ТҮРКІСТАН: 26 мыңнан астам отбасыға АӘК берілді

0
587

17 аудан, қалада жанұяларды қолдау орталықтарын ашу көзделген.


ТҮРКІСТАН: 26 мыңнан астам отбасыға АӘК берілді

Биыл Түркістан облысында 26 528 отбасыға АӘК тағайындалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл Түркістан облысында 26 528 отбасыға 10 128,4 млн. теңге көлемінде АӘК тағайындалып, аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халқының 7,2 пайызына тең келіпті. Бір қуанарлығы – өткен жылғыға қарағанда АӘК алушылар саны 22 пайызға азайыпты. Ал келер жылы кедейлікті төмендету, аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау мақсатында 38 610 отбасыға 15 млрд. теңге көлемінде көмек тағайындалады деп жоспарланса, қырық мыңнан астам азамат жұмыспен қамту шараларына тартылмақ. Сонымен қатар 2023-2025 жылдары өңірдегі 17 аудан, қалада жанұяларды қолдау орталықтарын ашу көзделген.


Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысы Асия Темірбаева мәлімдеді.


Баспасөз жиынында мүгедектігі бар азаматтарды қолдау саласы да сөз болды. Басқарма басшысының айтуынша, биыл бюджет көздерінен 11,1 млрд. теңге бөлінсе, 50 мыңнан астам техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылып, қажеттіліктің 85,2 пайызы орындалыпты. Жалпы, қазіргі уақытта өңірде 97 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркеуге алынса, олардың 82 174-і ересектер және 14 901-і балалар екен. Айта кетсек 2021 жылдан бастап мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту құралдары мен қызметтер «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда бұл порталға 170 өнім беруші мен қызмет көрсетушілер тіркелген. Олардың арасында оңалту құралдарын әзірлейтіндер, емдеу-сауықтыру қызметін көрсететіндер, ымдау тілі мамандары мен жеке көмекшілер бар. Сәйкесінше 2024 жылы аталған салаға 12,1 млрд. теңге бөлініп, 48 мыңға жуық адамға қызмет көрсетіледі деп жоспарланып отыр. Ал басқарма қарауындағы жалғызілікті қарттар, мүгедектігі бар балалар мен ересектерге 12 коммуналдық мемлекеттік мекеме қызмет көрсетіп жатыр. Олардың төртеуі тәулік бойы, алтауы аптасына бес күн күндізгі уақытта қызмет етсе, біреуі емдеу-сауықтыру, тағы біреуі кәсіптік білім беру ісімен айналысады.


«2018 жылы облыстың орталығы Түркістан қаласына ауысуына байланысты бірқатар әлеуметтік нысанадар Шымкент қаласының теңгеріміне берілді. Осы және облыстағы мүгедектігі бар адамдардың саны ескеріле келе, 2019 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға, балаларға арналған 7 нысан құрылысының жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалған. 2021 жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шықты. Соның бірі 200 орынға лайықталған, мүгедектігі бар ересек адамдарға арналған оңалту орталығы болатын. Аталған нысанның құрылысы 2021 жылдың күзінде басталып, қазір ішкі әрлеу жұмыстары мен құрал жабдықтарды сатып алу жүргізілуде. Жоспарға сәйкес құрылыс 2023 жылдың желтоқсан айында аяқталады», - дейді Әсия Құралқызы.


Жалпы қазір өңірімізде 186 мыңнан астам зейнеткер бар екен. Жыл сайын жекелеген санаттағы 7 800 азаматқа басқармаға қарасты екі мекеме арқылы сауықтыру қызметтері көрсетіліп келеді. Мәселен, Шымкент қаласында орналасқан «Ардагерлер үйі» әр лекте 200-ден санағанда жылына 4 000 зейнеткерді қабылдайды. Дегенмен 1989 жылы салынған ғимарат жөндеуді қажет ететіндіктен және Шымкент қаласында орналасқандықтан, нысанды Сайрам ауданының аумағында орналасқан қолайлы әрі заманауи ғимаратқа көшіру жоспарланып отыр екен.