Шекарашылар ансамблі Түркістанда концерт өткізді

0
790

Патриоттық әндер шырқалып, дәулескер күйшілеріміздің күйлері күмбірледі.


Шекарашылар ансамблі Түркістанда концерт өткізді

Шекарашылар ансамблі Түркістан төрінде патриоттық әндерді шырқады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Әскери-патриоттық қызмет басқармасының ансамблі келіп, коцерттік бағдарламасын ұсынды. «Farab» кітапханасының арнайы залында өткен концертте қазақтың дарынды композиторларының патриоттық әндері шырқалып, дәулескер күйшілеріміздің күйлері күмбірледі.


Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шарада «Тәуелсіздік толғауы» поэзиялық қойылымы көрермен назарына ұсынылса, фольклор тобы «Есіл», «Ыңғайтөк», «Ақ сауыт» күйлерін шертіп, көпшілікті серпілтті. Сонымен бірге шекарашылар ансамблінің күміс көмей әншілері «Мәңгілік ел», «Үш бақытым», «Отан», «Батырлар ұраны», «Туған жерім», «Қазақтың жігіттері», «Күзетте» және өзге де патриоттық әндерді жұртшылыққа тарту етті.


Кеш барысында шетелдің танымал әскери әндері де әуелеп, ансамблдің балет тобы концертті жігерлі бимен өрнектеді. Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын дәріптеп, тек жанды дауыста ән шырқаған өнерпаздарға түркістандық көрермен ризашылықтарын білдірді.


Сондай-ақ, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев республикаға танымал әрі аса талантты өнерпаздардан жасақталған ансамбль ұжымына алғысын білдіріп, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу жолында сіңірген еңбектері мол екенін жеткізді.


Осылайша, шекарашылардың Тәуелсіздікті ұлықталған өнер кеші өте жоғары деңгейде өтіп, жаңарған Түркістанның мәдени-рухани әлеміне оң серпін берді.