Инвестор жатақхананы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салуды ұсынып отыр.
Түркістанда студенттерге арналған 1000 орынға лайықталған жатақхана салу жобасы талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бірқатар нысандар бойынша мердігерлер мен инвесторларды қабылдады. Кездесуде «BI Group» холдингінің Оңтүстік өңірі бойынша дивизионының кураторы Айдын Маиусов, «BI Group» холдингінің, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бөлімінің басшысы Нариман Касабулатовтың, жоба менеджері Игілік Махмутовтың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
«BI Group» холдингінің өкілдері облыс әкіміне колледждің студенттеріне арналған 1000 орындық жатақхананың жобасын таныстырды.
Инвестор жатақхананы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салуды ұсынып отыр. Жатақханада асхана, жаттығу залы, демалыс бөлмесі және жатын бөлмелері болады. Замануаи құрал-жабдықтармен қамтылады. Студенттердің жан-жақты дамуына толық жағдай жасалады. Аталған жоба да толық зерделеніп, алдағы уақытта тиісті шешім қабылданады.
Кездесуде ескек есу каналы құрылысының қорытынды кезеңдерін жүзеге асыру жолдары, Түркістандағы «Түркістан Арена» стадионының жасыл алаңына жаңа талаптарға сай жылыту жүйесін жүргізу мәселесі сараланды.