10 айда әлеуметтік қорғау саласы бойынша жалпы 265 844 қызмет көрсетілген.
Түркістан облысында 730 мыңға жуық адам әлеуметтік төлем алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бегман Нұрмаханов айтты.
Оның сөзінше, 2023 жылы 10 айында әлеуметтік қорғау саласы бойынша жалпы 265 844 қызмет көрсетілген.
«Департамент қызметінің бірінші бағыты – зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау. Жалпы облыс бойынша 725 957 әлеуметтік төлем алушы бар. Оның ішінде, 187 172 адам - жасына байланысты зейнетақы алушы, 175 687 адам - базалық зейнетақы алушы, 363 098 адам - жәрдемақы алушылар. Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бағыты бойынша жыл басынан бері 240 870 мемлекеттік қызмет көрсетілді. «Е-макет» жүйесі арқылы барлық тағайындалған әлеуметтік төлемдер саны - 232 669. Оның 100 037-і жаңадан тағайындалғандар, ал 132 632-і қайта қаралып бекітілгендер. Ал мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгілендер саны - 24 974. Сондай-ақ, 19 777 адам қайта куәландырылды. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау үшін 174 нысанға тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, кемшіліктерді жою туралы жалпы 126 ұйғарым беріліп, 92 нысанға әкімшілік айыппұл салынды», - деді Бегман Жамалбекұлы.
Сонымен қатар, брифингте департамент басшысының орынбасары Жанат Жамахова зейнет жасы мен бала тууына байланысты берілетін жәрдемақыларға тоқталды.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әйел азаматшалар 61 жасында зейнетке шығады. Бала тууына байланысты жәрдемақы 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Сонымен қатар, бұған дейін 6,7 не одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алып келсе, енді «Алтын алқа», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері және «Батыр Ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар үшін жәрдемақы мөлшері 25 530 теңгені құрайды. Бұл жәрдемақы 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап төленуде», - деді Жанат Балабекқызы.