26 942 өтініші оңтайлы шешілсе, қалған талап-тілек жұмыс барысында қаралуда.
Түркістан облысының 109 бірыңғай байланыс орталығына 2023 жылдың қаңтар айынан бері 27 530 қоңырау келіп түскен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының 109 бірыңғай байланыс орталығына 2023 жылдың қаңтар айынан бері 27 530 қоңырау келіп түскен. Оның 26 942 өтініші оңтайлы шешілсе, қалған талап-тілек жұмыс барысында қаралуда.
Тұрғындардың басым бөлігі жергілікті инфрақұрылым мен әлеуметтік қызметтерге байланысты сұрақтарға байланысты қоңырау шалады. Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол жөндеу, жарықтың сөнуі, ауыз су және табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша өтінімдер тіркелген.
Байланыс орталыққа келіп түсетін қоңыраулар 5 дәреже негізінде назарға алынады. Атап айтқанда, кеңес алу, оқиға негізіндегі арыз-өтініш, шағым, алғыс және ұсыныс түрлеріне қарай жіктеледі.
Аудан және қалалар бөлінісі бойынша Түркістан және Кентау қалалары, Сайрам, Төлеби, Созақ, Сауран және Бәйдібек аудандары тұрғындарынан ең көп қоңырау келген.
Байланыс орталық өтінішті жан-жақты қабылдайды. Атап айтқанда, 109 колл-орталығы, «Aikey» мобильді қосымшасы, turkestanobl.109@gmail.com электронды поштасы, WhatsApp желісі, телеграмда арнайы чат боты, сондай-ақ Facebook және Instagram әлеуметтік желілері арқылы келіп түскен өтінімдер қаралып, жауаптары арыз иесіне жолданып отырады.
Еске салсақ, 109 облыстық бірыңғай байланыс орталығы ашылғаннан сәттен бастап осы күнге дейін жалпы 296 мыңнан астам қоңырау тіркелген. Өтінімге мерзімінде жауап беру көрсеткіші 96,3 пайызды құрайды.