ТҮРКІСТАН: «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы тұрғындармен кездесті

0
664

Қоғамдағы түйткілдерді шешуде бірлесе жұмыс істеу керектігін жеткізді.


ТҮРКІСТАН: «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы тұрғындармен кездесті

Түркістан облысында «Жаңа Қазақстанды» қалыптастырудағы басымдықтар талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов Түркістан облысында тұрғындарымен, ауылдық округ әкімдерімен, партия активімен, мәдениет қайраткерлерімен және жастармен бірқатар кездесулер өткізіп, Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру және «Жаңа Қазақстанды» құру міндеттеріне сәйкес партияны жаңғырту мәселелерін талқылады. Түркістан облысының партия активінде саяси ұйымның модернизациялау барысы сөз болды. Жиынға қатысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қоғам тарапынан партияға артылған жауапкершілік жүгінің ауырлай түскенін мәлімдеді. Қоғамдағы түйткілдерді шешуде бірлесе жұмыс істеу керектігін жеткізді.


Бүгінгі таңда өңірде барлық деңгейдегі мәслихаттарда 320 депутат болса, олардың 82%-ы – «AMANAT» партиясының мүшелері. Жыл басынан бері Түркістан облысы бойынша партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 4,3 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Тұрғындар көбінесе әлеуметтік көмек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмысқа орналасу және денсаулық сақтау мәселелерін қозғаған. Наурыз айынан бастап мобильді қоғамдық қабылдаулар ең шалғай ауылдарға баруда. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев осы бағытта атқарылған жұмыстарды баяндады.


Облыстық мәслихат депутаты Нұралы Әбішев облыста өңірлік сайлауалды бағдарламаға енбеген түйінді мәселелер бар екенін алға тартып, оларды шешу үшін партия мүшелері жергілікті атқарушы органдармен, азаматтық сектормен, халықпен бірлесіп, одан әрі жоспар әзірлеуі тиіс екенін айтты.


«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Сауран ауданында болды. Онда бірқатар ауылдық округтердің жаңадан сайланған әкімдерімен және тұрғындармен кездесу өткізді. Одан кейін Асхат Оралов өңірдің мәдениет қайраткерлерімен кездесіп, рухани құндылықтарды сақтау, мәдениет пен өнерді дамыту мәселелерін саралады. Зиялы қауымның ұсыныстары тыңдалып, бастамалар көтерілді. Ал жастармен ашық аспан астындағы кездесуде олардың өзекті мәселелері тыңдалды.