50-ге жуық бағана сырланып, 200-ге жуық ағаш түптері әктелді.
«АМАNAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының белсенділері экологиялық акция өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қоршаған ортаны таза ұстап, қорғау – барша адамзаттың азаматтық парызы. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын әр бейсенбі сайын ұйымдастырып келеді.
Бүгін «АМАNAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының партия белсенділері, Манкент ауылдық округі әкімінің орынбасары Сиддиков Шавкат және әкімдік қызметкерлерінің қатысуымен «Таза бейсенбі» республикалық экологиялық акциясы өткізілді.
Тазалау жұмыстарына бірқатар күл-қоқыс тазалайтын жүк көліктер жұмылдырылып, Манкент ауылдық округіндегі Орталық саябақ пен қоғамдық орындары ретке келтірілді.
Атап айтқанда, 50-ге жуық бағана сырланып, 200-ге жуық ағаш түптері әктелді. Тазалық науқанына қатысқан 50-ден аса қызметкер тұрғындардың тынығуына қолайлы жағдай қалыптастыруға атсалысты. Сондай-ақ 1,5 тонна қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстар аумақтарды, өзен-көлдердің жағалауын, аудан көшелерін көгалдандыруға өзіндік үлесін қосатыны анық.