Жаңа технологиялармен жабықталған IT-сыныптарда балалар бағдарламалар, веб-сайттар, анимация және мобильдік қосымшалар жасауды үйренеді.
Созақ ауданына қарасты Шолаққорған ауылында алғашқы ІТ- сынып ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
IT- сынып Ә.Молдағұлова атындағы жалпы орта мектеп базасында «Нұр Отан» партиясының «Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптар» жобасы аясында іске қосылды. Шараға «Нұр Отан» партиясы белсенділері, аудан әкімдігінің білім, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, зиялы қауым өкілдері, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы, аудан мектептерінің информатика пәні мұғалімдері, Шолаққорған ауылының тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты.
Ашылу рәсімінде сөз алған «Нұр Отан» партиясы Созақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ролан Әлжанов «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясы тарапынан балаларға арналған тегін IT-сыныптар ашу және IT-мамандар даярлау ісі қолға алынғанын атап өтті.
- Бұл жоба аясында еліміз бойынша 1000 ІТ-сынып ашылып, онда жылына 8-16 жас аралығындағы 150 мың бала бағдарламалау және робот техникасының негіздері жайында Еуропалық білім беру стандарты негізінде тереңдетілген білім алуы жоспарланған. Жоба аясында жалпы 450 мың баланы оқыту көзделіп отыр, - деді ол.
Білім бөлімінің басшысы Нұралы Айдаровтың айтуынша алдағы уақытта мұндай сыныптар тек аудан орталығында ғана емес, басқа да елді мекендерінде ашылатын болады.
- Жаңа технологиялармен жабықталған IT-сыныптарда балаларымыз бағдарламалар, веб-сайттар, анимация және мобильдік қосымшалар жасауды үйренеді. Осы партиялық жобаның арқасында оқушыларымыз цифрлы технологияны жетік меңгеріп, сандық технологиялар және инновация саласында жақсы жетістітер көрсетеді, деп сенемін, - деген ауданның бас мұғалімі оқушыларға сәттілік тіледі.
Шара барысында мектеп директоры Төлепберген Бекқұлиев пен мектептің IT-сыныптарды жаңаша оқыту бойынша арнайы біліктілік арттыру курсын тәмамдаған мұғалімі сыныптағы құрылғылармен, балалардың олармен жұмыс істеу тәртібімен таныстырып өтті.
IT-сынып заманға сай керекті құралдармен жабдықталған. Ендігі уақытта бұл сыныпта робот техникасы мен бағдарламалау бойынша 15 оқушы жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болды.