Ащысай ауылына баратын жолдар уақытша жабулы.
Қар құрсауында қалған Ащысай ауылының 40 отбасына көмек көрсетілді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кенді таудың арасында орналасқан Ащысай ауылына баратын жолдар уақытша жабулы. Бүгін Кентау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері және №12 ӨСБ жеке құрамымен бірлесіп, қолайсыз ауа-райы кезінде жол талғамайтын «Камаз» жүк көлігімен Ащысай ауылындағы таулы аумақтың тұрғындарына көмек қолын созды. Қар құрсауында қалған Ащысай ауылындағы 40 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті.
22-24 қаңтар аралығында ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты таулы аудандардағы Кентау-Ащысай автокөлік жолдары жабылды. Табиғаттың тосын мінез танытуынан тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Автокөлік иелерінің назарына, ұзақ жолға шықпауларын қатаң ескерту» тақырыпта - «Facebook» «Instagram» «Twitter» «WhatsApp» интернет желілеріне бейнетүсірілім арқылы дауылды ескерту жөнінде хабарландырулар жарияланды.
Хабарландыруларға қарамастан алыс жолға шыққан тұрғындар қар құрсауында қалып, құтқарушылардың көмегіне жүгінген. Кентау қаласындағы №12 ӨСБ байланыс бекетіне жолда қалып қойған автокөлік иелерінен көмек сұраған қоңыраулар көбейген. Жедел құтқару жұмыстарына Кентау қаласының төтенше жағдайлар бөлім қызметкерлері және №12 ӨСБ жеке құрамымен қатысты.