқан. ІІ орын жүлдегері атанған Әселай Сейдулла 10 сыныпта оқиды. Ал ІІІ орынды иеленген Сман Мүтәлиев 30 жыл үзілістен кейін шахмат тақтасын қайта қолға алыпты. Осы үш ойыншы да тура бір айдан соң осы қалада болатын гранд-финалда өнер көрсетеді.
Сонымен қатар, турнирдің 10 қатысушысы жасөспірімдер және жастар арасында 8 дүркін Қазақстан чемпионы, халықаралық деңгейдегі шахмат шебері Әсел Серікбаймен бір мезеттік ойын сеансына қатысу мәртебесіне ие болды.
Жартылай финал қорытындысы бойынша 13 жасар Әсия Асылхан «Әйелдер арасындағы үздік көрсеткіш», Еркебұлан Ерболатұлы «16 жасқа дейінгі үздік қатысушы» және Есбол Сәбденов «50 жастан асқан үздік ойыншы» аталымдары бойынша марапатталды. Әр аталым иесіне 30 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Айта кетсек, осыдан бірай бұрын Қазақстан шахмат федерациясыөңірлердегі интеллектуалды спорт түрін дамыту үшін «Шахмат керуені» жобасын қолға алған еді. Ұлттың зияткер ұрпағын қалыптастыруды мақсат еткен жобаға Freedom Broker компаниясы бас демеушілік жасап отыр.