"Тарихы терең Түркістан": Жылаған ата сарқырамасында қандай құдірет бар? (видео)

0
5 658

"Тарихы терең Түркістан" ақпараттық турына қатысушылар 7 күн бойы киелі 40 нысанды аралайтын болады.


Түркістан облысында "Тарихы терең Түркістан" атты ақпараттық турына қатысушылар "Жылаған ата" сарқырамасына барып қайтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

"Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының және "Open Kazakhstan" мекемесінің ұйымдастырумен "Жылаған ата" сарқырамасы бір топ саяхатшылар ат басын бұрды.

Түркістан облысы, Кентау қаласы, Қарнақ елді мекеніндегі Қаратау тауы аңызға толы мекен. Сол аңыздардың бірі - Жылаған ата сарқырамасы жайында айтылады.

Қасиетті мекендегі шырақшының көмекшісінің айтып берген аңызы бойынша, қазақ жеріне ислам дінінің келген кезде, шамамен VI-VII ғасырдың тұсында Гүрзіхан және оның жары Шаш-Ана деген кісілер өмір сүріпті. Олар өте бай-қуатты болған екен. Жастары келген ерлі-зайыптылар перзент сүймеген соң Алла Тағаладан тілеуін тілеп, құрбандық шалып, дұға етуден жалықпапты. Жылдар салып Алла Тағала олардың дұға тілегін қабыл етіп, ана құрсағына бала бітіреді.

"Месте туылған баланы жармаңдар, уақыты келгенде өзі шығады" деп Гүрізханның түсінде баланың ерекше болып туылатындығы жайында аян беріледі. Шаш-Ана уақыты келіп перзент сүйеді. Бірақ ол бала мес сияқты қабаттың ішінде дүниеге келеді. Осыған шүкіршілік еткен отбасы баланы месте алып жылдар бойы көтеріп жүріпті.

Күндердің күнінде көтеріп жүруден шаршаған ана қолындағы месті жерге қатты қойғанда мес жарылып кетеді де, ішінен бала шығып, тау беткейіне қарай жүгіріп кетеді. Артынан ата-анасы қуып келе жатқанын білген бала олардың шөлдеп келе жатқандығын біліп, аса таяғымен жерді ұрғанда тау төбесінен құдық пайда болады.

Тас бетіне бала аса таяқпен ұрған, соның салдарынан тас бетінде осындай іздері қалған деседі.

Аса таяқпен ұрған жерде құдық пайда болып, оның бүгінде суы қасиетті деп есептеледі.



Бұл із - сондағы жүгірген бала табанының ізі деп саналады екен.



Салмағы 100 келіден асатын мына тасты аңыздағы бала асықша иірген деген де аңыз бар.

Аңыздың жалғасында тау арасына жатып алған бала ата-анасын күтіпті. Бүгінде сол жер «Ана жатыры» деп аталып кеткен.

Ата-анасы келгенде бала үңгірге қаша жөнеледі. Үңгірге кірген бала ол жерден шықпай қояды. Ата-анасы жалынса да шықпай қойған бала «елдеріңе оралыңдар, арттарыңа қарамаңдар» дей беріпті. Алланың жазғаны ғой деп кетіп бара жатқан Шаш-Ана баласының жүзін соңғы рет көріп қаламын дегенде бала ғайып болып кеткен екен.

"Жылаған ата" сарқырамасы. Келушілердің Құран бағыштау сәті.

"Жылаған ата" сарқырамасына қарсы бетте "Ана жасы" орналасқан, тау қатпары үнемі намданып, су тамшылап тұрады.

Айта кетейік, "Тарихы терең Түркістан" атты ақпараттық алғашқы турында Шәммет ишан мешіті, Үкаша ата құдығы, Жылаған ата сарқырамасы, Сауран қалашығы, Әзірет Сұлтан кешені, Күлтөбе қалашығы, Әлқожа кесенесі, Гауһар ана кесенесі, Арыстан баб кесенесі, Отырар қалашығы, Қажымұқан мазары, Аққойлы мешіті, Ордабасы монументі нысандарына саяхат жасалынды. Аталмыш "Тарихы терең Түркістан" ақпараттық тур келесі апаталарда да өз жалғасын табатын болады.