ТҮРКІСТАН: 70-ке жуық нысанның жарнама тақтайшасы талапқа сай болмаған

0
1 031

Жазалау шараларын қолдану туралы ұсыныстар енгiзіледі.


ТҮРКІСТАН: 70-ке жуық нысанның жарнама тақтайшасы талапқа сай болмаған

Түркістанда арнайы құрылған үгіт-насихат тобы қаладағы маңдайша жарнамаларын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда арнайы құрылған үгіт-насихат тобы қаладағы маңдайша жарнамаларының Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңының аясына сәйкестігін жүйелі тексеруде. Қалалық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» мекемесінің мамандарынан құрылған жұмысшы топ кезекті аралауда 70-ке жуық дүкен мен тамақтану орнына бақылау жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша кәсіп иелеріне «Тіл Туралы» Заңның талаптарын түсіндірді.


Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» №151 Заңының (бұдан әрі – Заң) 2 бабына сәйкес, жарнамалар мен маңдайша хабарландыруының барлық мәтіні мемлекеттік тілде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасып, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Қажеттігіне қарай көрнекі ақпараттың мәтіндері қосымша басқа тілге аударылуы мүмкін. Бұл жағдайда әріп өлшемі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауға тиіс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және басқа тілде де беріледі.


Айта кетейік, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» № 235-V Кодексінің 75 бабының 3 тармағына сәйкес, деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды бұзу – ескерту жасауға, осы баптың үшінші бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. 729 бабының 2 тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға қала әкімі мен оның орынбасарлары құқылы.


Осы ретте, аталған талаптар сақталмаған, кемшіліктер жойылмаған жағдайда тиiстi органдарға Қазақстан Республикасының «Тiл туралы» Заңының бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдарға тәртiптiк жазалау шараларын қолдану туралы ұсыныстар енгiзіледі.